Қоғам

Қос аудан қалалықтарды қарқ қылып қайтты

Облыс Әкімінің бастамасымен қолға алынған қала тұрғындарын арзан да сапалы өніммен қамтамасыз етуді мұрат тұтқан ауылшаруашылық жәрмеңкелері қайта бас-талды. Бұл жолғы жәрмеңкеге артынып, тартынып Глубокое мен Жарма аудандары бар жақсы өнімдерін әкелді.

Қос аудан қалалықтарды қарқ қылып қайттыЖалпы, жәрмеңке бозала таңнан басталатын базар. Таңертеңгі сағат 6-7-лердің өзінен Өскемендегі Металлургтер мәдениет үйінің маңындағы алаңшаға халық ағыла бастаған болатын. Ауылдан келетін дәмнің бәрі бар мұнда. Қой еті, жылқының қазы-қартасынан бастап, құрт-ірімшігіңнің өзін баптап әкелген ауылдағы ағайын қала халқына жомарттық танытып жатқандай. Қап-қап көкөніс, дорба-дорба ет арқалап қайтып жатқан халықтың көңілдері көтеріңкі. Бірақ бес саусақ бірдей емес қой, кейбіреулер сауда бағасына көңілі толып, қайтып бара жатса, енді біреулер «арзан ештеңе жоқ» деп күңкілдеп барады ішінен. Тегін дүние қайдан болсын?! Жалғыз ірі қарасын өсіріп жеткізу үшін қанша күш-қайрат пен қаржы жұмсайтынын ауылдықтар жақсы біледі. Маңдай тер, табан ақысын салып өсірген адал малын кім арзанға бергісі келер дейсің? Қазақ мұндайда: «берерменге бесеу көп, аларманға алтау аз» дейді.

Глубокое ауданынан келген «Загородская» шаруа қожалығы сиыр етінің сүйексіз жамбасын 1200, қабырғаны 950 теңгеден саудалады. Шошқа етінің келісі – 850 теңге. Тізіле орналасқан сауда қатарындағы ет бағасының барлығы осы шамалас. Бобровка ауылынан келген Мақсұтхан Құсан мен Әнипә Нұрғазы сүт өнімдерін әкеліпті.

– Қолдан шайқалған дәмді сары майымызды пышақ үстінен бөліп әкетті, келісін 1200 теңгеден бердік. Қайнатылған құрт, қызыл ірімшік алыңыздар, – дейді саудасы жүріп тұрған шаруалар. Қайнатылған құрттың литрі – 400 теңге. Әнипаның айтуынша, бұл құрт дегеннің емдемейтін ауруы жоқ көрінеді. Бұрын аталарымыз осы құртты малталап, алыс жолға шыққанда алып жүреді екен.

– Мына аязда сүр еттің сорпасына құрт қосып ішсеңіз, мұртыңызды балта шаппайды, Наурыз мерекесі де жақындап қалды, – дейді апайымыз.

Жарма ауданы кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы Жақан Кәрімовтің айтуынша, Жармадан жәрмеңкеге 3 тоннадан артық ет келіпті, оның ішінде 24 қой, 8 ірі қара, 4 шошқа, 2 жылқы және күркетауықтың еті бар.

– Таңғы 6-дан басталған саудамыздың бірталайын сағат 10-ға дейін еңсеріп тастадық. Бәрі жақсы. Тек бізге деп бекітілген орындарға жергілікті алыпсатарлар кіріп алып, шықпай тұр. «Орынды беріңдер» десек, тіпті, бет бақ-тырмайды, әйел адамдармен салғыласатын емес, бағаны құбылтып тұрғандар солар. Қала басшылығы осы жағын қатаң бақылауға алса, – дейді жармалық Жақан Қапарұлы.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button