Спорт

Он төрт жасар чемпион

Қызырбек ДҮРГІНБАЙҰЛЫ

Ел ішінде таланты тас жарып тұрса да, көпшілікке танылмай  кететін жандардың қатары көп. Әсіресе тәртібі қатал, талабы қиын спорт өнерін өзіне серік еткендердің жұлдызы оңай жана бермейді. Түбі бір жарып шығар-ау дегенге спорт өнеріндегі шектеулі уақыт та мұрсат бере қоймайды. Ал бақ жұлдызы дер кезінде жанатындар  санаулы. Осындай санаулы спортшылардың қатарында өскемендік жас бөрінің жұлдызы жарқырап келеді. Ол – он төрт жасар чемпион Нұрасыл Серікхан.

Төр Алтайдың бауырынан түлеп ұшып, алты құрлықтың аңызына айналған жандар көп. Ат аунаған жерде түк қалып, алыптар туған өңірде жас таланттардың өсіп шығуы – заңдылық. Жаһанды мойындатса да, жалпақ жұрт әлі біле бермейтін жастар көп. Олардың әлі талайы қалам ұшына ілігер деген үміт зор. Бұл жолы бокстан кіші жасөспірімдер арасында екі дүркін ел чемпионы, Азия чемпиондығына және Қазақстан спорт шеберлігіне үміткер, Өскемен қалалық №45 мектептің оқушысы Нұрасыл Серікханұлының өнерін өзгеге үлгі етпекпіз. Он үште отау иесі болмаса да, он төртте чемпион атанып үлгерген жас бөрінің арманы асқақ, мақсаты айқын.

–  Мен әуелі күрес үйірмесіне қатысып жүргенмін. Содан бір күні мектепте бокс үйірмесі ашылды. Ол кезде Нұрлы көш ауылындағы мектепте оқитынмын. Содан боксқа қызықтым да, үйірмеге барғым келетінін ата-анама айттым. Осылайша боксшы болуға талпындым. Кейін ол үйірме жабылып қалды. Осы спорт өзіме жақын екенін білген соң қаладағы «Абылай» атындағы бокс клубына келіп кірдім. Сол клубта бокстың қыр-сырын үйреніп, талай-талай жарысқа қатысып, көптеген нәтижеге қол жеткіздім. Әуелі қалалық жарыстарда, одан кейін облыстық, ары қарай республикалық жарыстарда жеңіске жеттім. Жаттықтырушыларым үміт артып, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия  елдеріндегі өзім қатарлы боксшылармен күш сынасып, жеңіс тұғырынан көріндім. Нақтырақ айтқанда, 5 дүркін қала чемпионы, бірнеше дүркін облыс чемпионы болдым. Одан бөлек 2018 жылы Моңғолиядағы халықаралық жарыста 3-орынға, сол жылы Ресейде өткен халықаралық жарыста 2- орынға ие болдым. Ал 2019 жылы Моңғолия мемлекетінде өткен халықаралық жарыста 3-орын, 2022 жылы Ақтөбеде өткен ел чемпионатында 2-орын,  2022 жылы Алматыда өткен Халықаралық турнирде 1-орын, 2022 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатының іріктеу турнирінде 1-орын, 2022 жылы  Астанада өткен халықаралық турнирде 1-орынды қанжығаладым. Соңғы рет Өзбекстан Республикасында өткен халықаралық жарыста 1-орын иегері атандым, – дейді жас чемпион Нұрасыл Серікханұлы.

Міне, бұл – он төрт жасар чемпионның бүгінге дейінгі жетістігі. Мақсатынан таймаса, әлі талай биікті бағындырары анық. Десе де, жол ортадан бағытын басқа жаққа бұратындар көп көрінеді.

Боксер болғысы келетін бала көп 

Иә, боксер болғысы келетін бала көп болғанымен, барлығы бірдей мәреге жете алмайды. Бірінің таланты жетпесе, бірінің талабы жетпейді. Талабы мен таланты бардың қолына қаржылық жағдай тұсау салады. Сонымен қатар спорт басқармасының жүйесіз жұмысы мен келеңсіз кедергілері де мақсаттың өзгеруіне өзіндік әсерін тигізетін көрінеді. Біз бұл жайды жас боксер Нұрасыл Кәрімбектің бапкері, боксер Бауырбек Кәлекұлымен сөйлесу барысында түсіндік.

