Қор болған қайран Сібе

Қазір карантиндегі жұрт шектеуге қарамастан көл жағалап жүр. Жабылады деп жабылмай қалған Алакөл демалыс базасы келушілерді қабылдап, жұмысын жалғастырып жатыр. Облыстағы Бұқтырма жағасы, Сібе, Шыбындыкөл, Дұбығалы сияқты  көл жағалары мен ондағы демалыс орындарының есігі де демалушылар үшін айқара ашық. Жаздың аптабында үйде қамалып, әбден шаршаған елдің суға сабылғанын  түсінуге болады. Бірақ денсаулық бәрінен де қымбат.

АУЗЫ-МҰРНЫНАН ШЫҚҚАН ӘЖЕТХАНА

Басқаны білмеймін, Өскеменнен 80 шақырымдай жердегі  Сібе көлдеріне барып жатқан демалушылар дәл сол денсаулықты екінші кезекке қалдырып, жаппай індет жүріп жатқан уақытта ығы-жығы болып иін тіресіп  жағалауда жүр. Екі метр алысыңыз не? Арақашықтық сақтау деген атымен жоқ мұнда. Жағалаудан ине шаншар орын таппадық.

Қор болған қайран Сібе

Қатты ыстығын ала келген өткен демалыс күні Сібе жағалауында демалып, таза ауада серуендеп  қайтайық деп барғанымызбен,  қарақұрым халықты көріп, кейін шегіндік. Жағалай демалып жатқан бала-шаға. Қамыс-қоғаның жан-жағында, көк шөпте от жағып, қазан асып, кәуап пісіріп, темір шәйнекке шай қайнатып ішіп отырған елдің өзі үлкен бір ауыл. Жыпырлаған әлгі топтардың арасына отырып, көгалда аяқ жазбақ түгілі,  әрі-бері  жүріп өтудің өзі мүмкін емес. Суға шомылып, күнге күйіп қана қоймай, арақ, шараппен ағзасына «дезинфекция» жасап жатқандар да көп. Вирус деген бәленің осындай үйме-жүйме жерден жұғатынын бәрі біледі, білсе де қаннен-қаперсіз осылай жүр.

Содан жағалаудан алыстап, адам аяғының саябырлауын күттік. Алайда  түс ауа келушілер одан сайын көбейіп, үмітіміз үзілді. Сорақысы әлі алда екен.  Сібенің жағалауы, көл маңындағы көкорай шалғын, тал, бұтаның іші қоқыстан аяқ алып жүргісіз болып жатқанын көріп,  көңіліміз одан сайын құлазыды.  Жағалаудың бергі жағынан  қолқаны қапқан сасық иіс келіп тұр, иә, самал жел емес, сасық иіс. Жол бойы, айнала шашылған пластик құтылар, шыны бөтелкелер, жалп-жалп еткен целлофан қалталар.

Әрірек жүрдік. Әжетхана қағаздары, памперс, жарылған қарбыз, сыра қалбырлары дейсіз бе,  атшаптырым айналаның бәрі шашылып жатқан неше түрлі қоқыстар. Сібенің маңы құдды бір қоқыс көрмесі дерсің. Тау етегіндегі шоқ қарағанның түбі толы қобырап жатқан әжетхана қағаздары. Бұл иә, Сібеге келген «жабайы» демалушылардың үлкен дәретке баратын арнайы орны сияқты. Ол жерден біріміз мұрнымызды басып, біріміз демімізді ішімізге тартып, демалмай әрең өттік. Қайран Сібе қор болған!

Далада бір күнге келгендерге арналған әжетхана жоқ болса, анау жердегі муниципалды жағажайдың әжетханасына неге бармайды? Осыдан бірер жыл бұрын мадақталып ашылған муниципалды  жағажай да демалушылардан көрінбей кетіпті. Бардық. Жағажай дәретханаларының есіктері ашық болғанымен, істемейді екен, су жоқ. Қол жуатын кранды да аштық, бір тамшы су жоқ. Басқа барар жері жоқ ел амалсыздан аузы-мұрнынан шығып,  іші толып, мүңкіп жатқан сол әжетханаларға кіріп, шығып жатыр. Үсті-үстіне үйіліп жатқан нәжіс, үстіге шашырап жатқан сар сідік. Дәретхананың карантин кезіндегі жағдайы осы болса, басқа уақыттардағы күйі қанай екен?! Лас жер — түрлі жұқпалы аурудың ошағы. Бұл  дәретханадан вирусты да, басқа ауруды да жұқтыруға әбден болады. Ұлан ауданының әкімдігі көл маңының адам көргісіз дәрежеге жеткенін көрмей отыр ма?!

«ЖАМАНДЫҚТЫ ҒАНА КӨРЕСІЗДЕР»

Сол жолы  қоқыс даласына айналып бара жатқан Сібе көлі (Шалқар көлінен) жағалауынан  ұнжырғамыз түсіп қайттық. Табиғаттың тамаша тартуы, қайран көл, Сібе жағалауы қашанғы осылай жата бермек? Осы сауалдың жетегінде араға бір апта салып, 4 тамыз күні  Сібеге тағы бардық.

Қор болған қайран Сібе

Барсақ, әжетхана тағы да істемей тұр! Күн жексенбі емес, сейсенбі болса да жағалауда  қарақұрым халық азаймапты.

-Әжетхана неге істемей тұр?

-Бүгін жарық жоқ!

-Өткен аптада да істемей тұрды, мен өз көзіммен көрдім!

-Істеп  тұрды. Осы сіздер тек жамандықты ғана көресіздер…

-Жоқ, істеген жоқ!

