Қаламгер

«Әр көктемнен күтемін бір жаңалық…»

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада ақын, аудармашы, «Серпер» сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгермен тамаша кездесу өтті. «Әр көктемнен күтемін бір жаңалық…» атты кездесуге мектеп оқушылары мен студенттер, ақынның оқырмандары қатысты.  

 Ақынмен жүздесу сұхбат форматында өтті. Саят Қамшыгер – ақын ғана емес, аудармашы. Оның  «Тастамашы, ана!»,  «Ертегісіз өткен балалық», «Көше балалары» атты аударма кітаптары жас ұрпақтың бүгінгі таңдағы өзекті мәселесін көтереді. Сондай-ақ Саят  қырғыз ақындарының да өлеңдерін қазақша сөйлетіп жүр.

Жалпы, ақынның Өскеменге келгендегі негізгі мақсаты –оқырмандармен кездесу. Башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана» кітабын қазақша сөйлеткен қаламгерді  қаладағы «Білім-инновация» лицейінің оқушылары  кездесуге арнайы шақырған екен.

«Тастамашы, ана» кітабы  оқырмандардың зор қызығушылығын тудырып отыр.   Бес рет баспадан шыққан кітап жақында алтыншы рет басқа мұқабамен жарық көрмекші.

–Кітапты жазу, аудару бар да, оны насихаттау, оның жоқшысы болу, оны оқырмандарға таныстыру тағы бар. Өскеменнен он оқырман тапсам, шексіз қуаныштымын. Кітапты бүкіл қоғам болып насихаттауымыз керек, – дейді Саят Қамшыгер.

Айтуынша, «Тастамашы, ана» кітабы жарыққа шыққаннан кейін оған оқырмандардан көп хаттар келіпті. Сол хаттарды оқудың өзі қаламгерге үлкен шабыт сыйлайтын көрінеді. «Кітап тағдырларға, адамның адамшылығын сақтап қалуға әсер етсе, ол – сіз мен біздің жеңісіміз» дейді қаламгер. Қазіргі кезде «Тастамашы, ана» кітабының авторы Айгиз Баймұхамбетов  Башқұрт Жазушылар одағының төрағасы, «Сұңқар» атты балалар журналының бас редакторы көрінеді.

Әрине, ақынмен  кездесуде  қонақкәде-өлең сұрау дәстүрі де бар. Кездесуге жиналған жұртшылық ақынның  жүрегінен шыққан туған жер туралы  рухты өлеңін тыңдап, жігерленгендей болды.

Ел қадірін білмеген бар, білген бар,

Ауылды айтсам төгіледі тілден бал.

Шет жүргенде алақандай ауылдың,

Түтінін де сағынатын күндер бар.

Демеймін мен бұл қылықты өрескел

Туған жері болмаса егер ер не істер?

Ауыл десем көз алдыма жусан кеп,

Кең пейілді нар тұлғалар елестер…

Өлең оқыған ақын туған жерге деген сағыныш сезімін еш жасырмады.

«Өскеменді де, Семейді де  қатты сағынамын» деді ол тебіреніп.

Ақынға «Тегіңіз Қамшыгер екен. Оралхан Бөкейдің «Қамшыгер» хикаятын  оқыған боларсыз. Жалпы, жазушының шығармашылығымен қаншалықты таныссыз?» деген сауал да қойылды.

–Оралхан Бөкей – қазақтың беткеұстар жазушыларының бірі. Шығыстан шығып бүкіл қазақты өзінің сөзімен баураған  қаламгер. Шамамен тоғызыншы сынып оқып жүрген кезімде мен Оралхан Бөкейдің  «Мұзтау» деген кітабын оқыдым. Сондай қатты ұнады. «Мұзтауды» оқығаннан соң, Катонқарағайға,  Шыңғыстайға барғым, Мұзтауды көргім келді. Бірақ ол арманыма әлі жете алмай жүрмін. Бір жыл бұрын Оралханның Кербұғысынан бастап біраз шығармаларын қайтадан оқып шықтым. Сол кезде жазушы шығармаларын бала кезде оқығанның бөлек, қазіргі кезде оқыған тіпті бөлек екенін түсіндім. Оралхан Бөкейдің шығармаларын әрбір қазақ оқуы керек, – деді ақын.

Саят Қамшыгер аударма ісі туралы да біраз нәрсені айтып өтті. Аударма – машақаты көп жұмыс. Әсіресе «Тастамашы, ана» кітабын башқұрт тілінен аудару барысында көп кедергіге тап болыпты. Түркі тілдес халықтармыз деп ауыз толтырып айтқанымызбен, бірақ әлі күнге дейін қазақша-башқұртша, қазақша-қырғызша бір сөздік жасай алмай жүргенімізге қынжылыс білдірді. Сөздікті қалыпқа келтірсек, туыс халықтардың бір-бірімен жақындай түсетінін айтты.

Саят Қамшыгер өзі қызмет істейтін  «Алтын сақа» баспасының жұмысымен де оқырмандарды таныстырып өтті.

Айтуынша, «Алтын сақа» баспасының құрылғанына небары  екі-ақ жыл болса да, біраз шаруаны тындырып жатқан көрінеді. Тек өткен бір жылдың ішінде, балалар  жылы аясында  бұл баспадан 104 кітап жарық көріпті.

 –Боямақтардан бастап, біраз кітапты шығардық. Қазір балалар не бояп жүр десек, әлі «Том мен Джериді», «Маша мен аюды» бояп жүр екен. Сонда өзіміздің төл өнеріміз қайда қалды? Содан біз не істедік? «Асыл мұра», «Үй жануарлары» атты боямақтар шығардық. «Кім болам?» деген кітап жазып, балалар әдебиетінің дамуына аз да болсын өз үлесімді қостым, – деді Саят Қамшыгер.

«Кітапханашылар – менің достарым.  Кітапханаға жиі барамын» дейді ақын.

Кездесу соңында қаламгер оқырмандармен бірге естелік суретке түсіп, қолтаңба берді.

 

Back to top button