Білім

Онлайн оқу қалай жалғасып жатыр?

Жаһандану үрдісінен жатырқап жүргенде ойда жоқта онлайн оқу жүйесіне тап болдық. Әлемді жайлаған індеттің кесірінен интернеттің илеуіне түстік. Бұл мәселе білім саласында біраз жұртты әбігерге салды. Бір жерде интернет жоқ болса, енді бірі заманауи техниканың тетігін игеруде қиыншылыққа тап болды. Дайындық сыныбын онлайн режимде бастаған балалар өздерін оқушы ретінде сезіне алмай жатқан көрінеді. Ал осындай олқылықтардың жолын қарастырған кейбір мамандар әлеуметтік желі арқылы білгенімен бөлісіп, білмегенін сұрап білуде. Білім беру барысында қай әлеуметтік желінің тиімді екенін де жұрт жарыса жазуда.

Телеграмды қолдану тиімді

 Әр әлеуметтік желінің пайдалану бағытына байланысты өзінің тиімді тұстары бар. Ұлттың рухани және саяси мәселесіне қатысты ойларын ортаға салатын жұрттың біразы Фейсбук әлеуметтік желісін пайдаланады. Ал танымалдылық пен бизнестік бағытты ұстанғандар Инстаграм атты әлеуметтік желіні игілікке жаратады. Барлық жұрт жақсы білетін «whatsapp» та бұл қатардан қалыспайды. Біздің қазіргі басты мәселемізге айналған білім саласы үшін Телеграм  желісі тиімді дейді желі қолданушылары.

– Құрметті ата-аналар, ұстаздар, қашықтан оқытуды ватсап емес, Телеграм арқылы ұйымдастыру өте ыңғайлы болар еді. Неге дейсіз ғой, білгенімді айтып көрейін, – деп жазба қалдырған Сержан Қасен есімді Фейсбук әлеуметтік желі қолданушысы оның тиімді тұстарына тоқталып, артықшылығын тайға таңба басқандай қылып жазыпты.

Телеграмның ватсаптан артықшылығы:

– Телеграмда жіберілген медиафайлдар, мәтінді хабарламалар телефонға емес, серверде сақталады, өз кезегінде бұл телефон жадын алмайды.

– Файлдар серверде сақталатындықтан, топтағы барлық адам бұрын жіберілген файлдарды көре алады (қайта жіберіңізші мен қазір кіріп едім деген әңгіме болмайды)

– Телеграмда Канал деген бар, жеке парақша сияқты, канал иесі ғана мәлімет жібере алады, каналға жазылғандар мәлімет жібере алмайды, тек көріп пайдалана алады, мұғалім канал ашып оқушылар жазылса өте қолайлы, каналға тіке байланысты топ ашып сол жерде талқылауға болады.

– Бір минуттық жылдам әрі жеңіл видео жіберуге болады, бұл функция мұғалім үшін өте керек, оқушыға ескерту жасауға, кейбір қиын түйіндерді айтып түсіндіруге өте ыңғайлы.

– Ютубтағы видеоны көріп отырып та сөйлесе беруге болады.

–  Телеграмда үлкен көлемдегі файлдарды (1.5 гб-қа дейін) жіберуге болады.

– Жіберіліп қойған хабарламаны да өңдеуге болады, мысалы,  жіберген жазбаңызда емле қателер жіберсеңіз өңдеп, дұрыстап қоюыңызға болады.

– Топқа 100 мың адамға дейін қосуға болады.

Бұл керекті кеңесті қолдағандардың қатары көп. Сан алуан пікір қалдырып, айтылмаған артықшылықтарын да жарыса жазыпты.

Енді тауға шықпайды

Интернетті игілікке жаратпақ түгілі телефон байланысы ұстамайтын ауылдар бар екен. Өкінішке қарай, ондай ауылдардың тізімінде біздің облыс  көш бастап тұр. Елімізде 379 елді мекенге телефон байланысы және 2G, 3G, 4G немесе ADSL, FTTx интернет байланысы әлі жетпеген. Шығыс Қазақстанда дәл сондай 84 ауыл бар болса, оның 39-ына биыл интернет тартылатыны айтылған.

– Алдымен тұрғыны 250-ден көп ауылдарға барады. Тұрғыны 250 адамнан аз елді мекендерге одан кейінгі жылдары барады. Оларды қараусыз қалдырайын деп жатқан ешкім жоқ. Тек ол ауылдар магистральды байланыстан алыс орналасқан немесе жетуге қиын. Сондықтан оларда интернет жоқ. Ал магистральды байланыстың бойында орналасқан 50 тұрғыны бар жерлерге де интернет тартқанбыз, – дейді Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.

Шығыс Қазақстанның кейбір ауылындағы оқушылар мен студенттер тауға шығып, интернет желісін қуалап жүргендері жайлы ақпарат айтылғалы көп болған жоқ. Олардың біразы енді таудан төмен түсетін сияқты.

«Қазақтелеком» АҚ филиалының хабарлауынша, жыл басынан бері компания облыстағы барлық ауданға 1800 шақырым болатын талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, ұялы байланыс ұстамайтын жерлерде де интернет жүйесі іске қосылған. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар облыс орталығына жақын орналасқан елді мекендерде жүргізілуде. Мәселен, Ұлан ауданына қарасты  Бозанбай, Тарғын, Асубұлақ ауылдарына 20 қыркүйекке дейін интернет желісі тартылмақ.

