Өлең өрнегіндегі «Өң мен түс»
Өлке әдебиетіне өзіндік үлесін қосып жүрген қаламгерлер әр өңірде бар. Сол бір санаулы қаламгерлердің бірі – Тарбағатай ауданының ақын қызы Гүлманат Әуелхан. Ауылда жатып-ақ өлеңнен өз әлемін тапқан ақынның «Өң мен түс» атты жыр жинағы оқырманға жол тартты.
Жыр жинағының тұсаукесері облыстық Пушкин атындағы кітапханада автордың қатысуымен өтті. Кітапхананың «Әдеби-HAB» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға оқырман қауым, студенттер және қаламгерлер қатысты.
– Гүлманат – өлең өлкесіне өзіндік өрнегімен келген ақындардың бірі. Өзі ақын болып қана қоймай, соңынан ақын шәкірттер ерте білген ұстаз-ақын. Шабыт – шекарамен шектеліп, орын таңдамайтын қасиет. Сондықтан болар, Гүлманат ауылда жатып-ақ сан түрлі тақырыпты жырға қосып, өз мәнерінде жырлап келеді. Қай уақытта болмасын қаламгерлер тарапынан шығармашылығы бағаланып келеді. Сол бағаға сай өрнекті өлең өріп, руханиятқа үлесін қосу үстінде. Ақынға шығармашылық табыс тілеймін! – деді тұсакесерге қатысқан ақын Әскерхан Ақтай.
Кітаптың тұсауын кескен ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақытжан Райысова ақынның жыр жинағының көп боларына сенім артты. Оқырманға жол тартқан жаңа кітапқа ақ жол тілеген айтыскер ақын Абаш Кәкенов әнмен шашу шашып, ақынға шығармашылық табыс тіледі. Ал рухани кездесуге келген жастар кезек-кезек шығып, ақынның өлеңдерін оқыды. Осылайша өлеңге құмар жастар жыр кешін бір көтеріп тастады.
– Мен өскен ортамнан өнерге сусынып қанып өскен жандардың бірімін деуге болады. Өйткені мен туған ауыл өнердің ордасы іспетті еді. Отбасым да сөз өнеріне жақын жандар болды. Әкем қазақ тілінің маманы, ақын болды. Бізге сөздің мәйегін үйретіп, кітап оқуға баулыды. Содан болар, бала күнімнен өлеңге жақын болып өстім. Өсе келе өлеңнің тізгініне жармастық. Міне, сол ақын болам деген арманның жемісі – алдарыңызға әкеліп отырған «Өң мен түс» кітабым, – деген ақын ары қарай оқыманды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Бұл ақын жырларының оқырманға бірінші рет жол тартуы емес. Ақынның өлеңдері осыған дейін «Жас толқын», «Қоштасқым келмейді», «Алатау жырлайды», «Сезім тамшылары» атты жыр жинақтары және «Қазақ поэзиясы» антологиясы арқылы өз оқырманын тапқан. Қаламгер – «Жүз өлең» жыр кітабының авторы. Қазіргі уақытта Тарбағатай аудандық білім беру бөліміне қарасты ақындар мектебінің жетекшісі.
Осыдан-ақ ақынның жыр тізгініне жол ортадан жармасып, өлеңші болып жүрмегенін көруге болады. Қазақтың қасиетті қара өлеңін өзіне серік етіп келе жатқан ақынға шығармашылық табыс тілейміз!
Алтай Ғали-Асқар