Ол тамаша сатирик еді

Жерлесіміз, марқұм Марат Сақатовты мұқым ел біледі. Ол «Тамаша» арқылы танылды. Өткен ғасырдың 70-інші жылдары Марқакөл аудандық мәдениет бөлімінде өнерін ұштаған актер, режиссер, сатирик Марат Сақатов одан кейін үлкен сахнада шыңдалды.
Мәдениет министрінің орынбасарымын. Бір сапармен Германияға бірге бардық. Ол көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі, мен – министрдің орынбасары. Әйелі де барды. Ер азамат жол үстінде танылады емес пе, сол сапарда мен оның адамгершілігі жоғары екенін білдім, салт-дәстүрге жүйріктігіне тәнті болдым, тарихқа құмарлығына қайран қалдым. Ортақ тіл табысуымыз оңай болды, барғаннан келгенше халық мәдениетінен тартып әңгіме айттық. Амал қайсы, ортамыздан ерте кетті», – деп еді көзі тірісінде белгілі театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай.
Биылғы шілдеде Марат сақатовтың туғанына 70 жыл толады. Соған орай, әріптестерінің, ұлының естелігін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Редакция.
ЕСМҰҚАН ОБАЕВ, Қазақстанның халық артісі:

– 70-ші жылдары Семейдегі Абай атындағы облыстық драма театрында марқұм Марат Сақатов екеуіміз бірге қызмет еттік. Мен бас режиссер, ол кезекші режиссер болды. Сол кезден басталған достығымыз, сырластығымыз марқұм о дүниеге аттанғанша жалғасып тұрды.
Әр адамның есте қалатын жақсы қасиеті болады. Марат дүниенің бәрін нақтылы жасайтын. Тұңғыш рет «Еңлік-Кебекті» мен қояйыншы деп сұрады. «Қойыңыз» дедім. Марат шығармашылық ұжыммен жұмыс істегенде өзінің режиссерлік жаңа қырын танытты. Бұрынғы қойылып жүрген таптаурын «Еңлік-Кебектен» Марат басқа «Еңлік-Кебек» жасады. Режиссер ретінде ескерткіш сияқты спектакль жасады. Бірнеше жеңіл жанрдағы пьесалар қойды. Ол өзі бір жағынан режиссер ғана емес, қалам ұстайтын сатирик еді. Карқылдап тұрып күлгенде бойынан бір тазалық көрініп тұратын. Өзі таза жігіт болатын. Отбасы да жарасымды болды. Әйелі де театрда актриса болды. Екеуі ізгілікке, тазалыққа жақын еді.
Кейін өзінің «Тамаша» театрын ашып, сонда сценарист, режиссер ретінде бірталай дүниелер жазып, сахналады. Шығармашылығы ылғи ізденуден тұрды. Кішкентай ғана сықақ, эпиграммаларының өзінде мазмұны терең тақырыптар жататын. Шығармашылығында елге ой салатын, мәнді оқиға іздеп жүретін.
Режиссер ретінде, тамаша адам ретінде өнерде әркім тұлға бола бермейді, оның өзіндік тұлғалығы сол қазақилығы, әдебиетті, ауыз әдебиетін қатты зерттеді.
Балаларын тәрбиеледі. Балалары Құдайға шүкір, өзінің жолын қуып жүр. Алматы – жақсы актер. Мен ректор болып тұрған кезде Өнер академиясын бітірді. Ол да қағылез, ізденімпаз жігіт. Әкесі жетпеген мұраттарға ұлы жететін шығар деп ойлаймын. Әкесі туралы кітап шығарып, концерт ұйымдастырып жатыр. Осының бәрі әке алдындағы парызының ақталғаны.
Жас шамамыз біраз болғанмен сырлас дос болдық. Қызметтес коллега болдық. Телевиденияда, театрда істеген еңбектерінің игілігін ел көріп жатыр. Марат Сақатовтың менің жүрегімде қалған бейнесі осындай.
Жолаушы ТҰРДЫҒҰЛОВ, мәдениет қайраткері:

– Мен Маратпен Марқакөлде бірге жұмыс істедім. 1971 жылға дейін әртүрлі жұмыстар атқарған, ол көп жылдар аудандық ішкі істер бөлімінде Ақбұлақ ауылы бойынша инспектор қызметін атқарған. Осы жұмыста көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, ауылдық өнерпаздардың басып қосып жүрді. Ақыры өнерге біржола бет бұрып, инспекторлық жұмысын тастап, Марқакөл аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа орналасты. Содан бастап Мараттың тынымсыз еңбек жолы – нағыз өз жолы басталды.
Марат Марқакөл халық ағарту театры, халықтық «Сәуле» үгіт театры және халықтық «Марқакөл» ұлт-аспаптар оркестріне де көп еңбек сіңірді. Осында драмалық жұмыстарға режиссер Ораз Кәкеев екеуі жетекшілік жасады.
