Экономика

Орақ маусымы қара бидай орудан басталады

  Көктемнің ерте шығып, жаз айларының жауынсыз өтуі биыл көпшіліктің көп жоспарына кедергі болды. Дегенмен, еңсесін түсірмеген өңірдегі шаруалар биыл да дәнді дақыл алқаптарын жайқалтып қойды. «Дақыл түсімі өткен жылдардағыдай болмаса да, орташа көрсеткішке қол жеткіземіз», – дейді олар. Осы ретте біз аталмыш салаға жауапты басқармаға хабарласып, биылғы орақ маусымы жайында бірқатар көрсеткіштерді анықтадық.

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, жаздың бел ортасынан ауа басталатын еңбек науқаны қаһарлы қысқа тыңғылықты дайындық жұмыстарын тағы бір пысықтайтыны белгілі. Міне, нақ осы мезгілде атқарылған әрекет шаруаның Алтайдың алты айға созылатын қытымыр қысынан қиналмай шығуына берілетін жалғыз мүмкіндік. Осы ретте біз аталмыш салаға жауапты ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласып, өңіріміздің қысқы мал қыстату маусымына дайындығы туралы ақпарат алдық.

Облыстық басқарманың берген ақпаратына сүйенсек, биыл аймақтағы 603,4 мың гектар егіс алқабына дәнді-бұршақты дақылдар, ал 281,6 мың гектар алқапқа мал азықтық дақылдар егілген екен. Дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алқаптары өткен жылмен салыстырғанда 53,62 мың гектарға, яғни 9,5 пайызға өскен. Ал жемшөп дақылдары алқаптары керісінше 9,9 мың гектарға, яғни 3,5 пайызға қысқарған.

– Қазіргі уақытта аймақта дәнді-бұршақты дақылдар арасында  күздік және жаздық бидай, қара бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, бұршақ, соя, ноқат, жүгері, масақ қоспасы, тары, тритикале және құмай қоспасы өсіріледі, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Диляра Жылқайдарова. – Ал жемшөп дақылдарының ішінде сүрлемдік жүгері, тамырлы жемшөптік, дәнді-бұршақты жемшөптік дақылдар бар.

Оның айтуынша, облысымыз негізінен бидай және күнбағыс дақылдарын өсіруге көбірек машықтанған көрінеді. Атап айтсақ, биыл егіс алқаптарының 420,8 мың гектарына бидай, ал 420,5 мың гектарына күнбағыс дақылы егілген екен. Облысымыз негізінен майлы дақылдарды экспорттауға машықталған. Мысалы, өңірден күнбағыс, зығыр және рапс сияқты майлы дақыл түрлері алыс-жақын шетелдерге экспортталады. Атап айтсақ, күнбағыс Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және Қытайға, зығыр Ресейге, Өзбекстанға, Австрияға, Бельгияға, Моңғолияға, Польшаға, ал рапс  Ресейге, Австрияға, Иранға, Моңғолияға және Данияға экспортталады.

– Облыс аумағында орақ маусымы биыл 24 шілдеде қара бидай орудан басталды, – дейді Диляра Жылқайдарова. – Биыл дақылдардың әр түрі үшін өңдеуден кейінгі салмақта бидайдың өнімділігі гектарына 12, арпанікі – 10,4, дәндік жүгерінікі – 16,5, сұлынікі – 10,9, тарынікі – 8,4, қарақұмықтікі – 8,6, қара бидайдікі – 10,9, масақ қоспасынікі – 8,1, күнбағыстікі – 10, соянікі – 9, рапстікі – 10,6 центнерден болады деп болжап отырмыз.

Егіс алқаптарынан жиналатын өнімді уақтылы кептіріп, қоймалауға өңірдің мүмкіндігі жетерлік. Бұл бағытта жиналған өнімді өңдеу үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде 300 механикаландырылған ток, сондай-ақ 90 кептіргіш бар. Сонымен қатар астық егуге машықтанған аудандардың аумағында астық кептіру қондырғылары бар  сегіз лицензияланған элеватор бар. Алтай, Шемонайха, Глубокое аудандары мен Семей, Өскемен қалаларының аудандарында орналасқан бұл элеваторлар, астық қабылдау пункттері мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің меншікті қоймалары бір уақытта 1 миллион тоннаға жуық астықты сақтауға мүмкіндік беретін көрінеді.

– Еліміздің «Астық сақтау қағидаларына» сәйкес, жаңа егіннің астығын қабылдауды ұйымдастыру үшін астық қабылдау кәсіпорны мен астық иесі арасында жасалған астық сақтау шарттарына сәйкес, астықты орналастырудың жоспары жасалады, – дейді Диляра Жылқайдарова. – Қазақстан Республикасының «Астық туралы» Заңына сәйкес, астықты сақтау экологиялық, құрылыс, өрт, санитарлық-эпидемиологиялық, сондай-ақ астық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін фитосанитариялық талаптарға сай келетін астық қоймаларында жүзеге асырылады. Астықты сақтау бағасы элеваторлар мен қоймалардың қаржы-экономикалық саясатына сәйкес қалыптастырылады.

