Оңтүстіктен үш отбасы көшіп келді
Аудан әкімі Алмат Акышовтың ұйымдастыруымен атымтай жомарт кәсіпкерлердің қолдауының арқасында Жамбыл облысынан қоныс аударып келген үш отбасына Құйған ауылдық округіне қарасты Қайыңды ауылынан баспана кілті табыс етілді.
«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп баспаналы болып жатқан үй иелерінің қуанышында шек жоқ. Олар аудан басшысы Алмат Талғатұлына және қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге дән риза екендіктерін жасырмады. Оңтүстіктен келген көш бала санының аздығынан жабылудың аз-ақ алдында тұрған ауыл мектебінің үміт шырағын жақты. Сонымен қатар оңтүстіктен келген көшпен бірге мектепке керек мамандар да келді.
Баспананы алуға қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкерлер «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін», – деп істеген жақсылықтарын жария етіп есімдерін атауды қаламаған екен. Бұл – қазақтың қанында бар бекзадалық қой.
Баспаналы болған отбасылардың жағдайын білуге аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Қайрат Бақтияров, ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Қасымбаева, Күршім ауданы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-ның директоры Роллан Нұрланұлы барды.
-
Көптен бергі тілегіміз бүгін орындалып, қайырымды жандардың арқасында ойымыздағыдай баспанаға қол жеткізіп, қуанышқа кенеліп жатырмыз. Ел басқарған басшыларға, қайырымды азаматтардың жұмысына сәттілік тілеймін. Қайыңды негізгі орта мектебіне мамандығым бойынша география пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Осында тұрақтап тұрып бала-шағамды жеткізсем деп отырмын. Қосымша мал өсіріп, тауық бақсам деп отырмын. Аналық ақ ниетіммен еліміздің бірлігі ыдырамай, кемел болашаққа жетуді тілеймін, – дейді Зағира Сырғабаева.
–Аудан әкімі Алмат Ақышовқа айтар алғысымыз шексіз. Бәрі ойдағыдай жақсы болып жатыр. Осында тұрамыз, осында өсіп, өнеміз деп ойлаймын. Үш балам бар, өзім мектепте тарих пәнінің мұғалімімін. Қолдарынан келгенше қолдау көрсеткен ауыл тұрғындарына рахмет айтамын, – дейді Ғайша Байменова.
–Мен Қайыңды ауылына Тараз қаласынан көшіп келгенімізге екі айдан асты. Жаны жомарт азаматтарға алғыстан басқа айтар жоқ. Ауыл тұрғындары да көмектесіп, болысып жатыр. Мектеп директорына, округ әкіміне алғыс айтамын. Бізге барынша жәрдемдесуде. Бес балам бар, ауыл азаматтары отын, көмір, азық-түлік алып, соғымымызды сойып берді. Мұндай жақсылықты екінің бірі жасай бермейді. Өзім мектепке жұмысқа орналастым, – дейді Әйгерім Әлімбекова.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Қайрат Бақтияров аудан әкімінің сәлемін жеткізіп, тағы да келетін отбасылар болса аудан басшылығы көмектесуге дайын екенін айтты.