Мәдениет

Он жылдығында олжаға кенелген оркестр

Өнер – адам баласының ұлты мен жас айырмашылығына шекара қоймайтын киелі ұғым. Өнерпаз болу қаншалықты жауапкершілік пен табандылықты, шығармашылық ізденіс пен сол өнерге деген сүйіспеншілікті қажет етсе, кез келген өнерге жанкүйер болып, оның қыры мен сырына қанығып, ләззат ала білу де – үлкен өнер.

Он жылдығында олжаға кенелген оркестрДүйсенбі күні Металлургтердің мәдениет сарайы өнерсүйер өскемендіктерге лық толды. Осы күні Шығыс Қазақстан облысы Әкімінің симфониялық оркестрі дүниеге келгеніне 10 жыл толуына байланысты тыңдар-мандарына мерейтойлық концерт берді. Бүгінде құрамында 40-тан астам талантты музыканттар мен әншілері бар, жылдан-жылға шыңдалып, мыңдаған көрерменнің көңіл төрінен орын алған өнер ұжымының дүниеге келуіне мұрындық болған сол кездегі облыс әкімі Виталий Метте екендігін көпшілік біледі. Сондықтан да болар кеш барысында марқұмның аты аталып, жиналғандар ерекше құрмет көрсетті.

Концерт басталмас бұрын облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев өнерсүйер қауымды, сондай-ақ, оркестр ұжымын мерейлі мерекелерімен құттықтап, оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Сергей Косачев пен екінші дирижер Александр Галсанов бастаған бірқатар өнерпаздарға облыс Әкімінің мақтау грамотасын табыстады. Мұндай алғыс хаттар мен грамоталар облыстық мәдениет басқармасы мен филормония атынан оркестрдің өзге де мүшелеріне табыс етілді.

Оркестрдің шығармашылық табыстарға жетуіне шынайы тілектестігін білдірген Ермек Беделбайұлы мерейтойға жиналғандарға облыс әкімдігі тарапынан тағы да бір тосын сыйдың бар екендігін жеткізгенде, разы болған халықтың шапалағынан құлақ тұнды деуге болады.

Облыс Әкімінің орынбасары құрылғанына 10 жыл толып отырған оркестрдің тұңғыш рет өзінің басыбайлы мәдениет сарайында концерт бергелі жатқандығын, яғни, осы уақытқа дейін жекеменшік иелігінде болып келген бұл сарайдың жергілікті соттың шешімімен мемлекет меншігіне өткендігін жеткізді. Бір кездері тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен еңселі ғимараттың араға жылдар салып, қаладағы өнер ұжымдарының игілігіне қайтарылғанына қуанбаған жан қалмады. Облыс басшыларының бұл қамқорлығын оркестрдің 10 жылдық мерейтойға арналған тартуы деп қабылдаса болғандай еді.

Әсіресе, оркестр ұжымының қуанышында шек жоқ. Қалайша қуанбасын, үш қабаттан тұратын әрі көне қаланың тарихи құндылығы саналатын әсем де, кең ғимараттың кез келген өнер ұжымдарының алаңсыз дайындалып, шығармашылықтарын шыңдай түсулеріне барлық мүмкіндік бар.

Ендігі жерде жергілікті өнерпаздар «Қай жерде киім ауыстырып, қай бөлмеде гримделеміз немесе оркестрдің және жеке орындаушылардың дайындықтарын қайда және қалай өткіземіз?» деп бастарын ауыртпайтын болады.

Алғаш тәуелсіздік алған жылдары жекешелендіру науқанының желеуімен жергілікті кәсіпкерлер көптеген балабақшалар мен мәдениет сарайлары секілді нысандарды азын-аулақ қаражатқа сатып алған. Солардың бірі – осы Металлургтер мәдениет сарайы.

Бір кездері 45 миллион теңгеге сатылып кеткен Металлургтер мәдениет сарайы да облыс басшысының қамқорлығының арқасында қасиетті өнер үшін, өнерпаздардың алаңсыз дайындалуы, солардың жарқын болашағы үшін 75 миллион теңгеге қайтарылып отыр.

Сонымен, мерейтойлық концерттің шымылдығын жерлесіміз, композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Дайрабай» туындысымен ашқан симфониялық оркестр бұл жолы да әлемге әйгілі қазақстандық, шетелдік сазгерлердің көптеген күрделі туындыларын нақышына келтіре орындап, екі сағат бойы көпшіліктің көңілін көктем етті.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button