– Аудандық әкімдікпен бірлесіп, Бестерек пен Ізғұтты Айтықов ауылдарына интернет тартудың техникалық шешімін таптық. Меніңше, 1 қазанға дейін осы бағыттағы жұмыстар толық аяқталып, тұрғындар кең жолақты интернетке қол жеткізеді, – деді Ғазинұр Раимханов.

Жоспар орындалып интернет желісі тартылса, оқушылар да жылы үйде отырып сабақ оқымақ. Айта кетейік, 2019 жылы облыстағы 150 елді мекенде интернет желісі болмаса, биыл бұл көрсеткіш екі есеге азайған.

Басқарма басшысының ватсабы

Білім мен ғылым жолына кедергі болған мәселені министрге немесе білім басқармасына бірден жеткізу халық үшін қиын екені рас. Енді бірден білім басқармасының ватсабына хат жазып, телефон жалғап мәселеңізді айта аласыз. Ол туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, білім басқармалары мен бөлім басшыларының телефон нөмірін жариялады.

– Әрбір білім бөлімінің немесе білім басқармасының басшысы туындаған мәселелерді өз деңгейінде уақтылы және сапалы шешуі қажет. Өңірдегі салаға қатысты барлық жағдайдан хабардар болып, халықтың сұрағына дер кезінде жауап беруі тиіс. Сондықтан басшылардың барлығына өз Ватсап нөмірлерін жариялап, келіп түскен сұрақтар мен туындаған мәселелер бойынша шешімдерді шұғыл қабылдау тапсырылды, – деп жазды министр Фейсбук әлеуметтік желісінде.

Облыстық білім басқармасының басшысы – Сайрангүл Жұмаділова. Басқарма басшысының қабылдауына жазылу үшін 8-7232- 70-23-57 нөміріне хабарласу қажет. Ал  8-775-271-66-71 нөмірі арқылы Ватсап желісіне жазуға болады. Колл-орталық  бойынша 8-7232-700-800 нөмірі көрсетілген.

Дүниені жаулаған дерттің кесірінен дайындық сыныбында оқитын балалардың біразы мектеп табалдырығын аттап, қоңырау үнін ести алмады. Олар енді онлайн оқуға мәжбүр. Алайда оларды онлайн оқыту ата-аналарға ауыртпалық артатын көрінеді. Өйткені балалар өздерін оқушы ретінде сезіне алмайды екен.

– Баламызды онлайн оқытып жатырмыз. Биыл мектепке оқуға барасың дегенде қуанып жүрген еді. Ал қазір онлайн оқып жатқандықтан өзін оқушы ретінде сезіне алмайтын сияқты. Тапсырманы да қатырып орындай қоймайды. Бәрібір де мұғалімнің алдында отырып оқығанға жетпейді, – дейді Ахмер ауылының тұрғыны Аманкелді Назар.

Осындай оқиғалардың біразын кешкі автобусқа мінсеңіз құлағыңыз шалады. «Балам дайындық сыныбында оқиды. Әлі бір әріп танымайтын балаға ағылшын тілінен тапсырма беріпті» деп бір әйелдің таңғалып отырғанын өз құлағыммен естіп, мен де аң-таң болған едім.

Қажетті ақпаратты қайдан алуға болады?

Фейсбук әлеуметтік желісінде «Қазақстан ұстаздары» атты парақша бар. Ұстаздар мен ата-аналарға қатысты жаңалықтардың легін сол жерден табуға болады. Білім беру бағытындағы жетістіктер мен кемшіліктер, өзгерістер мен өзекті мәселелер, тиімді технология мен тәсілдер туралы кеңестер мен пікірлерді парақшадан кездестіре аласыз.

Парақшаны оқи отырып, оқу жылының басында болған оқиғалардың бірінен мысал келтіруді жөн көрдік. Елдің есінде болса, ZOOM платформасында 5-сынып оқушыларын оқыту үдерісіне бөгде адамдар араласып, математика сабағын үзіп, балалардың компьютер экранына ұятсыз слайдтар мен балағат сөздер көрсеткен  болатын. Ал осындай жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы кеңестер мен мақалалардың қатары «Қазақстан ұстаздары» атты парақшада көбірек кездеседі.

«Zoom бағдарламасында осындай оқиғалардан сақтап қалатын функциялар бар. Онда күту залы бар. Бағдарламаға қосылмас бұрын мұғалім оның нақты оқушысы екенін тексеріп алғаннан кейін конференцияға қосатын болады. Оған дейін қосылушы күту залында болуы тиіс.  Көбінесе мұғалімдер мұны біле бермейді. Сол себепті тексермей, конференциялар өткізе береді. Егер мұғалімдерге түсіндіру жұмысы дұрыс жүргізілген болса, мұндай қателіктерге жол берілмес еді» – деп жазыпты аталған парақшадағы «Онлайн платформа: Шабуыл кімге тиімді?» атты мақалада.

Сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылар тиімді пайдаланып жүрген платформаның бірі – OnlineMektep.org. Бұл карантин кезеңінде қазақстандық оқушылар пайдаланатын негізгі ресурстардың бірі. Платформа арқылы 1 қыркүйектен бастап күн сайын 1,5 миллионнан астам оқушы білім алуда.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button