Кәсіпкерлік

Өңіріміздің өркендеуіне атсалысып жүр

Айжанат Бақытқызы

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту – өңірді дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтіп, іскер әйелдер өңірдегі кәсіпкерлікті дамытудың жолдарын талқылады.

Әйелдер кәсіпкерлігін және гендерлік теңдікті дамыту коалициясының ұйымдастыруымен, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өткен бұл шараға Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның хатшысы Альмира Жұмабаева және өңірдегі Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Әсет Әділхан қатысты.

Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы президентінің орынбасары Сәния Ирсалиева әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты негізгі кедергілер мен ұсыныстарын айтып өтті.

– Бизнестегі әйелдер коалициясы әйелдер кәсіпкерлігіндегі кедергілерді анықтап, жоюға күш салады. Ұйымның негізгі мақсаты – қоғамның әлеуметтік және экономикалық өміріндегі әйелдердің рөлін арттыру. Коалиция елдегі бес мыңнан астам әйелдің мүддесін қорғайды, – деді WAGE бағдарламасының үйлестірушісі Зарина Бекболат.

Оның айтуынша, бизнестегі әйелдер коалициясы 30 үкіметтік емес ұйымның басын біріктіреді. Құрамында – «Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығы», «Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қауымдастығы», «Қазақстандағы кәсіпкер әйелдер одағы», «Qareket Жақсылық жаса», «Бақытты отбасы» сияқты салалық ұйымдар, бизнес қауымдастықтар мен азаматтық қоғам ұйымдары бар.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту барысында мемлекеттік органдармен өзара байланыста жұмыс істеп, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қатысуымен бірлескен шаралар өткізген. Соның нәтижесінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен биылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік кәсіпкерлер 6% субсидияланған мөлшерлеме бойынша несие алуға құқылы. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар беру кезінде әлеуметтік кәсіпкерлерге басымдық беріледі.

Облыстағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менеджері Жанар Елемесованың сөзінше, былтыр орталық 477 әйелге қолдау көрсеткен. Мәселен, орталық кәсіптің даму әлеуетін айқындау үшін нарықтағы сұранысты ескере отырып, әйелдер бизнесінің ағымдағы жай-күйін бағалап, сарапшы тарту арқылы бизнесті дамыту стратегиясын әзірлеуге жәрдемдеседі. Атап айтсақ, «Луч надежды», «ПКП Рауан», «Балғын шағын орталығы», «Терра Вита», «Шығыс Ажар Торг», «Тамила плюс» сияқты он кәсіпорынның дамуына қол ұшын берген. Сонымен қатар қыз-келіншектердің бейіндік курстарда оқуына ықпал етіп, нәтижесінде 50 қыз-келіншек маникюр шебері, кірпік ұзарту шебері, тігін өндірісі және киім модельдеуші мамандықтарын алып, кәсібін жүргізіп отыр.

Олардың бірі – Альмира Келгенбаева маникюр шебері сертификатын алып, Күршім ауылындағы сұлулық салонында маникюр қызметін көрсетеді.

Кірпік ұзарту шеберінің сертификатын алған Аурика Машрапова Алтай қаласында өзінің сұлулық салонын ашып, жеке кәсіпкер болуды жоспарлап отыр.

«Niet.Women» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Төлеуханның айтуынша, қоғамдастық 2018 жылы құрылған. Қазір құрамында 15 кәсіпкер бар. Құрылғаннан бері өңірдегі қайырымдылық шараларына да белсене араласып, әйелдер форумын, шеберлік сағаттарын өткізіп, кәсіпкер әйелдерді қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Соның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлік мектебін ашқан. Осы мектеп аясында грант жеңіп алған кәсіпкер Жұлдыз Оралханқызы бүгінде «Құрақ көрпе» шеберханасын ашып, ұлттық дәстүріміз бен заманауи сәнді тоғыстырып, стильді ұлттық киімдер мен сөмкелер, алаша, текемет, құрақ көрпе, жастықтар мен ерекше үлгідегі қыз жасауын тігіп, кәсібін дөңгелетіп отыр.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button