Қоғам

Қола жауған күн

Қола жауған күн


Канаданың Тремблан өңірінде фристайлдың могул түрінен өткен Әлем кубогы кезеңінде шығысқазақстандық спортшылар Дмитрий Рейхерд пен Юлия Галышева үздіктер қатарынан көрінді.

Атап айтқанда, ерлер арасындағы сайыста сынға түскен Дмитрий Рейхерд 88.44 ұпай жинап, қола медальға қол жеткізсе, қыздар бәсекесінде өнер көрсеткен Юлия Галышева да 84.61 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Рейхерд 93.88 ұпай жинаған жапониялық Икума Хорисима мен 93.27 ұпай еншілеген канадалық Микаэль Кингсбериге ғана жол берді. Галышева болса, Канада елінің қос өкілі Жюстин Дюфур-Лапуант (87.43) пен Энди Наудеден (85.36) қалып қойды.

Бұл шығысқазақстандық фристайлшылардың жаңа маусымдағы алғашқы жүлделері емес. Бұған дейін Дмитрий Рейхерд Әлем кубогының төрт кезеңінде күміс медаль иегері атанса, Юлия Галышева екі рет (бір алтын, бір күміс) жүлдегерлер қатарынан көрінген-ді.

Айта кетер жайт, Трембланда жарыс жолына шыққан тағы үш жерлесіміз Аяулым Әміренова, Павел Колмаков пен Дмитрий Бармашов алғашқы жиырмалықтан көріне алмады.

Дәл осы күндері Францияның Межев өңірінде фристайлдың могул түрінен мәреге жеткен Еуропа кубогы жарысында тағы бір жерлесіміз Олег Цинн тамаша өнер көрсетіп, қола жүлдеге ие болды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button