Аймақтар аухалы

Қол жеткен жетістіктер аз емес

Әлемді жайлаған пандемияға қарамастан экономикасы қалыпты дамып жатқан аудандардың бірі Глубокое. Бүгінде бірқатар мемлекеттік бағдарламаның қаражатын игілікке жарата білген глубокоелықтар әлеуметтік-экономикалық және мәдени салаларды шатқаяқтатқан емес. Ауыл-аймаққа ауызсу жеткізу,  жарығын тартып, жолын салу жұмыстары әдеттегідей жалғасын табуда. Ауданның соңғы он ай көлемінде жеткен жетістіктері туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген аудан әкімі Тамара Рахымжанова айтып берді.

 Тұрақты дамып келеді

– Өздеріңізге белгілі биыл қыркүйек айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауын жариялаған болатын, – деді Тамара Рахымжанова. – Мемлекет басшысы қойған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап, халықтың әл-ауқатын арттыру,  жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Осы ретте ел Үкіметі оны іске асырудың жалпыұлттық жоспарын бекітіп, онда мемлекеттік басқару, экономикалық және аумақтық даму, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, экология, азаматтардың мүдделерін қорғау және олардың мемлекет басқару ісіне араласу, сондай-ақ ұлтымызды сақтау салаларына қатысты бірқатар мәселелер қамтылды. Облысымызда Жолдауды кезең-кезеңімен іске асыру жоспары бекітілді. Біздің жұмысымыз осы жоспарды негізге ала отырып жүргізіледі.

Ауданның бірқалыпты дамып келе жатқанын алға тартқан ол биылғы жылдың 10 айында аудандағы ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі 102,4 пайызды немесе 33,1 млрд. теңгені құрағанын атап өтті. Осы уақыт аралығында жеке сауда көлемі 6,4 пайызға ұлғайған. Сондай-ақ  негізгі капиталды дамытуға құйылған инвестиция мөлшері 31 пайызға артқан. Аудандағы құрылыс жұмыстары қарқын алып, өткен жылмен салыстырғанда 119 пайызға артып, аталмыш салада жалпы сомасы 4,8 миллиард теңгенің жұмыстары атқарылған.

– Дегенмен, өнеркәсіп өнімдерін өндіруде көрсеткіштердің бірқатар деңгейде төмендеуі де орын алды, – деді ол. – Оның басты себебі – «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Белоусовка кен орны жұмысының тоқтауымен байланысты. Осылайша, биылғы жылдың он айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 23,5 млрд  теңгені немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғандағы көрсеткіштің 73,9 пайызын құрады.

Алайда, аудан аумағында жұмыс істеп жатқан «ГРП BAUR GOLD» кәсіпорны алтын өндірісін 52,6 пайызға, ал «ГМК ALTYN MM» кәсіпорны 33 пайызға арттырған.

Сонымен қатар 2020 жылдың 1 сәуірінде «BM FACTORY PROJECT» ЖШС  Белоусовка  кен-байыту комбинатының жұмысын қайта жандандырды.

Тұрғындарды толғандыратын мәселелер

– Тұрғындарды бірінші кезекте толғандыратын мәселе – тұрғын үй, ауызсу құбырларын тарту мен жол жөндеу мәселесі екені белгілі, – дейді Тамара Рахымжанова. – Бұл бағытта аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың аз еместігін айта кеткім келеді. Атап айтсақ, қазіргі уақытта Глубокое кентінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Оның жалпы құны – 483,7 млн теңгені құрады. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 15 пәтер көпбалалы отбасыларға, 45 пәтер  баспана кезегінде тұрғандарға сатып алу құқығынсыз жалға берілді.

Бұдан бөлек, аудан орталығында 10 екі пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр. «Терезе» ЖШС мердігер болып келетін жоба аяқталған соң, аудандағы  көпбалалы 20 отбасы баспаналы болатын көрінеді.  Қазіргі уақытта үйлерді сатып алу үшін облыстық бюджеттен 280 млн теңге бөлінсе, тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту үшін аудандық бюджеттен 28,2 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Бұған қоса, «Өңірлік даму» бағдарламасы бойынша қолға алынған бірқатар жобалар аяқталуға жақын. Атап айтсақ, қазіргі таңда Уварово және Тарханка ауылдарын ауызсумен қамтитын жоба мәресіне жақын қалған. Жалпы ұзындығы 70 шақырымға шақтайтын ауызсу құбырлары қос ауылда тұрып жатқан 3280 адамды таза ауызсумен қамтамасыз етпек.

