Білім

Он жайлы мектеп бой көтереді

Айжанат Бақытқызы

 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Шығыс өңіріне жұмыс сапарымен келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен және облыстағы бірқатар әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты.

-Мемлекетіміз білім берудің барлық деңгейінде тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, оқу сапасын арттыру, тәрбие жұмысын күшейту және педагог мамандығының мәртебесін артыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Еліміздегі білім саласындағы ең өзекті мәселелер – мектепке дейінгі және орта оқу орындарындағы орын тапшылығы, қала мен ауылдардағы білім беру сапасындағы алшақтық, педагогтар тапшылығы және интернеттің әлсіздігі. «Жайлы мектеп» мемлекеттік бағдарламасы аталған бірқатар мәселені шешуге арналған,-деді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, 2023-2025 жылдар аралығында елімізде 400-ден астам жайлы мектеп салынады. Шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда қазіргі заманғы стандарттарға сай бес мың мектеп жаңғыртылады. Роботтық техника, химия, биология, физика бойынша заманауи жеті мың кабинет ашылады. Түйткілді мәселелерді шешу үшін мемлекеттік шаралардан бөлек, бизнес пен азаматтық қоғамды да тарту қажеттігі айтылды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышеваның мәліметінше, өңірде 2023-2025 жылдары 17 мектептің құрылысы, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4200 орындық он мектептің құрылысы жоспарланған.

Биыл жеті мектептің құрылысы басталып, 2024 жылы пайдалануға берілмек. Оның ішінде 600 орындық үш мектеп Өскемен мен Риддер қаласында және 300 орындық төрт мектеп Өскемен, Шемонайха, Белоусовка және Глубокое ауданында. Ал 2024 жылы 1200 орындық үш мектептің құрылысы басталады, Өскемен қаласында екі мектеп, Прапорщиков ауылында бір мектеп.

 

Осы айдарда

Back to top button