Шағын кәсіпкерлік

Қолөнерші кәсібін кеңейткісі келеді

Ұлы ойшыл Абай өзінің отыз үшінші қара сөзінде: «Егерде, мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» дейді. Міне, Көкжыраның тумасы, Қызылкесік ауылының келіні Балжан Жұмағалиеваны жергілікті тұрғындар мақтан тұтады, «Он саусағынан өнері тамған» деп құрметпен қарайды.

Балжанның қолөнермен түпкілікті айналысқанына екі жылдан асыпты. Қыздың жасауына арналған ұлттық әшекейлі көрпелері, оюлы жастықтары айрықша сұранысқа ие. Және де камзол, кеудеше, кәжекей сынды сырт киімдері де көз тартады. Наурыз сияқты ұлттық мейрамдарға да тапсырыс қабылдап, арнаулы киімдер тігеді. Ұлттық бояуын қанық етіп әшекейлеуге, безендіруге, үйлесімділігін табуға баса мән береді. Әрбір жасаған дүниесінде қошқар мүйіз, қарлығаштың қанаты, шаңырақ, гүл секілді ою-өрнектер бейнеленіп, ерекше көрік беріп тұрады.

«Кішкентай кезімде қандайда бір үйірмелерге қатысқаным жоқ. Бірақ қызығушылығымды байқады ма екен, әкемнің апайы Батиха деген кісі мені осыған жан-жақты баулыды. Ұлттық қолөнер – бұл кәсіп қана емес, тәрбие көзі деп есептеймін»,-дейді Балжан Жұмағалиева. Расымен де, әңгіме барысында Балжанның қазақы, ибалы, кішіпейіл екендігін аңғардық.

Қызылкесік ауылына келін болып түскеннен кейін де қолөнерден қол үзбепті. Себебі  ата-енесі де келіннің меселін қайтармай, керісінше барынша қолдау танытқан екен. Жолдасы да өнерін жоғары бағалайтын көрінеді.

   –Тақауда немерем бір жасқа толған. Соған көрпеше мен жастыққа тапсырыс берейін деп келдім. Балжан талантты қыз, қолынан келмейтіні жоқ. Жалғыз мұнымен ғана айналыспайды. Қыз-келіншектердің шашын сәндеп, тырнақтарын әрлеуді де жақсы меңгерген. Келін болып түскеннен кейін марқұм қайын атасы өнерін түсініп, ұдайы қолдау танытты. Тиын-тебенін беріп, Алматыға жіберіп, қажетті материалдарын алуға көмектесті. Кейде тойға барсақ та қажетті дүниелерді осы Балжанға жасатамыз. Тек, қолының қысқалығынан, заманға сай аппараттар ала алмай жүр. Әйтпесе, өз ісінің шебері екендігінде дау жоқ,- дейді көршісі Жаңалық Демеубаева.

«Ауданымыздың Екпін, Ақсуат, көршілес Егіндібұлақ және осы Қызылкесіктен, Үштөбеден тапсырыстар молынан түсіп жатады. Төр көрпе, махаббат көрпесі, күйеу көрпе, шәй көрпе, құдағи көрпе, жамылғы көрпелерін жасадым. Мұнымен бірге, тойбастарлар, бесік тойға арнап та тігемін. Материалдары сапалы, исі жоқ маталар мен киіздер. Көрпе тікпес бұрын ою үлгілерін дайындап аламыз. Жалпы, осы кәсіпті кеңейткім келеді. Себебі ауылдағы қыз-келіншектердің де қызығушылығы бар. Бірі жүн тігетін, бірі көрпе тігетін екі аппарат бар екен. Бағасы  3 млн. теңге дейді. Ол аппаратпен екі минутта бір көрпе жасап шығаруға болады. Қазір бір көрпені жасауға бір күн уақытым кетіп жүр. Ол аппаратты алсам, ауылдас қыз-келіншектерді де қасыма жұмысқа алар едім»,-дейді Балжан ағынан жарылып.

Дәл сол біз Балжанмен сұхбаттасқан күні Қызылкесік ауылына облыстан мобильді топ келіп, семинар өткізіп жатты. Сол мобильді топ құрамында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнес жаттықтырушысы Сәуле Садықова да бар екен. Қызылкесік ауылдық округінің әкімі Сайлау Қалиев бірден Балжанды ертіп апарып, маманға жолықтырды. «Өзіме қажетті барлық кеңестерді алдым, 5 млн. теңгенің гранттары бар екен. Соған қатысуға бел байладым» – деген Балжан өзінің үкілі үмітінің отын үрлей отырып, мақсатқа жетуге шындап кірісті.

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button