Аймақтар аухалы

Омарта шаруашылығы қанат жайып келеді

Шағын сұхбат

Омарта шаруашылығы қанат жайып келеді

Көкпекті ауданының әкімі Дүйсенғазы Мусин әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп, алға қойған жоспарларымен таныстырды.

– Көкпектіде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Жоспар бойынша енді қандай жобаны жүзеге асыруды көздеп отырсыздар?

– Көкпекті ауданының дамуы үшін тірек ауылдардың қатары белгіленді. Бұл жерде тірек ауылдың өзі ғана емес, маңайындағы ауылдардың да экономикалық ахуалы артпақ. Ауданда тірек жобалар да жүзеге асуда. Мәселен, «Елім-ай Көкпекті» ЖШС басшылығы ауылшаруашылық өндіріс кешенін салуды жоспарлап отыр. Егер осы жоба іске қосылса, аудан тұрғындары үшін ғана емес, жақын аудандар үшін де қолайлы болмақ. Өйткені, малды Өскеменге апарып сататын болса, жолға кететін шығын бар.
Сонымен қатар, сүт өнімін өндіру қолға алынбақ. Екінші жоба – Палатцы ауылдық округінде «Елдар» шаруа қожалығы жабы жылқыларын өсірумен қоса қымыз өңдіреді.

– Омарта шаруашылығының жайы қалай?

– Омарта шаруашылығы қанат жайып келеді. Кәсіпкер Тұңғышбаев асыл тұқымды ара өсіруді қолға алып отыр. Самардағы ауылшаруашылық колледжінде қос жүйелі бағыт бойынша балаларды оқытып, омартасында тәжірибеден өткізеді. Көкпектіде Мұхамадиев те отбасымен ара шаруашылығымен айналысып, мектеп оқушыларын балмен қамтамасыз етіп отыр. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша оқушыларға 20 грамм бал, белгілі мөлшерде сүт беріледі.

– «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алып кәсіптерін ашамыз деушілерге қандай көмек көрсетіледі. Несие алудың проблемалық жақтары бар ма?

– Ауданда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алып жатқандар жетерлік. Соның арқасында ауыл шаруашылығы дамып келеді. Мал басы да өсті. Бірақ жұмыссыздар несие алып, мал өсіргенімен ет өткізетін орын жоқ. Жоғарыда айтқандай, «Елім-ай Көкпекті» ЖШС мал бордақылау, қасапхана орнын ашса, үлкен мәселе шешіледі. Ал Самардағы «Рыбпром» ЖШС кәсіпорнының өнімдері әуелі шекара асып кетіп жатыр. Кәсіпорын 120 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Кіші және орта бизнесті дамытуымыз керек. Бірақ облыс орталығынан алыс болғандықтан несие аламыз деушілерге кедергі көп. Біріншіден, қаладан 100 шақырым алыстағы ауыл тұрғындары несие ала алмайды. Екіншіден, кепілдікке қоятындай мүліктері жоқ.

– Аудан Бұқтырма су қоймасының жағасында орналасқан. Туризмді дамытуға да қолайлы ғой…

– Сарыбел, Палатцы ауылдық округі су жағалауында орналасқандықтан туризмді дамытуғы қолайлы. Облыс орталығында туризмді дамыту бойынша өткен жиында өз жоспарымызды белгілеп те қойдық.

– Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қандай жұмыстар қолға алынды?

– Көкпектіде «Мәмбетов» шаруа қожалығының арқасында нан бағасын бір қалыпта ұстап отырмыз. Ол 600 грамдық нанды 48-50 теңгеден сатады. Ол қожалық кластерлі өнім өндіреді. Яғни, егістіктен дүкен сөрелеріне дейінгі нан өнімдері өзінде өндіріледі. Ауданда көкөніс те қолжетімді бағамен сатылады. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқан кәсіпкер Зульфиев орамжапырақ, сәбіз, картопты 60 теңгеден сатып отыр. Биыл ауданды сарымсақпен қамту да көзделген.

Сұхбаттасқан – Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button