– Осы Өскемен қаласында бапкер болып жүргеніме біраз жыл болып қалды. Талай боксерді биікке шығардық, талайы жол ортадан кері қайтты ғой. Осыдан бірнеше жыл бұрын Нұрлы көш ауылындағы қазіргі Абай атындағы мектепке жаттықтырушы жіберіп, бокс үйірмесін аштық. Бір күні келсем, 20 бала жинап қойыпты. Бәрі де – жанарынан от шашып, болам деп тұрған балалар. Кейін белгілі себептерге байланысты бокс үйірмесі жабылып қалды да, ынтасы бар балалар қаладағы біздің «Абылай» атындағы бокс клубына келді. Солардың бірі – бүгінгі жас чемпион Нұрасыл Серікханұлы. Бұл баланың талабы да, таланты да бар. Алайда әр балаға ең әуелі ата-ананың және қаржылық қолдау қажет. Боксқа келетін көптеген балалар қаржылық қолдаудың жоқтығынан кері шегінуге мәжбүр болады. Оларға тойып тамақ ішіп, қажетті құрал-жабдығы түгел болу керек. Сонда ғана нәтиже көрсете алады. Басқа өңірлердегі, елдердегі жарыстарға бару үшін қаражат керек екені айтпаса да түсінікті. Ал біздің облыстық спорт басқармасының жайы түсінікті. Соңғы бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыс істей алмай келеді. Жолақы қаржысын алу үшін қаншама құжат жинап, оны бірнеше айлап күтесің. Міне, осындай жағдайдан соң көптеген талантты балалар спортты тастап, басқа салаға кетуге мәжбүр болады. Мүмкіндігі барлар жарыста мүлт кетіп жатқан жоқ. Талай биікті бағындырып келеді. Бізде клубтар арасында жарыс жиі өтіп тұрады. Ол балалардың ынтасын арттырып, жігерін жаниды. Ал кейбір жағдайда боксшы мақсатынан тайып, сенің бірнеше жыл дайындаған еңбегің, төккен төрің суға кетіп, қайықтағы екеуі екі жағаға шығып қалатын кездер болады. Сол себепті спорттың түріне мақсатсыз балалар келмесе екен деп ойлаймын, – дейді «Абылай» бокс клубының директоры, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауырбек Кәлекұлы.

Иә, бокс клубына келетін жастардың қатарына қарап-ақ, болам деген баланың көптігін аңғаруға болатындай. Қазіргі кезде «Абылай» бокс клубы 300-ден астам шәкірт тәрбиелеп жатыр. Бір ғана бокс клубы үшін бұл аз сан емес. Бокс клубы директорының айтуынша, Шығыс Қазақстан спорт саласында 2009-2014 жылдар аралығында нәтижелі жұмыс істеп, көптеген жеңістерге жеткен. Ал бүгінгі таңда «Спорт басқармасында жүйелі жұмыс жоқ, олардың жұмысын +2 деп қана бағалауға болады» деп отыр.

Десе де біз тілге тиек етіп отырған Нұрасыл Кәрімбек қатарлы жас чемпиондар жеке азаматтар мен ата-аналарының қолдауы арқылы күн санап өсіп келеді. Кәсіпкер бірнеше мәрте көмектесер, ал ата-ананың барлығының жағдайы көтере бермесі анық. Бұл жайды Нұрасылдың  ата-анасы да тілге тиек етті.

«Өзімнің емес, өзгенің баласын да ойлаймын»

Боксшы Нұрасылдың отбасы Нұрлы көш ауылында тұрғанымен, өзі қаладағы №45 мектепте оқиды. Жаттығуға да, сабаққа да сабылып келіп қайтады. Алыс ауылдан келіп-кету бастапқыда қиын болғанымен, кейін келе үйреніп кеткен. Ал ата-анасы оның оңайға соқпайтынын айтып, тіл қатты.

– Жалпы бұл Нұрлы көш әуелі жеке ауыл болып құрылған еді, кейін келе қалаға қосып тастады. Бұл ауылда тұратын халық та, мектепте оқитын бала да көп. Қазір ауылда мектеп пен балабақша ғана бар. Балалар бас сұға қоятын спорттық және мәдени нысандар жоқ. Сондықтан ауыл балалары бара қоятын үйірмелер де аз. Баяғыда осы ауылдағы Абай         атындағы №33 мектепте бокс үйірмесін ашты. Артынан директоры неше түрлі сылтау айтып, рұқсат бермей жаптырып тастады. Қазіргі директор соны да, өзге де бастамаларды қайта қолға алса ғой. Өйткені өнер мен спортты өзіне серік еткісі келетін балалар  көп. Мен өз баламды қалаға тасып жүрмін, ал көлігі жоқ ата-аналар үшін бұл өте қиын. Менің балам Нұрасылмен бірге талай-талай талантты балалар боксқа дайындалып жүретін. Оларды да қалаға бірге тасып жүрдім. Кейін келе олар жағдайлары келмеген соң қойып кетті. Ал автобус мәселесі о баста дұрыс шешілмеген еді, қазір де оңып тұрғаны шамалы. Тіпті, бірде менің балам жаттығудан шығып автобусқа үлгермей қалып, Нұрлы көшке дейін жаяу жүгіріп келгені бар. Міне, біздің талантты жастардың өнері осылай құрдымға кетіп жатыр. Бұл біздегі басты мәселелердің бірі деуге болады. Мен тек  өз баламды ойлағандықтан емес, өзгенің баласының да қамы үшін бұл мәселені айтып отырмын, – дейді Нұрасылдың әкесі Серікхан Кәрімбекұлы.

Жас боксердің жетістігімен танысамыз деп спорт саласындағы кейбір жайды да тілге тиек етуге тура келді. Жаттығуға келген баланың барлығы ауылға жүгіріп жаяу қайтса, жетер биігіміздің алыстай түсері анық. Сондықтан  таланттыға қолдау көрсетіп, талаптыға жол көрсеткеннің артықтығы болмас. Біз биікке жеткенді емес, биікке ұмтылғанның өнерін насихаттап, өзгеге үлгі ету мақсатында Нұрасылдың жетістігін жазып шықтық. Алдағы уақытта да жарқырап келе жатқан жас жұлдыздар жайлы қалам тербейтін боламыз.

 

 

Осы айдарда

Back to top button