Қоғам

Қорғаушысы аз балықтың қорын қалай молайтамыз?

Қорғаушысы аз балықтың қорын қалай молайтамыз?

Облысымыз балық аулаудың кәсіпшілік қорлары мен көлемі жөнінен еліміздегі алғашқы үштікке кіреді. Балық шаруашылығы айдындарының көлемі айтарлықтай үлкен. Соған орай атқарылар жұмыс та ауқымды.
Заңсыз аулаушылар тиылмай тұр
«Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» мекемесіне Павлодар облысы, Семей, Бұқтырма, Көкпекті, Күршім, Зайсан балық инспекциясы бөлімдері кіреді. Тұлпардың тұяғы тозатын, қыранның қанаты талатын осы ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан су көздері байлығын сұғанақтардан қорғап қана қоймай, балық қорын молайту осы бөлімшелердегі 47 инспектордың қажыр-қайрат, білім-біліктілігінің арқасында атқарылады. Олар өткен жылы 1500-ге тарта рейд өткізіп, соның барысында 1257-дей балық қорғау заңнамасының бұзылғандығы туралы әкімшілік материал ресімдеді, оның 327-сі сот органдарына жолданды. Мұндай рейдтердің көпшілігі прокуратура және ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірлесіп өткізіледі. Жыл ішінде құқық бұзушылардан 109 жүзбе көлік құралы, 3440 келі заңсыз ауланған балық және басқа да су жәндіктері және ұзындығы 160 шақырымнан асатын 1640 тыйым салынған тор тәркіленді. Сұғанақтарға сегіз миллионнан астам теңгенің айыппұлы салынған.
Балыққа деген ашкөздік, сұғанақтық әрекеттер, әсіресе, көктем уағында көбейіп кетеді екен. Жылдың осы бір кезеңі балық бақылаушылары үшін аса жауапты да қарбалас, тіпті, қатерлі маусым. Өңірімізде кәсіпшілікке рұқсат етілген балықтың он бір түрінің барлығы осы кезде уылдырық шашады. Сондықтан 2012 жылдан бастап балық аулауға тыйым салу мерзімі бұрынғы 30 күннен 45 күнге дейін ұзартылды. Мұндай шектеу сәуірдің 16-сында Зайсан көлінен басталып, маусымның 16-сында Бұқтырма су қоймасында аяқталады. Биыл инспекцияның лауазымды тұлғалары көктемгі шектеу кезінде 228 заңбұзушылық фактіні анықтап, сот органдарына 86 іс жолдады. Көптеген қайық, тор, жүзбелі көлік құралдары тәркіленіп алынды, браконьерлерге 1 миллион 173 мың 624 теңге айыппұл салынды. Ондай кезде қалалардағы ветеринарлық қызметтер де атқа қонып, базарларда рейдтер жүргізеді. Саудаға қойылған балық, уылдырық, торларды тәркілейді. Өткен жылдың қазан айында инспекция қызметкерлері облыстық прокуратураның лауазымды тұлғаларымен бірлескен тексеру жүргізіп, нәтижесінде облыстың Күршім ауданындағы Шеңгелді ауылында 9,672 тонна балықтың заңсыз ауланғандығын анықтады. Салынған тыйымға қарамастан заң бұзған жергілікті тұрғын Е.Биязбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал қараша айында инспекция қызметкерлері Тарбағатай аудандық прокуратурасы және ішкі істер органдарымен бірлескен кезекті рейд кезінде Тұғыл кентінің тұрғыны Мәдиевтен әрқайсысының ұзындығы 100 метрлік моноталшықтан тоқылған 460 қытай ауын тәркіледі.
– Бұл көрсеткіштердің астарында мемлекет қоржынына түсетін миллиондаған теңгенің қаражаты бар. Мәселен, жоғарыда аталған күршімдік азаматтың заңсыз әрекетінің салдарынан мемлекет 5 022 669 теңге зиян шексе, бір ғана Е.Бауыржанов деген азаматтан тәркіленген 6500 келі көксерке балығының жалпы құны 3 375 450 теңгені құрайды. Жыл ішінде еліміздің балық шаруашылығына келетін жалпы көлемі 10 673 173 теңгенің залалының жолы кесілді, – дейді аталмыш мекеме басшысының орынбасары Санақбек Кітапбаев.
Инспекция ұжымы жұмысының негізгі бағытының бірі – балық қорын молайту және балық аулауды реттеу болып табылады. 2013 жылға балық және басқа да су жануарларын аулау лимиті Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 15 ақпандағы №135 қаулысымен біздің облыстағы бассейндерге 10621 тонна бөлініп, бекітілген. 2013 жылдың 19 желтоқсандағы деректерге сүйенсек, 5041 тонна балық және басқа да су жануарлары ауланған, бұл бөлінген лимиттің 47,5 пайызын құрайды. Балық аулау мерзімі 2013 жылдың 15 ақпанынан 2014 жылдың ақпан айына дейін есептеледі.

