Спорт

Оқушылар тоғызқұмалақ ойнап сайысты

Ұлттық ойынды ұрпаққа дәріптеп, баланың ұтқырлығын, тапқырлығын қалыптастыру біз үшін басты міндет. Ұрпақтың ой өресі биік болса ғана біз болашаққа нық қадам баса аламыз.

Осы мақсатта ұлттық ойындарды дәріптеу жыл сайын сәтті жүзеге асып келеді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Соның бір дәлелі күні кеше «Абай күні» қарсаңында тоғызқұмалақтан оқушылар арасында турнир өтті. Тоғызқұмалақ ойынының «Абай күні» қарсаңында өтуінің өзі ғұлама өмірімен тығыз байланысты. Өйткені бұл ойынды ұлы Абай сүйіп ойнаған болатын. Сондықтан да «Respubliсa» партиясының облыстық филиалы О.Бөкей атындағы кітапханамен бірлесе отырып оқушылар арасында турнир өткізді. Тоғызқұмалақ сайысына 20-дан астам оқушы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

– Біздің тоғызқұмалақ сайысына қолдау көрсетуіміз «Respublica» партиясының сайлауалды бағдарламасымен астасып жатыр. Өйткені партияның сайлауалды бағдарламасында қазақтың тарихи-мәдени мұраларын сақтау және дәріптеу, ұлттық құндылықтар мен ұлы тұлғаларды ұрпаққа насихаттау мақсат етілген болатын. Сондықтан да осы мақсатта ұйымдастырыылған тоғызқұмалақ ойынына қатысқан оқушыларға сәттілік тілеймін, – деді «Respublica» партиясының облыстық филиалыны басшысы Есенберді Төлеубай.

О. Бөкей атындағы кітапханада обылстық деңгейде өткен тоғызқұмалақ сайысына бапкерлер Досжан Суюндинов пен Рамазанов Аскар төрешілік жасап, жеңімапздарды анықтады. Қыздар арасында жүлделі 1 орынды Бекмухан Адина иеленсе, 2 орынды Іргебаева Амина еншіледі. Ал үшінші орын Жарқын Салтанатқа бұйырды. Ұлдар арасында өткен сайыста 1 орын Мархабатұлы Абылайға бұйырды. Жүлделі 2 орынды Сулейменов Бексултан еншілесе, 3 орынды Амантаев Алмас қанжығалады.

Жеңімпаздарға «Respubliсa» партиясы мен О. Бөкей атындағы кітапхана  атынан тағайындалған ақшалай сыйлықтар мен марапаттар табысталды.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button