Руханият

Онлайн форматтағы іс-шаралар өзгеше өтті

 Жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Тілдер шеруі» мерекесі биыл елімізде онлайн форматта өткізілуде. Мерекені ел қатарлы атап өтуді ойластырған бородулихалықтар айлық аясындағы іс-шараларға өз жұмыстарын электронды поштамен жолдап, қазылар алқасы қашықтан бағалауда.

– Биыл карантиндік шектеулерге байланысты барлық шараларымыз онлайн форматта өткізіліп жатыр, – дейді Бородулиха аудандық Достық үйінің директоры Александра Шпилькина. – Дегенмен, бұдан біздің іс-шараларға қатысушылар саны азайып қалды деуге келмейді. Керісінше, әлеуметтік желілер арқылы онлайн түрде көрсетілетін іс-шараларымызды көрушілер саны арта түсті. Атап айтсақ, бұған дейінгі іс-шараларымызға 100 адам қатысса, қазір олардың саны 5 мыңнан асып жығылады. Аудиториямыз тек адам санымен ғана емес, сондай-ақ өзге елдермен де толыға түсті. Алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыз, ауданымыздың бұрынғы тұрғындары көріп, өз тілектерін, қуаныштарын жеткізіп жатты.

Қыркүйек айының соңғы аптасына дейін жалғасатын «Тілдер шеруі» мерекесі аясында өткізілетін барлық іс-шараларға Бородулиха ауданы белсене қатысуда. Биыл осы айлық шеңберінде әр аптаны белгілі бір ұлттың ана тіліне арнаған олар мерекенің әлқиссасын мемлекеттік тілімізден бастаған екен. Сонан кейінгі апталар кезекпен орыс, татар, украин, неміс және белорус тілдеріне арналып отырған.

– Мерекелік іс-шараларды этномәдени бірлестіктердің қатысуымен түсірілген бейнеролик көрсетілімі аяқтайды. Аталмыш роликте олар Қазақстан халқын, жерлестерін ұлттардың басын бір арнаға тоғыстыратын «Тілдер шеруі» мерекесімен құттықтайды. Биылғы Тілдер мерекесі біз үшін әдеттен тыс сәтті өтуі, көрушілеріміздің аудиториясының артуы, жұмысымыздың бағалануы бізге жаңа серпіліс береді. Ең бастысы, біздің тұрғындардың ұлттардың ана тілдеріне деген құрметін, бір-біріне деген сыйластығын арттыру, ұлтаралық келісімді сақтау бағытындағы мақсатымыз бұл жолы толығымен орындалды, – деді Александра Шпилькина.

Биылғы Тілдер күні мерекесі аясында ұйымдастырылған іс-шаралардан аудандық Достық үйі жанындағы барлық  сегіз этномәдени бірлестік қалыс қалған жоқ. Мерекелік іс-шаралар құзырлы мекеменің «Фейсбук» және «Одноклассники» әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында жан-жаққа таратылды.

Азамат Темірбеков

Мақала Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button