Олимпиада чемпионы шеберлік сағатын өткізді
Риддерлік жас жеңіл атлеттердің бір күндік жаттығуы әдеттегіден өзгеше өтті. Әлемге әйгілі спортшы Ольга Рыпакованың өзі жаттықтырушы есебінде дайындық жүргізді.
Спортшы Риддерге «Ұлы Жоспар» қоғамдық бірлестігінің шақыруымен барғанын айтты. Ол әуелі шаһардың белсенді жастарымен кездесу өткізіп, Олимп шыңына шығар жолдағы алғашқы қиындықтары мен қызықтарын әңгімелеп берді. Содан кейін спорт кешенінде жаттығу жұмыстарын бастады.
– Өзім спортшылар отбасында дүниеге келгендіктен, балалық шағым да ойын алаңында емес, спорт кешенінде өтті. Спорт құрал-жабдықтарын жастайымнан меңгердім. Кәсіби тұрғыда қалыптасуға мол уақытым болды. Салауатты өмір салтын насихаттап жүрген қоғамдық бірлестіктің шақыртуын қуана қабылдадым. Жастармен уақыт өткізу, білгеніммен бөлісу – мен үшін өте қызықты, – деді Ольга Рыпакова.
Қоғамдық бірлестіктің президенті Мағжан Жұмабаев даңқты спортшымен жүздесу жастарға үлкен серпіліс беретінін айтады. Ол алдағы уақытта да жастарды жігерлендіру мақсатында осыған ұқсас іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады дейді.
Тасқын Болатұлы
Риддер.