Он алты оқушы оқу құралдарын арқалап қайтты
Біздің облыста қазір 311 мыңнан астам бала бар. Ал биылғы, 2013-2014 оқу жылында мектепке 170 мың бала барса, оның ішінде 18 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттамақ.
1 тамыз күні оқумен қамтылмай қалған оқушыларды анықтау, олардың сабаққа себепсіз және әлеуметтік себептермен бармай қалуының алдын алу, ең бастысы, балаларды жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсетуге бағытталған дәстүрлі «Мектепке – жол» атты республикалық акция бастау алды. Акция биыл «Біз болашақты бірге жасаймыз» деген ұранмен өтуде.
– Біздің өңірде бастау алған бұл акция облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тапсырмасымен, қалалық білім бөлімінің және біздің басқарманың ұйымдастыруымен өтіп отыр. Биыл алтыншы жыл қатарынан өтіп отырған акцияны жылдағыдан өзгерек етіп, яғни, бар деректерді жайып салатын баспасөз мәслихатымен емес, көпшілік көріп-білсін деген ниетпен осылайша «Жастар» саябағында ұйымдастыруды жөн көрдік. Бүгін Өскемен қалалық білім бөліміне алдын ала өтініш білдірген ата-аналар мен мектептердің өтініші негізінде, нақтырақ айтқанда, 16 оқушы мектепке қажетті құралдар алмақ, – дейді облыстық балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы Аркадий Исаев. – Бұлар негізінен аз қамтылған отбасыларының балалары екенін айта кеткім келеді.
Оның айтуына қарағанда, қатарынан алтыншы жыл үзбей өткізіліп келе жатқан «Мектепке – жол» акциясының осынау шарасына қаладағы «Еуразия» сауда орталығы, «Қазцинк» ЖШС және «Темірбанк» банкі демеуші болған екен. Акция барлық аудан мен қалада күн сайын өткізіліп, оқу жылы басталар тұста мектеп құралдарын дүкендер мен базарлардағы бағадан 15-20 пайызға кем саудалайтын жәрмеңкелер өтетін болады. Ал қыркүйектің басынан бастап жалпы оқыту қорынан көмектер көрсетілмек екен.
Тағы бір айта кетер нәрсе, аталған акция өткен бес жыл көлемінде облыс бойынша 107 мыңға тарта балаға 243 миллион теңгенің, ал өткен жылы ғана 27 мыңнан аса балаға 70 миллион теңгенің көмегі көрсетілген екен. Оның 33 миллионы демеушілердің үлесінде.
– Әрине, бұл тек бастауы болғандықтан, әзірге демеушілер азырақ болып тұр. Дегенмен, қаладағы «БипекАвто» ЖШС, «АТФ Банк», «Цеснабанк» банктері мен «Жазира», «ВИТА» сауда үйлері, «Бақытты балалық шақ» қоғамдық бірлестігі мен «Ксеll» АҚ-ның облыстық филиалы және тағы басқа да мекеме-ұйымдар меценат болып, көмек көрсететіндерін айтып отыр, – дейді А.Исаев.
Балалықтың тәтті шағын өткізіп жатқан ұл мен қыздар мереке ұйымдастырылған жерге көп жиналыпты. Олардың бәрінің жанында аналары немесе әжелері жүр. Құрманғазының «Балбырауын» күйімен шымылдығы түрілген шарада, әсіресе, «Темірбанк» директорының міндетін атқарушы Лариса Дороштың игі тілектері мен балаларға тапсырған сыйлықтары ерекше болды. Мектепке қажетті құрал-жабдықтар алғандардың арасында сыйлық-арқасөмкені зорға көтеріп келе жатқан бірінші сыныптықтар да бар. Біз солардың бірі, №14 мектептің 2-ші сынып оқушысын сөзге тарттық.
– Менің атым – Зере, фамилиям – Рустамова, – деді сүп-сүйкімді бүлдіршін тақылдай тіл қатып. – Мұнда мені анам алып келді. Мен мына сөмкедегі нәрселердің барлығын пайдаланамын және сабақты тек беске ғана оқитын боламын.
Дәл осы салтанатта әдемі арқасөмке толы құралдар алған Т.Құспекова, Д.Мамырбекова, А.Каримов және басқа да балалардың жүздерінен аға-апаларының қамқорлығына деген шексіз қуаныш байқалды.
Әнші-сазгер Серік Құрманғалиевтың жетекшілігіндегі «Асыл мұра», «Шабыт», «Балбұлақ» атты және №15, 24, 19-шы мектептер жанындағы өнер мектептерінде оқып жүрген балғындардың концерті салтанатты тіптен ажарландырып жібергені бар. Ең бастысы, сыйлық алған әр баланың көңіліне көктем тұнып, жүздерінен бір бақыттың нұры төгіліп тұрды. Баланың қуанғаны қандай ғажап еді!..