Сонымен қатар адам саны аз Карагужиха ауылы мен Ульба Перевалочная станциясына жалпы сомасы 25,8 млн теңгеге ауызсумен қамтамасыз ететін блокты-модульді станция орнатылды. Ауыл-аймақ халқын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Малоубинка ауылына су құбырлары жүйесін салу жобасы әзірлену үстінде.

Бағдарламалардың көмегі көп

– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық маңызы бар  Белоусовка кентінен өтетін автожол 84,8 млн теңгеге, Глубокое кенті арқылы өтетін тасжол 60 млн теңгеге, кіреберіс жолы 50 млн теңгеге орташа жөндеуден өткізілді, – дейді Тамара Рахымжанова. – Жолдарды қалпына келтіру жұмыстарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» да септігін тигізуде. Аталмыш бағдарлама шеңберінде Глубокое кентіндегі көшелерді орташа жөндеуден өткізуге 155 млн теңге, ал Глубочанка өзенінен өтетін көпір салуға 166,5 млн теңге бағытталды.

Аудан әкімінің айтуынша, 91,2 млн теңге сомаға абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Аудан орталығындағы аулаларға жеті ойын алаңы орнатылып, екі сквер, футбол, хоккей, волейбол және баскетбол алаңдары қайта жабдықталған. Оған қоса, Чернобыль атом-электр станциясындағы апатты ауыздықтауға атсалысқандарға арналған ескерткіш орнатылды.

Аталған бағдарламаның арқасында аудан аумағындағы Быструха, Кожохово, Уварово, Прогресс, Алтай, Малоубинка, Веселовка, Предгорное, Черемшанка, Прапорщиково сияқты он елді мекендегі мәдениет үйлері 67,7 млн теңгеге жөнделді.

– Жалпы сомасы 234,1 млн теңгеге 15 білім ордасының ғимараттары мен бір балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жөндеуден өткізілді, – дейді Тамара Рахымжанова. – Сондай-ақ аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі орналасқан ғимаратқа 46,4 млн теңгеге толықтай қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Зимовье ауылында орналасқан арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығының ғимараты жөнделіп, шатыры мен қасбеті қайта қалпына келтірілді. Бұған қоса, Солнечное кентіндегі қиын өмірлік жағдайда қалған азаматтарға көмек көрсететін орталыққа да дәл осындай жұмыстар жүргізілді.

Өз қаражаты өзіне жұмсалады

Ауылдық және кенттік округтерде де бюджеттің төртінші деңгейіндегі қаражатты іске жарату жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл осы бағытта ауылдарды ауызсумен қамтуға байланысты Кожохово, Предгорное, Перевальное, Черемшанка, Секисовка сияқты елді мекендерде қолға алынған бес жобаның жалпы құны  15,4 млн теңгені құрады. Сонымен қатар бюджеттің төртінші деңгейіндегі қаражатқа үш аудандық, жеті ауылдық стеллалар, Прапорщиково, Планидовка және Черемшанка ауылдарындағы үш көпір мен Алтай, Белоусовка, Ертіс ауылдық округтеріндегі елді мекендерде жарық шамдары қалпына келтірілген.

– 2020 жыл аудан үшін есте қаларлық жыл болатыны сөзсіз. Өйткені көп жылдар бойы қолға алынбай келе жатқан аудан орталығы Глубокое кентіндегі Мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан аталмыш құрылыстың қазіргі уақытта соңғы нүктелері қойылуда. Менің бақылауымда тұрған бұл нысанның маңы абаттандырылып жатыр, – деді Тамара Рахымжанова.

Коронавирустық инфекцияның алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, күн сайын тұрғындар арасында түрлі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы санитарлық талаптар түсіндіріліп отырады. Оған қоса, арнайы құрылған мобильді топтар қоғамдық көліктердегі санитарлық талаптардың сақталуын қадағалауда. Анықталған кемшіліктер мен заңбұзушылықтар бойынша айыппұл санкцияларын қолдануда.

– Мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілеріне, олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіледі, – дейді Тамара Рахымжанова. – Сонымен қатар білім мекемелеріне келіп оқитын және онлайн білім алатын оқушылар арасында тең дәреже сақталып, онлайн форматта білім алатын оқушылардың барлық материалдық-техникалық жағдайлары қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда 20 эпидемиологиялық-қадағалау бригадасы ПТР нәтижелері оң болып шыққан науқастармен және олармен жақын қарым-қатынаста болғандармен жұмыс жүргізуде.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button