Қолөнер құпиясын тамашалады

Халықаралық музей күніне орай облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық қорық-музейінде «Музей түні» мерекелік акциясы өтті.
Мереке алдында «Жастар» саябағында қолданбалы өнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. «Сізге арналған кәдесый» атты жәрмеңкеден келушілер өздеріне ұнаған бұйымдарын сатып алып жатты. Осыдан кейін саябақтың орталық алаңында өңірге танымал шығармашылық ұжымдардың қатысуымен үлкен концерт басталды. Ересек адамдар мен балалар «Көтеріңкі көңіл-күй рецепті» атты ойын-байқау бағдарламасына қатысты.
Бұл кезде этносаябақтағы Оралхан Бөкей атындағы павильонның алдында белгілі ақын Ұлықбек Есдәулеттің 65 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш қызып жатқан болатын. Сондай-ақ осындағы марал өсірушілердің қонысының қасында «Русская завалинка» атты фольклорлық-этнографиялық бағдарламалар мен түрлі ойындар ұйымдастырылды. Келушілер мұндағы әрбір ұлттың үйіне түнгі экскурсия жасады. Ал музейдің М.Горький көшесі, 59 мекенжайындағы ғимаратына барғандар қазақ этногрфиясына қатысты тақырыптық экскурсияға қатысып, қолөнер шеберлерінің шеберлік-сабақтарына ден қойды. Ал шаһардағы Қ.Қайсенов көшесі, 67-дегі музей ғимаратына барған қонақтар каллиграфия өнерімен жақын танысты.
– Мен «Музей түні» акциясын асыға күтемін. Көктемнің әдемі бір кешінде өтетін осынау акция маған ерекше ұнайды. Оның үстіне, осынау акция кезінде ұйымдастырылатын шаралардың да танымдық, тағылымдық маңызы зор. Көп нәрсені білесің, көзің ашылады, – дейді қала тұрғыны Алина Сарбасова.
Бұл күні «Музей түні» акциясы өңіріміздегі өзге де музейлерде әсерлі өтті. Мысалы, Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей түні» мерекесінде өткен шаралардың барлығы «Жастар жылына» арналды. Кеште тақырыптық экскурсиялар, көрмелер, сайыстар мен викториналар, жергілікті қолөнер шеберлерінің қатысуымен «Қолөнер құпиясы» атты көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Көрмеде Семейдегі №16 мектептің оқушылары өз жұмыстарын көрсетті. Музей қонақтарына облыстық Ә.Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясы мен қалалық Мәдениет сарайының әншілері мерекелік концерт ұсынды.
– Биылғы акцияның ерекшелігі ретінде «Қазақстанның киелі жерлері» атты виртуалды экскурсияны атап айтар едім. Келушілер экскурсия барысында тарих пен мәдениеттің бірегей көрінісі болып табылатын қаламыздағы сәулет ескерткіштерімен, мәдени-тарихи орындарымен танысты. Сонымен қатар тарих қойнауына саяхат жасау үшін музей залдарында байқаулар мен викториналық сайыстар өткізілді. Геолог, ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған викториналық ойын сайысы болды. Бұл сайысқа колледж студенттері мен оқушылар қатысты. Музей қорындағы XIX-XX ғасырдан мәлімет беретін «Ақ самаурын» атты көрме де келушілердің қызығушылығын оятты. Бұл көрмеге кубок, рюмка, цилиндр, сувенир сияқты әртүрлі пішіндегі самаурындар қойылды, – дейді Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы Анар Маратқызы.
Сонымен қатар музейдің жылжымалы көрме залында келушілер үшін әртүрлі фонда естелік фотосуретке түсу акциясы ұйымдастырылды.
Мерекелік шара барысында барлық ойындарға, сайыстарға белсене қатысқан қонақтарға, өнер көрсеткен әншілер, қолөнер шеберлеріне грамота, диплом, алғыс хаттар табысталып, сый-сыяпат жасалды.
Мейрам Екпін