Мәдениет

Он бесінші маусымды «Кенесары мен Күнімжан» ашты

Он бесінші  маусымды «Кенесары мен Күнімжан» ашты

Өскемендегі Жамбыл атындағы драма театрдың қазақ труппасы 15-маусымашарын жазушы, драматург Думан Рамазанның «Кенесары – Күнімжан» атты тарихи драмасымен ашты.
Драма желісінде Ресей отаршылдығына қарсы атқа қонған Кенесары ханның елін азаттыққа жеткізсем деген алғашқы талпыныстары мен Күнімжан екеуінің шынайы махаббаты баяндалған. Психологиялық драманы көріп отырып қойылым режиссері Болат Ұзақовтың шеберлігіне тәнті болдық. Халықтың береке-бірлігі мен кейіпкерлер арасындағы тартысты жоғарыдан тартылған арқандар арқылы тартымды жеткізіпті. Режиссер ойын актерлер қойылым барысында тіптен сәулелендіріп жіберді.
Кенесары рөлін сомдаған Сырым Маратбек батыр бейнесін сәтті алып шықты. Әсіресе, Күнімжанға деген адал махаббатын жеткізген тұстарда, сондай-ақ, Қоңырқұлжамен бетпе-бет келген сәттерде нағыз төселген актер екенін аңғартты. Ал ақыл-парасаттың, хас сұлулықтың иесі болған Күнімжан бейнесіндегі Мәдина Исина көрерменге қазақ қыздарының қандай болатынын аңғарта білді. Күнімжан Мәдинаның оң жамбасына түскен рөл деп білдік. Бұл жерде айтпай кетуге болмайтын тағы екі актер бар. Олар – Қоңырқұлжа бейнесіндегі Аманжол Қамзин мен Наурызбай рөліндегі Айдын Салбанов. Жас батыр Наурызбайдың өр мінезін, шалт қимылын Айдын барынша шынайы көрсетіп берді. Аманжол Қоңырқұлжаның Күнімжанды қолына қондыру үшін ұлтты сатуға дейін барған жымысқы жүрістерін шеберлікпен жеткізді. Айтпақшы, сахна төрінен «Қабанбай батыр» қойылымында көзге түскен Әскербек Омарханов пен Дархан Сәдібаевты да көрдік. Жуықта театр басшылығы оларды да жұмысқа алыпты.
– Біріншіден, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қабылдауында болғанда мәдениет, оның ішінде театрда тарихи қойылымдардың көптеп қойылуын талап еткен болатын. Екіншіден, бұл тарихи маңызы өте жоғары қойылым, әсіресе, жастар санасына ұлттық рухты ұялатуға көп септігін тигізер деген мақсатпен мерейтойлық маусымашарымызды осы қойылыммен ашып отырмыз, – дейді театр директоры Сақан Әкелеев.
Аманшылық болса, Өскемендегі жаңа театрдың ашылуына Мұхтар Әуезовтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымын ұсынатынын айтады театр қызметкерлері. Маусымашар салтанатында театрдың дамуына үлес қосып жүрген қала мектептеріндегі бірқыдыру мұғалімдер марапатталды.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button