Қоғам

Оралхан Бөкейге күйеужолдас болыпты

      Шыңғыстайлық Нұрлан Әкімбаев Ұлы Отан соғысының екінші жылында колхозда бригадир болып істейтін Сейтеннің отбасының  тұңғышы болып дүниеге келді. Содан жастайынан  көргені ауыр еңбек, қиын тұрмыс болды.

Жаңылмаса төртінші, бесінші сыныптан бастап колхоздың жиын-терін жұмыстарына көмектесіп шөмеле тартты, шөп машинасының атына мінді, одан соң отаудың астында тұрып шөп үйді. Сегізінші сыныптан кейін мүлдемге мектепті тастап, «Молотов» колхозына жұмысқа барды,  ауыл ұстасы  Нұқсара Пішеновтің балғасын соқты. Тек етінің тірілігінің арқасында ер жеткенде өз қолымен өмірін өзгертті. Ауылдастарына басшылық жасап  билікке араласты, трактор-дала бригадасын, совхоздың бөлімшелерін басқарды. Сексеннің сеңгіріне келген мына жасында кейінгі тағдырына бір риза болатыны – жастайынан қосылған жары Бақсара Қалиханқызы екеуі бақытты жұбайылық өмір кешіп, бір жастықта қартайып келеді. Бақсара Базарбаева да өзі сияқты үлкен отбасынан шыққан, үй тұрмысына мықты, еңбектің де ебін кетіре білетін жан болды. Ауылдық медпунктте  фельдшер-акушер болып істеген жылдарында екі жүз елу ананы дала жағдайында босандырып, сәбилі етті. Нұрлан Сейтенұлының артында ізін жалғар ұрпағы – ұл-қыздары, немерелері бар. Замандастары мен ауылдастары арасында сыйы да жоқ емес.  Үйлеріне барса құрақ ұшып, төрін ұсынып, көшеде кездессе «ассалаумағалайкүм» деп ауыз толтырып сәлем беріп, қос қолдарымен қолын алып жатады.

Жақсыдан – шарапат. Оралхан Бөкеймен бала кезден болған достығы    Нұрекеңді ауданнан сырт жерге де әйгілі етті.  Оралханның тіл шеберлігіне, суреткерлік қабілетіне табынатындар Аманжан Нұқсара екеуін жазушының көзіндей көріп, алыстан іздеп келетін, қадірлейтін болды. Жекеменшік телерадио корпорациясы бар  О.Бөкейдің фанаты Дулат Әбіш  бір жылдары Н.Әкімбаевты Шымкентке арнайы шақыртып, теледидардан  О.Бөкей туралы сұхбатын беріп, жергілікті мектеп оқушыларымен кездесулер  өткізіп, «Сарыағаш» курортында тегін демалдырып қайтарған.

– Оралхан екеуіміз бала кезімізде көрші тұрдық, – дейді Н.Әкімбаев. – Бірінші сыныпқа да бірге бардық. Ол көп қыздың ішіндегі жалғыз ұл болғандықтан ешкім бетінен қақпай, еркін өсті. Әкесі Бөкей марқұм жуас, ұстамды адам еді де,  анасы Күлия  сөзге шешен болатын. Оралханға көп қасиет сол анасынан дарыған. Сегізінші сыныпты бітіргенше Оралхан екеуіміздің сырымыз да, жырымыз да бір болды. Мен сегізден соң оқуды тастап еңбекке араластым. Сонда да екеуіміздің достығымыз үзілген жоқ. Ол бірінші әйелі Айманға үйленгенде мен күйеужолдас болдым, тойын да басқардым.

Н.Әкімбаевтың  ауыл шаруашылығы өндірісін басқару ісіне араласуына басты себепкер бөлімше басқарушысы Сейтқазы Тұрбаев болды. Ол Н.Әкімбаевты «Алтай» совхозының бас мал дәрігері Тайыр Қыдыровтың жүргізушісі болып жүрген жерінен Шыңғыстайға ауыстыртып, алғашында механик,  одан соң трактор – дала бригадасының бригадирі етеді. Сол жұмысты атқара жүріп тәжірибе жинап  уақыты келгенде бөлімшені басқарады.

Шыңғыстай тек «Алтай» совхозындағы ғана емес Катонқарағай ауданындағы ең үлкен әрі шаруашылықты жүргізу ісі қиын бөлімшелердің бірі болатын. Жүз елуге жуық адамды еңбекпен қамтып отырған бөлімшенің иелігінде 33 қора қой, 250 бас жылқы, 3,500 гектар егістік және шабындық жер болды.   Сол кездегі  адамдардың еңбекқорлығының, өз міндеттеріне деген зор жауапкершіліктерінің, басшыға бағына білетіндіктерінің арқасында Шыңғыстай негізгі көрсеткіштер бойынша алдыңғы орында тұрды. Құмархан Баекин, Солтанғазы Байжұмин, Ақаш Әутәліпов сынды аға шопандар қозы алып, жүн қырқудан  ауданда көш бастады.

Тоқсаныншы жылдардың басында мемлекеттік меншік жойылып, қоғамдық формация түбірімен өзгерген шақта  ауыл халқының басына өте ауыр күндер туды. Күн көріс көзі болып отырған кеңестік шаруашылық жоқ. Екі қолға бір жұмыс таба алмаған жұрт бораннан ыққан қойдай күн кешті. Сол кезде Н.Әкімбаев Алтай (бұрынғы Зырян) ауданынан кәсіпкер Қасен Маусымбаевты  тауып, Шыңғыстайға инвестиция  құйғызды. «Қызыл тау» атты шаруа қожалығы құрылып, 250 бас қазақтың құйрықты тұқымды қойы әкеліп бағылды, 250 гектар жер жыртылып егін салынды. Диірмен орнатылып өз өнімдерінен ұн тартылды. Пима басатын цех ашылып, екі-үш адам жұмыспен қамтылды. Өкінішке қарай, жергілікті тұрғындар тарапынан қолдау таппаған бұл жақсы бастама  ұзаққа бармады. Н. Әкімбаев зейнетке шыққан соң Қасен Маусымбаев қалған малы мен дүние мүліктерін жинап алды.

Енді бүгін Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы Н.Әкімбаев    елінің тілеуін тілеп, ауылдастарының жақсылығына сүйініп, жамандығына күйініп отыратын ауылдың ақсақалы, бір әулеттің басы.

Жәнібек  Сарғалдақ, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button