Қоғам

Қол жеткен табыспен шектелмейміз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселелеріне де ерекше назар аудару керектігін айтқан. Дәлірек айтсақ, алдағы уақытта кәсіби спорттан гөрі, халық жаппай айналысатын спорт түрлеріне көбірек көңіл бөлу қажет екенін мәлім еткен. Бұл әсіресе, шалғайдағы елді мекендерге қатысты екені сөзсіз.

Бұл жағынан алып қарағанда Күршім ауданында ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар тындырылуда. Бүгінде ауданда халықтың спортпен жүйелі түрде шұғылдануына арналған 199 спорт нысаны бар. Оларға 35 спорт залы, 12 шайбалы хоккей қорабы, екі стадион, екі ипподром және 144 жердегі жазық спорт құрылғылары жатады. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт, сондай-ақ білім бөлімдерінің мамандары, ауылдық округтердегі спорт және жастармен жұмыс жөніндегі нұсқаушылар, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары, сонымен қатар аудан мектептеріндегі дене тәрбиесі мұғалімдері осы саладағы жұмыстарды ұйымдастырып, басшылық жасап отырады.

Аудандағы спорт саласының инфрақұрылымына, спортпен айналысуға жасалған жағдайға тоқталар болсақ, соңғы 10 жылда 11 спорт залы, бір стадион, жасанды жабыны бар төрт шағын футбол алаңы, төрт хоккей қорабы, бір ипподром салынып, аудан тұрғындарының пайдалануына берілді. 2014-2016 жылдары Күршім ауылындағы спорт кешені күрделі жөндеуден өтті. Аталмыш кешен заман талабына сай барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етіліп, бүгінде аудан тұрғындарына барынша қолайлы қызмет көрсетіп тұр. Биыл кешеннің төбесі қайта шатырланып, қабырғалары жұқа қаңылтырмен қапталды.

2019 жылы Күршім, Сарыөлең, Қалжыр, Боран ауылдарында жасанды жабыны бар шағын футбол алаңдары және воркаут нысандары салынып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Сонымен бірге, аудан орталығындағы «Сарытау» стадионының жасанды жабыны ауыстырылды. Ал Күршімдегі көпшілікке аян бассейннің құрылысы 2020 жылдың соңына дейін аяқталатын болады.

Ауылдық округтер туралы сөз қозғар болсақ, дәл қазір Күршімде  – 10, Құйғанда – 2, Сарыөлеңде – 2, Балықшыда – 2, Маралдыда – 2, Абайда – 3, Қалғұтыда – 1, Ақбұлақта – 1, Боранда – 3, Қалжырда – 3, Марқакөлде  алты спорт залы бар. Тек Төсқайың ауылдық округінде ғана спорт залы жоқ.

Ауданда 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 270 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 14 мыңға жуық адам атсалысты. Күршімде спорттың волейбол, футбол, шағын футбол, футзал, баскетбол, қол күресі, гір спорты, шайбалы хоккей, үстел теннисі, бильярд, шахмат, дойбы, көкпар, аударыспақ, жеңіл атлетика, еркін күрес, қазақ күресі, шаңғыдан жастар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстар өткізу жолға қойылған. Өңірде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру және жастар мен жасөспірімдердің бойында патриоттық, отансүйгіштік сезімін қалыптастыру бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.

2020 жылы Алғабас ауылында Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты қазақ күресінен, Күршім гимназиясында қол күресінен, сондай-ақ  Теректібұлақ ауылында 50 жастан асқан ардагер спортшылар арасында және Марқакөл ауылында 40 жастан асқан спортшылар арасында волейболдан дәстүрлі турнирлер өтті. Пандемияға байланысты бүгінде спорттық іс-шараларды өткізу мүмкін болмай тұр.

Тағы бір айта кетер жайт, Қайыңды, Маралды, Үшбұлақ, Теректібұлақ пен Қаройдың бүгінде еліміздің өзге өңірлерінде тұрып жатқан тумалары тұрғылықты азаматтармен бас қосып, мамыр-маусым айларындағы «Ауыл күні» аясында өз ауылдарында волейбол, шағын футбол, қол күресі, гір көтеру, ат спорты сияқты спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырды. 21-22 маусымда Марқа өңірінің ардагер спортшылары өмірден өткен әріптес-достарын еске алу мақсатында волейбол, шағын футбол мен жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен ауданаралық жарыстар өткізген-ді.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында спорттың бірнеше түрінен алты жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оларға негізінен 14-29 жас аралығындағы азаматтар қатысты. Аталмыш жарыстардың жеңімпаздарын облыстық және республикалық додаларға жіберу жоспарлануда.

Бүгінде аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорт жарыстарын өткізуді жолға қою және спортпен жүйелі түрде айналысуға қолайлы жағдай жасау жұмыстарының нәтижесінде аудандағы спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 7 449 адамға жетіп, 31,8 пайызды құрап отыр.

2020-2021 оқу жылында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 878 өрен жаттықты. Осы балғын спортшылардың облыстық және республикалық жарыстарда қол жеткізген жетістіктері атап өтуге тұрарлық. Олардың арасынан 13 спорт шеберіне үміткер мен 24 бірінші разрядты спортшы шығып, тағы 320 оқушы екінші разряд талаптарын орындады. 29 оқушы облыс құрама командасына мүше болды.

Жалпы, бүгінде спорттық іс-шараларды өткізу жағынан Күршім, Марқакөл, Сарыөлең, Құйған, ауылдық округтері әкімдерінің атқарып жатқан жұмыстарын атап өтуге болады.

Ендігі міндетіміз – аудан тұрғындарының спортпен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасауды жалғастыру және спорттық нысандары жоқ ауылдарға қатысты мәселені шешу.

С.Дүйсенғазин,

Күршім аудандық мәдениет  тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары

Осы айдарда

Back to top button