Өлеңнің «Құсқанаты» Өскеменге келді
Өлең өрнегін шиырлап, қара сөз бен қаламды өміріне серік ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені өлең – таланттының тәлейіне ғана бұйыратын бақ. Басқа қонған бақты бағалап, халықтың қазынасын өлең етіп өзіне қайтарып беруді бұлдамайтын ақындар баршылық. Солардың бірі – ақын Ербол Бейілхан.
Жырсүйер қауым Пушкин атындағы облыстық кітапханада бас қосты. Өлеңнен өмірдің мәнін іздейтін рухани жандардың бас қосуына ақын, жазушы, Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық поэзия академиясының академигі, «QUNDAQ» қоғамдық қорының директоры Ербол Бейілханның келуі себепкер болды. Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, оқырманын тауып үлгерген ақынның жыры халықтың жанына жақын. Сол бір жүрекке жылы тиер ақынның өлеңдерін Өскеменде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан «Шабыт» студенттер театрының өнерпаздары нақышына келтіре оқып, кітапхана сахнасында жыр керуенін жасады. Ақынның адамның жан әлемімен астасып, халықтың рухымен үндесіп жатқан жырлары студенттердің оқуында ерекше үйлесім тауып, жиналған жұрт жырмен сусындады.
– Бүгін мені өлең оқитын жастардың бары қуантты. Жаңа ғана сахнада өрімдей жастардың өлеңді түрлендіріп, гүлдендіріп оқығаны жүрекке жылу, көңілге сенім сыйлады. Мен бүгінгі оқырмандар мен өлең оқыған жастарға қарап отырып жұрттың рухани жұтаң емес екендігіне көз жеткізгендеймін. Ақынның алты шумақ өлеңінің бір шумағы оқылса да – бақыт. Өлеңді ақын жазғанымен халық қажетіне жарату керек. Сол бір сүбелі жырларды, өрнекті өлеңдерді жұрт өзінің қажетіне жаратып жатса, елдің рухани бай екендігінің көрінісі болмақ. Рухани бай болсақ, ұлтымыз асқақ, ұрпағымыз мықты болмақ. Осы бір рухани кешті ұйымдастырып, оқырмандармен кездесуге дәнекер болған кітапхана ұжымына алғыс айтамын, – деді ақын кездесу барысында.
Ақын Ербол Бейілханның өлең-жыры жұртқа кеңінен насихатталып жүр. Автордың өлеңдері «Жас толқын», «Бай бесік тұмалары», «Астана-жыршуағым», «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы», «Баян-Өлгейден балғын жыр», «Азаттық таңындағы азат жыр», «Тілтолғау» жыр жинақтары мен республикалық көптеген газет-журналдар мен сайттарда жарық көрген.
Сонымен қатар ақын – «Әжімсіз жүрек…», «Маралоты», «Мәжнүнтал», «Құсқанаты» атты төрт кітаптың және «Біз екеуміз» атты өлеңдер аудио дискісінің авторы. Шығармалары түрік, әзірбайжан, испан, француз, орыс, қырғыз, өзбек, моңғол тілдеріне аударылған.
Алтайда жыр керуенін жасауды жоспарлап шыққан ақын қалалық Оралхан Бөкей атындағы кітапханада да оқырман қауыммен кездесті. Кітапханаға жиналған жастар ақындық тағдыр айналасында сан түрлі сұрақтар қойып, ақынмен еркін сұхбат құрды.
– Ақын Ербол Бейілханның шығармашылығымен бұрыннан таныспын. Автордың шығармаларын оқығанда лириканың иіріміне бойлап, тағдырдың талай қырын аралап қайтасың. Ең бастысы, жалықтырмайды. Өйткені өлеңі өмірдің өзінен алынғандықтан болар. Бұл жолы ақынның өзімен сұхбаттасудың сәті түсті. Оқырманы ретінде ойда жүрген сұрақты қойып, өлеңін тыңдадық. Ақынға шығармашылық табыс тілеймін, – деді оқырман Төленді Исағұлов.
Осылайша өлең өлкесінде өзіндік ізі, өрнегі бар ақын «Құсқанатын» арқалап, Алтайына жыр оқып жүр. Келесі кезекте университет студенттерімен де кездесіп, жалынды жастарға арнап жыр оқымақ. Жырына жұрт үйір болса, ақынның Шығыстағы шығармашылық сапары әлі талай жалғаспақ.
Алтай Ғали-Асқар