Әлеумет

Өңірдің дамуында өсім бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың қатысуымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылған брифингтерді жаңа жыл қарсаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев түйіндеп, журналистерді облыстың 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары туралы хабардар етті.

– Облыстағы экономикалық көрсеткіштер тұрақты әрі сапалы өсуін жалғастырды. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 102,6%-ға, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 103%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 105,9%-ға, инвестициялар көлемі 106%-ға өсіп отыр, – деп мәлімдеді Алмасхан Бауыржанұлы.

Сондай-ақ, спикердің деректері бойынша, мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер 1,3 есеге ұлғайды. Жалпы өңірлік өнім 103,5% өсіммен 3,5 триллион теңгеге жетті.

– Орташа айлық жалақы 124%-ға өсіп, 276 мың теңгені құрады. Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан асқан жоқ, ал республика бойынша ол – 4,9%, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Шығыс Қазақстан – мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және концессия шарттарының саны бойынша ел өңірлері арасындағы көшбасшылардың бірі. Осы қағида бойынша іске асырылатын жобалар азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, сондай-ақ өңірде жайлы әрі қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге мүмкіндік бере отырып, бюджетке түсетін жүктемені айтарлықтай төмендетеді.

– Бюджетке инвестициялық жүктемені төмендету мақсатында жоспарлаудан бастап іске асыруға дейінгі түрлі кезеңдерде 82,5 миллиард теңгенің 147 мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы қолға алынған, оның ішінде 35 миллиард теңгенің 114 жобасы бойынша шарттар жасалған. Қазірдің өзінде бюджеттен төлемдерді талап етпейтін «Сергек» және қоғамдық көліктегі электронды билеттендіру жүйелері енгізіліп, 865 орындық төрт балабақша, мектеп жанындағы балалар лагері ашылды, 41 мектеп асханасы жаңғыртылды. Келешекте Глубокое кентіндегі қазандық құрылысын аяқтау, Өскемен қаласында 5 балабақша салу көзделуде, – деді Алмасхан Сматлаев.

Облысымыздың Еуропалық қайта құру және даму банкімен белсенді ынтымақтастық орнатқаны баршаға аян. Сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, көшелерді жарықтандыру және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бағытында 23 миллиард теңгенің 5 жобасы бойынша шарттар жасалды.

– Біз қалалар мен ірі аудан орталықтарын жылумен жабдықтауды жаңғырту бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бізге энергияны үнемдеу және процестерді басқару бойынша заманауи технологиялар қажет, – деп толықтырды спикер.

Мәселен, облыс орталығында, Риддер, Алтай, Серебрянка, Зайсан, Шемонайха сынды шағын қалаларда, сондай-ақ 12 ауылда (ішінде Марқакөл, Катонқарағай, Таврия, Бозанбай секілді бұрынғы аудан орталықтары да бар) қосымша 10 мыңнан астам көше шамын орнату жоспарлануда.

Елімізде ішкі туризм жыл сайын барынша танымал болып келеді. Шығыс Қазақстан өзінің алуан түрлі жан-жануарлар мен өсімдіктерге толы көркем табиғатымен, сондай-ақ шипалы өзен-көлдерімен аталған саланың көш басында тұруы керек. Алакөл жағалауын абаттандыру тәжірибесі басқа бағыттарды да дамыта отырып, үлкен жетістіктерге жетуге болатынын дәлелдеді.

Мәселен, облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес туризм саласында Қазақстанның үздік елу туристік аймағына енген төрт дестинацияны дамыту жоспарлануда. Олар: жылына 300 мың туристке дейін қабылдай алатын әлеуеті бар Бұқтырма су қоймасының құмды жағажайлары, өзінің ерекше мәдени-танымдық және этникалық бағыттары бар Катонқарағай ауданындағы ұлттық саябақ және белсенді қысқы демалысты ұнататындарға арналған тау шаңғысы кластері.

– Пантотерапия, экологиялық және ауылдық туризм сияқты бағыттар сұранысқа ие болып отыр. Туристік аймақтарды дамытуға инвестиция сала отырып, біз ірі инвесторлардың туризм индустриясына деген қызығушылығын арттырамыз. Болжам бойынша, салымдар кемінде 10,2 миллиард теңгені құрайтын болады, – деді Алмасхан Сматлаев.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button