Қолөнерге өз үлесін қосып жүр

Газет-журнал, теледидардан жаңалықты қалт жібермейтін өз басым «Дидар» газетінен жаңа жоба – «Атамұра» атты бәйгені оқи салып, еріксіз қолыма қалам ұстадым. Әрине, мен кәсіби журналист емеспін. Тек ара-тұра ойымды қағаз бетіне түсіріп, көпшілікке жолдайтыным бар.
Өкінішке қарай, менің кейіпкерім ауылда жоқ болып шықты. Сұрастырып едім, «Немересін бағуға қалаға кеткен» деген қысқа жауап алдым. Десе де Ығила апай туралы жазуды бұрыннан ойлап жүргендіктен, еш тосылмай іске кірісіп кеттім.
Бұл кісіні мен әнші ретінде бұрыннан танимын. Осыдан бірер жыл бұрын құрылған «Ақ әжем менің» әжелер клубының белсенді мүшесі Ығила апай жасы жетпіске келсе де ән салып, би билейді. Ол кісімен сахнада бірге жүрдік. Ал апайымыздың он саусағынан өнер тамған ісмер екенін кейін білдім.
Шіліктіден Зайсанға бара жатып жас келіншекпен сапарлас болдым. Өзімен бірге бірнеше жастықша әкеле жатыр екен. Бес көзді тоқылған, әдемі жіптермен көмкерілген жастықтар диван үстіне сәнге қойылады екен. Қатты қызықтым. Нағыз қолөнер! Жас келіншек оны енесінің жасағанын және арнайы тапсырыспен тігілгендігін айтты. Ең қызығы әлгі қолөнер туындысының иесі – Ығила апай екенін білгенде таңданысымды жасыра алмадым.
Сөйтіп Ығила апаймен телефон арқылы сұхбаттасудың сәті түсті. Амандық-саулық сұрасқан соң, қойған алғашқы сұрағым: – Бұл өнерді қалай және кімнен үйрендіңіз? – болды.
– Күбән есімді жеңгем бар еді, керемет ісмер болатын, – деп бастады әңгімесін апай. – Әлі есімде 4-5-сыныпта оқимыз. Әпкем Зағила екеуіміз жеңгемнің тіккен көйлектеріне қызығып, қасынан шықпайтынбыз. Сөйтіп жүріп жастық, төсек жапқышты шілтермен тоқып, ақыр соңында жемпір, көйлек, кеудеше, шұлық тоқи бастадық. Дүниенің қат кезі, керек нәрсені сәндеп өзіміз тоқып аламыз. Зағила екеуіміз қыздың жасауына да арнайы тапсырыс алып жүрдік. Ал жасым ұлғайып, алпыстан асқанда құрақ құрай бастадым. Біздің жас кезімізде кесте тігу, қолғап тоқу, төсекті аппақ шілтермен көркемдеу – үлкен өнер және маңызды жұмыс болды. Қолөнерімді өмір бойы серік еткеніме еш өкінбеймін, – деп аяқтады әңгімесін Ығила апай.

«Сен істі сүйсең, іс саған басын иеді» деген рас екен-ау-деп ойладым іштей. Өйткені, Ығила апайдың қолынан шыққан әрбір зат өте әдемі, ұқыпты жасалған және үйдің ажарын ашып тұр. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» демекші егде тартса да сұлу әрі сымбатты көрінетін апамыз өзі білген өнерін кейінгі ұрпаққа үйретуді де естен шығарған емес.
Өз басым Ығила Тұнғатова сияқты ісмер адамдармен ауылдас болғанымды мақтан етемін және ұмыт бола бастаған баба мұрасын жаңғыртып, насихаттауға өз үлесін қосып жүрген жандарды дәріптеуді қолға алған сүйікті газетіме алғыс айтамын.
Рахимаш Хамзина
Шілікті ауылы,
Зайсан ауданы.