Өнер

Өнерлі үш Татьяна

«Өнер – халықтікі» дегендей, күнделікті өмірде өнерді пір тұтып, одан рухани азық алмайтын адам бар ма екен, сірә? Өнерді жанына серік етіп, оның жанашыры, жақтаушысы болып жүрген талант иелері қаншама?! Сондай тума талант иелері, үш өнерпаз қыз – үш Татьяна дер едік.

Иә, олардың мамандығы әртүрлі болғанымен, өнерге ықылас-пейілі, ынта-жігері, таңдаған жолдары – ортақ, бірдей. Бір ғажабы, осынау күміс көмей үш бұлбұл әншінің бәрі де – ұлттары орыс болғанымен, бала жасынан қазақтың ән, күй, жырына ден қойып, соны мұрат етіп өскен, таза жүректі, табиғи дарын иелері. Олардың концерттерін, радио-теледидарда салған әндерін тыңдап, сүйсінген жұрт бүгінде аз емес. Есімдері қалың елге кеңінен мәлім десек, қателеспеген болар едік. Әрі бұл үш өнерпаздың қазақ өнерін қастерлеп, көкке көтере насихаттауы интернационализм туын жоғары ұстайтын қоғамның, еліміздегі халықтар достығы салтанатының жемісі екені де түсінікті. Шын туыстық, бауырластық, адал сыйластық дегеніміз де – осы.

Татьяна Мартыненко қазақ әндерін тамылжыта шырқағанда, кім болса да елжірей тыңдап, рахат сезімге бөленетін. Татьянаның нәзік сезімді, жүрек қылын шертетін лирикалық әндерді мейлінше түсініп орындайтынын аңғару қиын емес. Жастайынан қалың қазақ ішінде өсіп, қазақ өнеріне қанық болып өскен Татьяна Мартыненко  республикалық ақындар айтысында, «Тамаша» ойын-сауық отауында, басқа да салтанатты кештерде ән салып, көзге көрінді.

Домбырамен ән салып, назарға түскен Татьяна Бурмистрова жайлы түсірілген телевизиялық фильм-концерт те жұртқа таныс. Ол талай рет үлкен сындардан сүрінбей өтіп, жүлделерге ие болды. Астанадағы медицина институтын ойдағыдай бітірген соң туған жері – Шымкент өңіріне оралды.

Талдықорған педагогикалық институтының оқытушысы Татьяна Полтавскаяның да өнерпаздығымен ауызға ілініп, қазақ ән-күйлерінің насихатшысы болып жүргеніне баршама уақыт өтті. Оның да есімі жұртқа кеңінен мәлім. Үлкен-кіші  сахналарда шырқайтын әндерінен оның шын талант иесі, сыршыл жан екенін сезінбеу мүмкін емес.

С. Сәлиев,

Зайсан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Осы айдарда

Back to top button