Орталық төрт бағытта жұмыс істейді
Өскемендегі облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында волонтерлар қозғалысының орталығы ашылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат қатысты.
– Мемлекеттік саясаттың негізі – әртүрлі ұлт өкілдерінің арасындағы береке-бірлікті сақтау. Жалпы, аймақта 12 қалалық және аудандық Достық үйі жұмыс істейді. Оның құрамында 117 этномәдени бірлестік бар. Осы орайда еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға ақсақалдар кеңесінің қосқан үлесі зор екенін атап өткен орынды. Қазыналы қарттарымыздың айтқан ақылдары әрдайым терең мағыналы. Сондай-ақ 17 медиация бөлмесі жұмыс істейді. Өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осымен екінші жыл қатарынан «Шығыс Қазақстанның мәдени мұрасы» атты жоба жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба аясында көптеген қажетті материалдар топтастырылып, әртүрлі жинақтар мен әдістемелік құралдар жарық көрді. Шығармашылық ұжымдардың ұлттық киімдері жаңартылды. Сонымен қатар биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы мен волонтер жылы болғандықтан талай игі іс-шара ұйымдастырылады, – деді Әлішер Мархабат.
Салтанатты іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Жанна Асқарова сөз алып, еліміздегі волонтерлік ісі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Қоғам игілігі үшін ерікті түрде жұмыс істеп, өзге адамға қол ұшын беру ел тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыратыны айдан анық. Сондықтан біздің міндет – волонтерлік қозғалысты қайта жандандырып, жастарды әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге тарту. Сондай-ақ әрбір қазақстандықты ұлтаралық келісім мен бірлікті сақтап қалуға шақыру, – деді Жанна Асқарова.
Облыс орталығында ашылған волонтерлар орталығы төрт бағытта жұмыс істейді. Атап айтсақ, оған әлеуметтік, білім беру, спорттық және медиативтік бағыттары кіреді. Осы мақсатта тиісті шаруалар атқарылмақ. Сондай-ақ төрт бағыт бойынша жылдық жоспар құрылған. Оның ішінде «Ауылда жаз» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Аталмыш бағдарлама аясында спортшы волонтерлар шалғайдағы елді мекендер мен балалар үйлеріне барып, шеберлік сағаттарын өткізбек. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаковтың айтуынша, алдағы уақытта жауапты сала мамандары Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік филиалымен бірлесіп, елді мекендерді аралап, дарынды балаларды іріктеп алуды жоспарлап отыр. Бұл аймақтағы спорттық резервті дайындау бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ.
Басқосу соңында оған қатысушылар ерікті түрде елге қызмет ету ортақ міндет деген шешімге келді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еріктілік – бұл жай ғана-ақ тегін жұмыс істеу емес, бұл үлкен жауапкершілік» деген болатын. Сондықтан шамамыз жеткенше, бір-бірімізге мейірімді болайық. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіп, жалғызбасты қариялар мен зейнеткерлердің үй шаруасына қолғабыс етіп, оларға жан жылуын сыйлай білейік дегім келеді. Қорыта айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі Волонтерлар жылы бастамасын бірінші болып қолдады. Мәселен, біз бір күнде 600-ден астам ерікті жинадық. Меніңше, тағдыр тауқыметін көрген талай ұлыстың басын қосқан қазақ халқының салт-дәстүрлері волонтерлікпен үндесіп жатқан сияқты, – деді «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жетекшісі Равиль Юнусов.
Ажар Сағатбекова