Құрғақшылықтың салдары

Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, биыл облыста егін жинау науқанын сәтті өткізу үшін өңірдегі шаруашылықтарға 30 мың тонна дизель отыны қажет көрінеді. Энергетика министрлігі егін жинауға 26 мың тонна бөлсе, оның үш мың тоннасы шілде айында жеткізілген. Шілдеде жанар-жағармайдың әр литрі 149 теңгеден босатылған. Ал тамыз-қазан айлары аралығында Павлодар мұнай-химия зауытынан 23 мың тонна дизель отыны жеткізілмек.

– Аудандар дизель отынын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жеткізу жөніндегі операторларды анықтаған соң, олар жөнелтуді жүзеге асыра бастады, – дейді Диляра Жылқайдарова. –  Шілде айында шаруашылықтар 2,8 мың тонна дизель отынын алды. Ал шаруалар дизель отынының жетіспейтін көлемін еркін нарықта операторлар сататын отын құнынан 4-5 пайызға жоғары бағада сатып алады. Демек, бұл жер емген жұрт үшін үлкен жеңілдік деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда облыста дәнді дақыл орумен қатар мал азығын дайындау жұмыстары да жүргізілуде. Атап айтсақ, қазіргі уақытта 1693,2 мың тонна шөп дайындалған. Бұл –  осы бағыттағы жұмыстың 70 пайызы атқарылды деген сөз. Сондай-ақ пішендеме 119 мың тонна немесе 79 пайыз, сабан 42,5 мың тонна немесе 28 пайыз, сүрлем 12,6 мың тонна немесе 5 пайыз, құнарлы жем 25,4 мың тонна немесе 12 пайызды құрады. Сүрлем мен концентрацияланған жемшөптің төмен дәрежеде қамтамасыз етілуі олардың енді ғана дайындала бастауымен байланысты.

– Биыл орын алған құрғақшылық жемді, әсіресе шөп пен сабан жинау көлеміне әсер етіп, олардың өнімділігін төмендетті. Пішендеме бойынша аз ғана төмендеу бар, ал сүрлем бойынша өткен жылға сәйкес өнім алу болжануда, – дейді Диляра Жылқайдарова.

Сақтандыру шарты шаруа үшін маңызды

Жаздың құрғақ болып, күз маусымына қарай жауын-шашынның көбеюі дәнді дақылдарды уақтылы орып алуға кері әсерін тигізуі мүмкін екені бесенеден белгілі. Осы ретте шаруаның еккен егінін қалай сақтандыруға болады? Бұл сұраққа жауап берген басқарма өкілі шаруашылықтардың егін жинамауының негізгі себебі жауын-шашынның көп мөлшерде түсуі екенін айтады. Топырақтың артық ылғалдылығын сақтандыру – бұл орташа қауіпті сақтандыру. Яғни, сақтандырылған тәуекел сумен байланысты болжанбайтын және реттелмейтін табиғи-климаттық жағдайларда жүзеге асырылады. Фермер үшін сақтандырудың бұл түрі шығындардан жақсы қорғануды қамтамасыз етеді. Ал ең жоғары сақтандыру төлемі – сақтандыру құнының 20 пайызын құрайтын көрінеді.

– Егістерді жаңбырдан сақтандыру шарттарын жасауды Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жүзеге асырады. Ағымдағы жылы топырақтағы ылғалдың артық болуынан сақтандыру шарттары Qoldau.kz сайтындағы Agroinsurance ақпараттық жүйесінде 2020 жылдың 1 тамызына дейін жасалды. Бұл ретте, сақтандыру мерзімі биылғы жылдың 15 тамызынан 15 қазаны аралығына дейінгі уақытты қамтиды, – дейді Диляра Жылқайдарова.

Оның айтуынша, үстіміздегі жылы облыс бойынша жалпы алаңы 8 мың гектарды, сомасы 7,8 млн. теңгені құрайтын алты өтінімге топырақтағы артық ылғал индексін сақтандыруға байланысты төлем төленген екен. Ал егістіктерді құрғақшылықтан сақтандыру бағдарламасы бойынша облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 27 млн. теңгеден астам сақтандыру төлемдерін алған. Бұдан басқа, коронавирус пандемиясының салдарын азайту үшін өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын және инвестициялық жобаларды субсидиялауға республикалық бюджеттен қосымша 4,2 млрд. теңге бөлінген.

***

Осылайша, өңірдегі шаруалар биыл бірнеше өтпелі кезеңді бастан кешірді. Коронавирус пандемиясының бірінші толқынының егін егу науқанына дөп келуі, карантиндік шектеулердің бастапқыда дүрбелең туғызып, кейін барлығын бір қалыпқа келтіргені белгілі. Жаздың қуаңшылыққа ұласып, күз маусымына қарай түсетін ылғалдың мөлшері көбейді. Орақ маусымына бұл да әсерін тигізбей қойған жоқ. Жауып өткен жауыннан соң шаруалар масақтағы ылғалдың кетуін бірнеше апта күтуге мәжбүр. Неге дейсіз бе? Ылғалы көп дән біріншіден, шіріп кетсе, екіншіден, шаруаның элеваторға төлейтін шығынын бірнеше есеге арттырып жібереді. Дегенмен, орақ маусымы биыл ойдағыдай басталды. Дәнді дақыл алқаптары өз кезегімен орылуда. Егіс алқаптарын сақтандыру ісі де ілгерілеген. Ендігі мақсат – жер бетін ақ көрпе жапқанша ашық жатқан сүрлемді жауып, дақылды қамбаға жеткізіп алу.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button