Тәуелсіздік - 30

Оқушы грант ұтып алды

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы университетте тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған дәстүрлі облыстық «Абай оқулары» байқауы өтті.

Биыл оқу орны бұл байқауды алтыншы рет ұйымдастырып отыр. Байқауға Абай, Бесқарағай, Зайсан, Аягөз, Жарма, Күршім, Көкпекті, Тарбағатай, Ұлан, Катонқарағай аудандары мен Өскемен, Семей, Курчатов қалаларының мектептерінен 55 шәкірт қатысып, бақ сынады.

– Тұғыры биік Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай өткізіліп отырған облыс оқушылары арасындағы «Абай оқулары» байқауының маңызы зор. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Абай оқулары»  байқауы тұла бойына дарын біткен оқушының талабын ашып, білім жолына бағыт береді. Абай шығармашылығын санасына құйып, терең меңгеруді талап етеді. Дәстүрлі өткізілетін байқаудың басты ерекшелігі – сайыста озып шыққан талапкерге оқу орын ректорының білім гранты тағайындалады, – деді байқаудың ашылу салтанатында сөйлеген ректор Мұхтар Төлеген.

Сайыс «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (ақын өлеңдерін жатқа оқу),«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» (ақын қарасөздері мәтіні бойынша сұрақтарға жауап беру), «Мен бір жұмбақ адаммын…» («Абайтану» курсы   бойынша жедел сұрақтарға жауап беру) сынды үш кезеңнен тұрды. Онлайн тәртіпте ұйымдастырылды. Байқауға белгілі абайтанушы ғалым, оқу орны жанындағы «Абайтану» ғылыми-зерттеу иниститутының директоры Айжан Қартаева бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Білім додасында бас жүлдені Тарбағатай ауданы Үштөбе ауылының 11-сынып оқушысы Бекарыс Секенов жеңіп алып, грантқа ие болды. Өзге жүлдегерлер де марапатталып, оларға оқу орынның арнайы сыйлығы берілді.

Жасын Қалибек

Осы айдарда

Back to top button