«AMANAT»

Өңірлік комиссия жұмысын ширатты

Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты»  комиссиясының жұмысын жандандыру және осы жылға арналған жоспарын бекітуге арналған кезекті отырыс өтті.

Жиында аудан-қалалардағы пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді мемлекетке қайтару жөніндегі осы жылға арналған жоспар қаралды.

– Облыс бойынша 2023 жылға арналған пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жоспары әзірленді, оны жергілікті атқарушы органдар ерікті түрде қайтару және уақытша жер пайдалану құқығы мерзімдерінің аяқталуы есебінен іске асырады. Аталған фактілерді ескере отырып, ауыл шаруашылығы министрлігіне 2023 жылы облыс бойынша 120 мың гектар жерді қайтару жөнінде ұсыныстар жолданды, – деді жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Сарманов.

Естеріңізге салсақ, былтыр Ұлан, Катонқарағай, Күршім, Алтай, Зайсан, Шемонайха, Тарбағатай, Самар, Глубокое аудандары әкімдерінің есептері қаралған. Сондай-ақ комиссия мүшелерінің қатысуымен ауылдарда екі көшпелі отырыс өтіп, бұқарамен бірге жерге қатысты мәселелер талқыланды.

Ел Президенті пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтарып, халық игілігіне беру бастамасын көтерген болатын. Былтыр облыстық партия филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 100,6 мың гектар жер мемлекетке қайтарылып, жылдық жоспар 100 пайыз орындалды.

Өңірлік комиссия биыл да жер қайтару жұмысын жүйелі жалғастыратын болады.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button