Жағажайдың кіреберісіндегі күзетші бекетінде отырған, өзін Сүлеймен Тастамбеков деп таныстырған күзетші осылай міз бақпастан  әжетхананың бүгін ғана істемей тұрғанын айтты. Біраздан соң  «муниципалдық жағажайдың әкімшісі — Мадина Болатовнамын» деп келген жағажай әкімшісі де бұл жағажайға күніне мыңға тарта демалушы келетінін, әжетхананың күн сайын істеп тұрғанын айтты, сөзімізді жоққа шығаруға тырысып бағып. Әкімші сонда кімді алдамақ? Жоқ, әлде бұл жердегі  күндегі жағдайдан, тазалықтан хабарсыз ба?

-Муниципалды жағажай әжетханасының істеп тұрған күнін көрген жоқпын. Өзім осы жерге үш-төрт рет келдім жаз шыққалы. Әжетханасын қайтеміз, көлдің суы керек бізге, демалуға тамаша жер ғой. Алакөл сияқты алыста емес. Защитада тұрамын. Бүкіл Өскемен осында келеді,-дейді Марат есімді азамат Сібеге жетер жер жоқтығын айтып.

— Сонда әжетханаға қайда барасыздар?

-Жер жетеді ғой, әйтпесе анау демалыс үйлерінің әжетханасына сұранып кіреміз…

Осы жерде өзінің жеке демалыс үйі бар екенін, жазды осында өткізетінін айтқан Катя Кулькина биыл көл маңында тазалық жұмыстарының нашарлап кеткенін, бір-екі пакет тұрмыстық қалдық үшін ғана қалдық жинаушы тұлғаның 1000 теңге алатынын жеткізді. Көлдің тау жақ бұрышындағы жағдай бұл жақтағыдан бетер дейді. Ол   көл төңірегіне, маңына қоқыс салатын шелектер қойылса, қалдықтар әлдеқайда аз шашылар еді деген ойда. Қайдам,  лақтырып тастауға, түкіре салуға үйренгендер ол шелектерді де керек етпейтін шығар.

«Вирустың емі екен» деген дақпыртпен саудаға түскен Көбейтұз көлінің тұзы хиқаясынан кейін өткен жолы  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  «Көшеде, демалу орындарында азаматтардың жалпы мәдениеті жетіспейді. Азаматтардың демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұр. Бұл жағымсыз әрекеттер өскелең ұрпаққа жүргізілетін экологиялық ағарту жұмыстарының түйткілдерін ашып берді. Білім, Экология, Ақпарат министрліктері бұл мәселені жұмыстарының басым бағыты ретінде қарастыруы керек», — деп  министрліктерге тапсырма берді. Жалған айтып жан бағуды, көзбояушылықты, табиғатқа тағылық көзқараспен қарап, ластап кете беруді тыймасақ, соңы өкінішке ұрындыратынын ел ұғар емес. Дәл менің көзімше жағалаудың жасыл жиегінде демалып отырған  жігіт қоқыс салған целлофанды қаннен-қаперсіз, қымсынбастан қамыстың ішіне тастай берді.

КӨЛГЕ МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕП КІРЕДІ

Бағана Катя айтқан  көлдің тау жақ бұрышындағы жағалауға келетіндер ол жерге ақы төлеп қана кіре алады екен. Мынау кесе-көлденең қойылған шлагбаум сынды сымнан әрі өту үшін демалушылар 1000 теңге төлеу керек. Не үшін ел 1000 теңге төлейді? Мүмкін бұл жағалауда келушілерге жасалып отырған бір жақсылық, жағдай бар шығар. Ешқандай! Елден ақша жинап, есік ашып тұрған жігіттің айтқаны: көл маңындағы әжептәуір жер қатар тұрған үш-төрт демалыс үйінің иесіне тиесілі. Тау етегіндегі  көл жағасына жетем дегендер осылай ақша төлейді. Осы шетте демалып жатқандардың айтуынша, бұл жағалауға шамамен күніне 25-30 көлікке дейін ақша төлеп кіреді.

Қор болған қайран Сібе

-Не үшін төлейді ол ақшаны? «Ақша алып отырсын, ақша төлеп кірсін» деген арнайы құжаттарыңыз бар ма? Қаншалықты заңды бұл әрекеттеріңіз?

-Оны мен білмеймін, оның не қажеті бар? Сіздер демалуға келсеңіздер тегін кіре беріңіздер, жол ашық! Демалыс үйі де бар әне,-деді көлге өтуге ақы алып тұрған жігіт.

Демалыс үйі демекші, Сібе көлінің жағалауында демалыс үйлерінің көптеп салынып жатқаны байқалады. Басталып, аяқсыз қалған құрылыстар да көп. Сатуға қойылған үйлер де жетеді. Бірнеше үйдің қабырғасынан «Сатылады» дегенді оқыдық. Ортаңғы жақтағы үш бөлмелі, верандасы бар көк шатырлы  үйдің бағасы 7 миллион теңге тұратынын естідік.  Жарық тартылған, септигі, бойлері, сегіз сотық жері бар. Еңселі келген енді үйдің құны 12 миллион теңге, түсіреді.

Мұнда «Жалға беріледі» деген жазу  әрбір үйдің алдында дерлік жазулы тұр. Сібедегі, осы Шалқар көліндегі демалыс үйлерін жалға алудың орташа бағасы ішіндегі жағдайына қарай  күніне 8-15 -20 мың теңге көлемінде. Қаз-қатар тұрған киіз үйлердің орташа бағасы күніне 15-25 мың теңге көлемінде, самауыр, өзге де керек-жарақтары бар ішінде.

Киіз үйде, қонақ үйде, қай жерде болса да табиғатта тыныққанға не жетсін, бірақ оны осындай  адам көргісіз дәрежеге жеткізіп кетіп жатқандар әкімшілікті қойып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Жанаргүл Мұқатай