Тәуелсіздік - 30

Ольга РЫПАКОВА: – Үш қарғып секіруге кездейсоқ келдім

Үш Олимпиадада олжа салған даңқты жерлесіміз Ольга Рыпакова 22 жасына дейін үш қарғып секіру спортымен шұғылданамын деп ойламапты. Ол, тіпті «жеңіл атлетиканың бұл түрін суқаным сүймейтін» дейді. Бізге берген сұхбатында Лондон Олимпиадасының чемпионы өзін танымал еткен спорт түріне қалай келгені туралы айтып берді.

Басқа спортшының орнына баруға тура келді

– Мен бұл спорт түріне аяқ астынан келдім десе де болады. Негізі, жеңіл атлетикамен шамамен сегіз жасымнан  шұғылдана бастадым. Менің әке-шешем спорт саласына жуық адамдар екенін өздеріңіз де білетін боларсыздар. Дегенмен, үш қарғып секіруге бірден келген жоқпын. Бастапқыда жеңіл атлетиканың жеті сайыс деп аталатын түрімен айналыстым. Ал үш қарғып секіруге 22 жасымда кездейсоқ келдім. 2006 жылы Катар астанасы Доха қаласында өткен Азия ойындарына жетісайысшы болып қатыстым, – деп еске алады Ольга Рыпакова.

Бұл жарыста өскемендік атлет топ жарады. Дегенмен, жаттықтырушылар кеңесінде Ольганың оң жамбасына келетін сайыстарды ғана таңдағаны дұрыс болады деген шешім қабылданады.

– Ол кезде биіктікке және ұзындыққа секіруден тәуір нәтижелер көрсететінмін. Алайда уақыт өте келе биіктікке секіру де менің спортым емес екенін түсіндім. Сөйтіп, одан да бас тарттым, алдымда ұзындыққа секіру спорты ғана қалды. Алдағы жарыстарға дайындықты бастадым. 2007 жылы Тайланд астанасы Бангкок қаласында жалауын желбіреткен дүниежүзілік Универсиадада 6 метр 85 сантиметр көрсеткішімен чемпион атандым, – дейді кейіпкеріміз.

Сол кездегі бір кездейсоқ оқиға болмаса, Ольганың спорттық мансабы дәл осылайша өрбір ме еді, кім білсін?! Алайда сол 2007 жылы республикалық спартакиада өтіп, жарыс алдында онда бақ сынайтын облыс құрамасында үш қарғып секірушінің орны босап қалады.

– Маған жарысқа қатыса алмайтын үш қарғып секірушінің орнына барасың деді. Бастапқыда қарсы болдым. Алайда ақыр соңында келісімімді бердім. Содан не керек, спартакиадаға дайындықты бастадым. Екі-үш апта жаттығып, өзімді үш қарғып секіруге дағдыландырдым. Жүгіру, секіру техникасын, бәрін өзгертуге тура келді. Сөйтіп, Спартакиадаға аттандым, – дейді Олимпиада чемпионы.

Ал спартакиадада жерлесіміз 14 метр 5 сантиметрге секіріп, бірден жабық кешендерде өтетін Әлем чемпионаттарының нормативін орындап тастайды. Бұрын бірде-бір үш қарғып секіру сайысына қатысып көрмеген спортшыдан мұндай нәтижені ешкім күтпесе керек. «Нәтижелеріме қарап бәрі аң-таң болды. Соған қарамастан, үш қарғып секіруге ауысқым келмеді», – деп еске алады Рыпакова.

– Жасырып қайтейін, бұл спорт түрін жаным қаламады. Алайда менің бұл қарсылығыма ешкім құлақ асқан жоқ. Тіпті, республикалық жеңіл атлетика федерациясы маған айтпай Иорданияда өтетін Азия біріншілігіне қатысатын спортшылар тізіміне тіркеп қойыпты. Тағы сол баяғы үш қарғып секіру сайысына. Алғашқыда бұл жарысқа да барудан бас тарттым. Алайда бапкерлермен және ата-анаммен ақылдаса келе, құрлықтық додаға қатысуға келісімімді бердім, – дейді ол.