Ойлап қарасаң, қазіргі неше түрлі КВН дегендерді Мәкең сол кезде-ақ бастаған екен. Мараттың өзі ойлап тапқан, жазған әрі сахнаға лайықтаған сценариіне өзі режиссерлік жасап, бүкілодақтық байқаудың сарапшыларын мойындатқан. Мен осы уақытқа дейін Мәкеңнің өнерінің, талантының, талғамының биіктігіне таңданамын.
1972 жыл – жемісті жыл болды. Зейнолла Омаров ағамыздың басшылығымен, көптеген халық таланттарын өнерге әкелді, аудан, облыс халқына танымал етті. Ал бір жылдан соң «Ақтолқын» ән-би ансамблі тағы да жеңіске жетті. Мұнда да режиссері әрі сценарисі Марат Сақатов еді. Сол 1972 жылы Мәкең Мәскеудің Щукин атындағы жоғары театр училищесінің режиссура бөліміне түсіп, оны 1976 жылы үздік белгімен бітіреді. Дипломдық жұмысына С.Жүнісовтің «Ажал мен Ажар» драмасын таңдап, Мәскеуден келген доцент Осакина (комиссия басшысы) өте жоғары бағасын берді.
Сахнаға әзіл-сықақ жазуды Мәкең 1970 жылдан бастап еді. Жалпы Мараттың өсу жолдары әуелі автоклуб меңгерушісі, методист, сценарист, халық театрының режиссері, үгіт-театр режиссері, мәдениет ағарту техникумының мұғалімі, Семей облыстық драма театрының режиссері, Қазақ телевидениясының редакторы, диафонд бірлестігінің, миниатура театрының бас режиссері, «Арқас» тобының режиссер-жүргізушісі, Б.Ибрагимовтың әзіл-сықақ театрының сценарисі әрі бас режиссері, «Тамаша» ойын-сауық отауының алғашқы сценаристерінің бірі әрі сықақ-сценаларының белсенді авторы болып жалғасады. Сонымен бірге, өз қолтаңбасы бар ақын әрі композитор, актер деп ауыз толтырып айтуға болады. «Тамаша», «Бауыржан-шоу» думандарында 400-ден астам әзіл-сықақ қойылымдары сахналанды. 1979 жылы гастрольдік сапармен Марқакөлде болған Құдайберген Сұлтанбаев пен Тұңғышбай Жаманқұлов Мараттың халық театрынан «Тамашаға» көптеген жаңа, тың тақырыптар алып еді.
Режиссура саласында дүниежүзілік классиканы халық театрында қойған бірден-бір режиссер М.Сақатов еді. 1976-1980 жылдары Гогольдің «Ревизоры» мен Шекспирдің «Отеллосын» сахнаға шығарды. Марат Сақатов Марқакөлдегі халық театрында «Қозы Көрлеш — Баян сұлуды», «Ақан сері – Ақтотыны», «Қуырдақ дайынды», «Махаббат машақатын», «Дауылды», «Кереметті», «Қыр гүлін», «Қаракөзді» (Ораз Кәкеевпен бірігіп), сахналады.
«Сәуле» үгіт театры жайында әңгіме қозғасам, Мәкеңнің жасаған еңбегі өлшеусіз еді. Небір керемет ұтымды, тапқыр көріністер, көркемдік шешімдер Мараттың басына қайдан, қалай келеді деп таңғалушы едік. Халықтық «Ақтолқын» ән-би ансамбліне де Марат өзі басшылық жасады, сценариін жазды, өлең шығарды. Тәулік бойы жұмыс істеді деп айтуға болатын. Өйткені дайындық кезінде тіпті ұйықтамаушы еді. Әлі есімде, 1978 жылдың көктемінде Мәскеуге барып, ән-би ансамблі мен үгіт театрының шығармаларын қалалықтарға әдейі арнап көрсеттік. ВДНХ-ның Құрмет грамотасымен және медалімен марапатталдық, үлкен абыроймен оралдық. Осының бәрі де Марат Сақатовтың кәсіби шеберлігінің, табиғи дарынының жемісі еді.
Мәкеңнің өзі шығарған скетчтері, монологтары көрермендерді күлкіден өлтіретін. Біздер күнде көріп жүрсек те, күлкімізді тия алмаушы едік. Әсіресе Шайқуали Есетов екеуінің қойған сценаларын әлі күнге ұмытпаймын. Солардың барлығы да «Тамаша» ойын-сауық отауының репертуарынан орын алған сахна материалдары болды.
Жалпы, Марат Сақатов қайталанбас ерекше дарын иесі еді. Өмірден ерте кетті. Артында көптеген еңбектері қалды. Жары Айтжамал, ұлы Алмат екеуі кейін бір кітабын шығарды. Ұлы мен қызын өте жақсы көрді. Мәкең айтушы еді: «Менің бұл өмірде жасап кеткен ең үлкен шығармам осы ұлым мен қызым», – деп. Алмат пен Назгүл әке сенімін ақтаған өнер адамдары болды. Алмат қазір «Бауыржан-шоуда» режиссер. Назгүл эстрада әншісі.