Зайсан көліне бір миллионнан астам шабақ жіберілді
Облысымыздың су айдындарын пайдаланушылар арасында жүргізілетін жұмыстардың бір бағыты – балық қорын молайту. Зайсан көлінің, Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларының және Ертіс өзенінің су айдынын пайдаланушылар жалпы сомасы 5,8 миллион теңге болатын қаржы жұмсап, өсірген тұқы балығының 182,7 мың дана бір жылдық шабағын, ақ амур балығының екі миллион дана шабағын су айдындарына жіберді. Сондай-ақ, Павлодар облысындағы табиғатты пайдаланушылар да жалпы көлемі 612 мың теңге мөлшерінде қаражат бөліп, су айдындарын 16,9 мың дана тұқы балығы шабақтарымен толықтырды.
Көктемде бірқатар өзендер арнасынан асып, жақын маңдағы ойпат жерлер суға толады. Ал су деңгейі төмендеген кезде шабақтардың сол ойпаттарда қайраңдап қалып қоятын кездері жиі кездеседі. Осындай кезде инспекторлар құтқару жұмыстарын қолға алады. Аса жауапты бұл шараны инспекция қызметкерлерінің қатысуымен табиғат пайдаланушылар өз қаражатына жүргізеді. Биыл жалпы аумағы 21,8 гектар көлшіктен тар көзді аумен 1,158 миллион шабақ сүзіліп алынып, Зайсан көліне жіберілді.
Бұл салада түйткілді мәселелер де жетерлік. Атап айтқанда, инспекторлар санының жетіспеушілігі, жанар-жағармайдың тапшылығы бақылаудың өз деңгейінде жүзеге асуына кедергісін келтіруде. Осындай үлкен аумаққа нормативтік есеп бойынша 120 инспектор қажет.
Тағы бір өзекті мәселе – Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» заңында республика аумағында және одан тыс жерлерде балық және балық өнімдерін (бөлшектерін) тасымалдау кезінде оның ауланған жері (айдыны) туралы анықтаманың міндетті түрде болуы қажеттілігі қарастырылмаған, бұл көл байлығын заңсыз тасымалдаудың, ұрлық-қарлықтың жолын кесуге көп септігін тигізер еді.
Тағы бір үлкен мәселе – Зайсан-Ертіс су қоймасындағы көксерке балығының өнеркәсіптік қорын толықтыру мақсатында оның шабақтарын өсіру және сол арқылы басқа да су қоймаларындағы көксерке балығы қорын молайту үшін «Бұқтырма уылдырық өсіру шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бекіре-нельма тоғандарын пайдалана отырып, осы серіктестік базасында көксерке балығының шабақтарын өсіру өндірісін құру. Себебі, қазіргі уақытқа дейін республикада көксерке балығының шабақтарын өсіру әдістемесі мен технологиясы жасалмаған. Балық қорын молайтумен шұғылданатын бірде-бір кәсіпорын бұл істі қолға алған жоқ. Сондықтан мұндай өндіріс ашылар болса, республика көлеміндегі бір айрықша маңызы бар орталықтың жұмысы жанданар еді. Әрине, ол үшін айтарлықтай бюджет қаржысы қажет.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button