 

Өз жолымды таптым

Тарихқа көз жүгіртсек, сол Азия чемпионатында Ольга Рыпакова тамаша өнер көрсетті. Жерлесіміз алтын медаль жеңіп қана қоймай, жеткен жетістігінің арқасында бірден әлемнің үздік 10 спортшысының рейтингісіне енді. Осы жеңісінен кейін үш қарғып секіру спортына біржолата бет бұру туралы шешім қабылдаған ол бұл қадамға барғанына еш өкінбейді.

– Бұл өмірімдегі ең маңызды шешімдердің бірі болды десем қателеспеспін. Азия біріншілігіндегі жеңістен кейін мен өз жолымды тапқандай болдым. Елге оралған бойда бапкерлеріммен бірге Бейжіңде өтетін Олимпиадаға дайындықты бастадық. Негізі, менің үш қарғып секіру спортын таңдауыма өзге де факторлар әсер етті. Мәселен, үш қарғып секіруге қарағанда ұзындыққа секіру спортында спринтерге тән қабілет болуы керек. Ал менде ол жағы нашарлау, – дейді даңқты жерлесіміз.

Иә, Рыпакованы Рыпакова еткен дәл осы үш қарғып секіру спорты болды десек ешкім қарсы пікір айта қоймас. Өйткені дәл осыдан кейін үлкен спорт аспанында Ольга Рыпакованың жұлдызы жарқырап жанды. Қазақстандық жеңілатлет Олимпиада, Әлем және Азия чемпионаттары сияқты дүбірлі додалардың жүлдегерлері атанып, жас мемлекетіміздің жаһанға танылуына септігін тигізді.

Жарыс жолына шыққандай қобалжыдым

Рыпакованың өзі жеңістері туралы сөз қозғалғанда бұған бапкерлері мен туған-туыстарының сіңірген еңбегі ерен екенін айтудан жалықпайды. Сондай-ақ еліміздің тұңғыш Президентіне де айтар алғысы шексіз.

– Алғаш рет Елбасының қабылдауында 2008 жылы, Бейжің Олимпиадасының алдында болдым. Әлі есімде бірінші рет жарыс жолына шыққалы тұрғандай қобалжыдым. Алайда Нұрсұлтан Әбішұлы залға кіріп келіп, жиналған спортшыларға сәлем бергенде қобалжуым су сепкендей басылды. Баяғыдан танитын адам секілді қал-жағдайымызды сұрап, емен-жарқын әңгіме бастап кеткенде бейне бір туысымызбен жүздескендей болып қалғанымыз рас. Жалпы, Елбасымен кездескен сайын тың серпін, күш-қуат, шабыт алып қайтасың. Осындай алға жетелейтін көшбасшыларымыз барда спортшыларымыз да толағай табыстарға жете берері ақиқат, – дейді жерлесіміз.

Негізі, Ольга Рыпакова үшін биылға жоспарланған Токио ойындары спорттық мансабындағы төртінші Олимпиада болайын деп тұр. Даңқты жерлесіміз бұған дейінгі байрақты бәсекенің үшеуінде де жүлдегерлер қатарынан табылған-ды. Еске салайық, өскемендік жеңілатлет 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында – күміс, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында – алтын, ал 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ойындарда қола медаль жеңіп алған болатын. Ал алдағы додада Ольгадан қандай нәтиже күтуге болады? Ол жағы әзірге белгісіз. Десек те, Ольга Рыпакованың есімі қазақ спортының тарихына әлдеқашан алтын әріптермен жазылып қойған. Өйткені қазақстандық спортшылар арасында үш Олимпиададан жүлдемен оралған саңлақ кемде-кем.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button