Алмат Сақатов, актер:

– Ол кісі мені тәрбиеледі, өсірді. …Әкем екеуіміз «Бауыржан-шоудың» сатиралық қысқа қойылымдарын жазған кезде көп дауласатынбыз. «Бауыржан-шоудың» көп дүниесі біздің үйде жазылды. Көп дауласатын себебіміз, заманымыз басқа еді. Ол кісі соғыстан кейін туып, өскен ұрпақ. Мен жаңа кезеңнің көзқарасындағы адаммын. Сөйтіп, пікірталасып жүріп әкем жақсы дүние жазып шығатын.
Мені өнерге әкеліп, сахнаға шығарған – әкем. Мені аяғымнан тұрғызған – әкем. Бұл кісі Мәскеудегі Щукин атындағы жоғарғы театр училищесін бітірді. Осы оқу орнын бітірген режиссер қазір Казақстанда жоқ. Әкем өте білімді еді. Көп оқитын. Маған да көп оқы деп айтатын. Бала кезімде біз бір театрдан келесі театрға көшетінбіз. Сонда біздің жүгіміз тек қана кітап болатын. Соның жартысы «Театр» деген журнал. Сол журналды қыруар ақша төлеп, жаздырып алатын.
Өз әкемізді бәріміз мақтаймыз ғой. Концерттен кейін көптеген адамдар телефон шалып, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Соған қарап, әкемнің ел алдында қаншалықты беделді болғанын көрдім. Сахнаға күнде шығып аты шықпаса да, жазған дүниелері сахналанып, сонымен аты шыққан адам еді. Бірақ жазғандарының жемісін енді көре бастағанда-ақ кетіп калды. Бәрі Аллаһтың қолында. Әкем атақ-даңққа қызықпайтын. Жай бір оқушылар келіп, сыкақ жазып беріңізші десе, отыра қалып жазып беретін. Өнерге соншалық көзсіз берілген жан еді. «Бауыржан-шоуда» жүргенде СХИ-дың студенттері келіп, «Марат аға, сықақтарыңызды сатып алайықшы» деп келді. Әкем оларға: «Мен шығармамды сатады деп кім айтты» деп ұрсып, сосын әлгі студенттерге сықақ жазып беріп, СХИ-ға барып, өзі режиссер болып КВН өткізіп берген. Өнер десе бәрін ұмытатын кісі еді.
Соңғы кезде ғана жазғандарына қаламақы алып, кемпірін ертіп алып ауылға қыдырып кететін. Сонда «Мынау жақсы екен, енді үйде отырып ап, жаза берсем ғой» дейтін. Әкем негізі жылына екі рет жатып емделіп шығатын. Сөйтіп, кезекті бір ем алуға жатты. Аяқастынан палатадан жан сақтау бөліміне түсіп, сол жерде қайтыс болды. Әкемді шығарып алуға барғанда әкем жатқан бөлімнің дәрігері: «Әкеңіздің машинкасын алып кетіңіз» дейді. Сөйтсем, әкем ақырғы демі біткенше жазған ғой. Сондай адам болатын.
Әкемнің өнерде өз бағасын алып жұмыс істеген жері – «Бауыржан-шоу» театры. Әкем Семейдегі «Абай» театрында бірнеше спектакль қойды. «Тамашада» ойнады. «Көңілашар» деген бағдарлама ашты. Әкеме шығармашылық жұмыс керек еді. Тіпті, әкем, шешем, мен, қарындасым төртеуіміз елді аралап концерт қойып кеткен кезіміз болды. Ақша жоқ. Алматыға келгенімізге үш-төрт жыл болған. Не баспанамыз жоқ, «Тамашаның» директоры Лұқпан аға үй алып берем деп әкемді шақырып алған еді. Ақыры ештеңе жоқ болды. Өскеменнен келгенбіз. Тура сөйлейміз, тура айтамыз. Біреуге беру, біреудің шашбауын көтеріп еріп жүру керек екенін білмедік. Қазір енді үйрендік қой. Сөйтіп, төртеуіміз Өскеменнен бастап Аралға дейін концерт қойып шықтық. Әкем дүниенің бетіне қарамайтын адам еді. Мысалы, мен үй салдым. Біреулер ел көрсін деп үй салады. Ал біреулер біреуден озу үшін салады. Мен сонда тұру үшін, сонда өлу үшін үй тұрғыздым. Әкем маған айтатын: «Өзіңді-өзің дәлелде. Басқаларға қарама. Жамандық жасасаң, өтірік айтсаң, түбінде соның қорлығын тартасың. Жақсылық – біреу», деп. Әкемнің осы өисетін орындауға тырысып келемін.