ТағзымТОП

Оралхан Көшеровке көше қашан бұйырады?

Шығыстың Шәмшісі атанған Оралхан Көшеровтің өмірден мезгілсіз өткеніне биыл күзде жиырма екі жыл толмақ.

Оралхан Көшеровтің бірнеше әндері жинақталған үнтаспасы жарыққа шығып, әнсүйер қауымға жол тартқан еді. 2005 жылы «Есіңе мені алғайсың» атты жинағы да басылып шықты. Сазгердің есімі ел есінен сөнбеуі үшін «Оралхан көктемі» атты ән-фестивалі ұйымдастырылып тұрады. Десе де Күршім ауданының бірқатар құрметті азаматтары сазгердің атына Күршімнен, Өскеменнен  көше берілуге тиіс деген ұсыныс білдіріп отыр, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Редакциямызға жолданған хатты оқырман назарына ұсынамыз:

«Бүгінде әндерін халық қосыла шырқап, сүйіне тыңдайтын белгілі сазгер Оралхан Көшеровтің атақ-даңқы күллі қазаққа әйгілі. Ешқандай арнайы білімі болмаса да өзінің туа біткен дарқан дарынының арқасында барлық музыкалық аспапты жетік меңгеріп, адамның жан-жүрегін жаулайтын әрлі де әсем әндерді тудырған өнерпаздың өмірден мезгілсіз өтіп кеткеніне биыл күзде жиырма екі жыл толмақ.

Небары қырық екі жыл өмір сүріп, бұл жалғаннан аққан жұлдыздай болып өте шыққан талантты композитордың артында жүрегін жарып шығып, жұрттың жүрегінен мәңгілік орын алған 52 әні қалды. Оны жанкүйерлері «Шығыстың Шәмшісі» деп бекер атаған жоқ, қазақтың маңдайына біткен асқан дарынды ағасы екеуінің сүрген өмірлерінде де, шығармашылықтарында да ұқсас сәттердің көп болғаны бүгінде көпке жақсы мәлім. Оралхан қазіргі кезде құжынап кеткен, экранды бермейтін сазгерсымақтар сияқты жылт етіп жанып, лып етіп сөніп қалатын жан емес-тін, арамыздан алыстаған сайын оның әндері жаңарып, жаңғырып, жаңа бір қырынан көрініп, жарқырай түсуде. Уақыт өткен сайын бүкіл өнерсүйер қауым бірауыздан мойындаған тума дарынның орны ойсырап, қадірі артып келе жатыр.

Ал осындай саф алтынға барабар өнерпазға қандай құрмет көрсетіп, нендей қошемет жасап отырмыз? Ойлап қарасақ, соңғы уақыттарда «лайық па, жоқ па?» деместен кім көрінгенге «жомарттықпен» үлестіре салған  көшелерімізде Оралханның есімі ұшыраспайды екен. Мұның өзін үлкен олқылық, жүз жылда бір туатын шалқар дарын иесін елеусіз қалдырған самарқаулық пен немқұрайдылық деп білгеніміз жөн. «Өткенге – салауат», жіберген олқылығымыздың орнын келешекте толтыра алсақ, соның өзі айта қаларлықтай жетістік болмақ. Ендеше, қысқа ғұмырында туған жерін, көркем өлкесін жалықпай жырлап, әнге қосып өткен Оралхан Көшеровтің атына Күршімнен, Өскеменнен бір-бір көше берілуге тиіс және есімін үлкен де, кіші де құрметпен атайтын азаматқа «тигені – осы» дей салмай, кімге болсын ұялмай көрсететіндей көрнекті көше бергеніміз абзал. Біз бұл өзекті мәселені ортаға сала отырып құзырлы мекемелерге, оларды басқарып отырған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға осылай деп құлаққағыс жасағымыз келеді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ғой бабаларымыз, демек, алдымен аруақты риза етіп, сонымен бірге өзіміздің барымызды жарқырата  көрсетіп, орнымен мақтан етейік!»

Сайлаухан Аухадиев, еңбек ардагері, Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай аудандарының Құрметті азаматы,

Болат Әлімғожин, еңбек ардагері, Күршім ауданының Құрметті азаматы,

Есманбек Ақтекенов, Күршім аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Күршім ауданының Құрметті азаматы,

Кәдірбек Айдарханов, еңбек ардагері, Күршім ауданының Құрметті азаматы

 

 

Осы айдарда

Back to top button