Ол кездегі білімнің өзіндік ерекшеліктері болды

Кезекті оқу жылы басталды. Алажаздай асыр салған балалар сөмкелерін асынып сүйікті мектептерімен қайта қауышты. Адам өміріндегі алаңсыз, қызыққа толы сәттер де осы мектеп қабырғасында өтетіні шындық. Осы орайда біз өткенге ой жүгіртіп, бүгінгі күні есімдері елге белгілі жерлестеріміздің кезінде қандай оқушы болғанын өздерінен сұрап-білген едік.
Бибігүл Төлегенова, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Балалық шағым соғыс кезіне тап келді. Ол уақытта «халық жауының» балалары болғандықтан үкіметтің назарынан мүлдем тыс қалдық. Мектепте әкесі соғысқа қатысқандардың балаларына дәптер, қалам, аяқтарына пима беріп жататын. Ал біз болсақ, газеттен қиып дәптер жасап, «86-шы» сымды шытқа байлап сонымен жазып жүрдік. Жетім балалардың үстінде тон, аяқтарында пима. Әкемнің қалың тонынан анам аяғыма тәпішке тігіп берген. Үстімде жұқа желетке, сыртынан әжемнің үшкен шәлісін байлап мектепке баратынмын. Анам ауырып, 13 жасымнан қара жұмысқа жегілдім. Сөйтіп күндіз жұмыс істеп, кешке оқу оқыдық.

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі, актер, режиссер:
– Бала кезімде біздің ауылдан 12 шақырым жерде Жолнұсқау деген ауылда Капитан деген домбырашы болды. Өзі шауып домбыра жасайтын. Әкем сол кісіге бірнеше домбыра жасатып берді. Сол домбыраны ат қып мінем, құмның үстіне құлағынан сүйреп ойнаймын. Содан көршілердің үйіне барып ән айтам. Анам өмір бойы мектепте ұстаз болып қызмет етті. Анам ән айтатын. Әкем де нағыз өнер адамы болатын. Суырып салма ақын еді. Төртінші сыныптан бастап интернатта жатып оқыдым. Интернат мені ерте есейтті, оң-солымды тануыма әсер етті. Мектепте оқып жүргенімде көркемөнерпаздар үйірме¬сінен қалмадым. Жүргізуші де болдым, спек¬такльде де ойнайтынмын. Ән де сал¬ып, би де биледік. Ауданда өткен жарыстан бірінші орын алып, Өскеменде теледидардан көрінуге мүмкіндік алғаным бар.

Айтмұхамбет Қасымов, Қазақстанның Құрметті журналисі,
филология ғылымдарының кандидаты:
– Мектеп екі-үш шақырым жерде болатын. Әке-шешемнің бірі апарды ма, әлде үлкенірек сыныпта оқитын балалармен ілесіп кеттім бе ол жағы есімде жоқ. Есімде қалғаны – біздің мұғалімнің ең әдемі, ең сұлу болғандығы. Алғашқы мұғаліміміз Ғазиза Балтабаеваның да педагогика училищесін бітіріп, мектеп табалдырығын мұғалім ретінде аттап тұрғаны сол жыл, яғни, біз ол кісінің тұңғыш шәкірттері екенбіз. Құдайға шүкір, ол кісі қазір осы Өскеменде тұрады, білім саласының еңбек сіңірген ардагері.
Бастауыш сыныпты Ақтаудан, сегізжылдықты Тайынтыдан, онжылдықты Өскемендегі Жамбыл мектеп-интернатынан бітірдім. Кейде болып қалатын балалық тентектіктерді есептемесек, оқуым да, тәртібім де жаман болмаған сияқты. Әйтеуір жиналыстарға барған сайын, жай күндері салмақты әкемнің желпініп, мақтанып келетіні, көп сөзі жоқ, маңдайымнан емірене иіскейтіні есімде. Өйткені сегіз сынып бойы грамота алып келген едім.
Мен оқыған кездері ешкім де тұрмысымен, киімімен бәсекеге түспейтін. Әркімге міндетті мектеп формасы болды. Оның тәрбиелік мәні үлкен, сондықтан да қазір қайтадан бірыңғай формаға көшіп жатыр ғой. Сол кездегі оқыту бағдарламасы да талапқа сай болған сияқты. Әліппеміз қандай сүйкімді еді.

Ольга Рыпакова, Олимпиада чемпионы:
– Мектепте қарапайым оқушылардың бірі болдым. Бастауыш сыныптарды №7 мектепте оқып, 9 сыныпқа дейін №37 мектепте білім алдым. Одан кейінгі білімімді дарынды балаларға арналған спорт мектебінде жалғастырдым. Спорт мектебінде әрине уақыттың көбі жаттығуларға жұмсалатын. Бірақ өзге пәндердің тапсырмаларын да мұқият орындауға барымды салатынмын. Биология, география пәндерін сүйіп оқыдым. Ұстаздарым менің тек спорттағы жетістіктеріммен ғана емес, озат оқушы болғандығыммен де мақтанады. Спортшы болмасам кім болар едім деген сауалды маған жиі қояды. Осы туралы ойланғанда бәрібір спортшы болар едім деген ойға келемін. Оқушы кезімді сағынамын. Үлкен қызым 7-сыныпта оқиды. Үй тапсырмаларын орындауға үнемі көмектесемін. Екеуіміз бірге білім алып жатырмыз десем де болады. Өйткені қазіргі бағдарлама біз оқығандағыдай емес, өзгерістер көп. Осылайша балаларыммен бірге білімімді толықтырып жатқан жайым бар.