Білім

Қолжазбалардың құпиясын тапты

Қолжазбалардың құпиясын тапты


Мәскеу қаласында өткен «Математика және жобалау» XIII халықаралық конкурсынан облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Аружан Даутова жүлделі үшінші орынмен оралды.

«Шынайы процестердің математикалық модельдері» секциясында Аружаннан басқа тағы жиырма адам ғылыми жобаларын ұсыныпты. Қатысушылар Қазақстан, Ресей, Болгария және Румыниядан болған.

– Менің жұмысым «Қолжазба таңбаларын тану» деп аталды. Физика-математика ғылымдарының кандидаты Александр Красавин мен математика пәнінің мұғалімі Рустем Тюлюбергеневтің жетекшілігімен осы тақырыпқа жылдан астам уақытымды сарп еттім. Нәтижесінде қолжазба таңбаларын тануға мүмкіндік беретін қосымша жасалды. Әзірге бұл 1,2,3,5,6,9 цифрлары мен «z» әрпі, бірақ осының өзі мен үшін үлкен жаңалық, – дейді зияткер оқушы.
Мәскеулік ғалымдардың алдында Аружан Даутова жобасын математика тілінде түсіндіріп беріпті.

Бұған дейін жасөспірім осы жобасымен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ААҚ-ның желілік конкурсына қатысып, бірінші орын алған екен. Сол жолы №6 қатысушы ретінде өнер көрсеткен дарынды қызға Мәскеуде де осы реттік сан тиеді. Осындай сәйкестіктен қанаттанған қазақстандық оқушы өзінің жобасын ресейлік ғалымдардың алдында да сәтті қорғап шықты.

– Аружан Даутова математикалық квестке қатысты. Қазақстан, Болгария және ресейлік балалардан құрылған команда үш тапсырмаға да дұрыс жауап беріп, команда бірінші орынды иеленді, – дейді мектептің баспасөз хатшысы Роза Құмарғажина.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button