Спорт

Оқушылар сәуір айын тағатсыздана күтеді

Ынтымақ ТОЛҚЫН

Облыс орталығында волейболдан ұлттық құраманың және «Алтай» командасының ойыншысы Сана Анарқұловамен кездесу өтті. Ұлттық лига аясында ұйымдастырылған шараға өскемендік және аудандардан арнайы келген жас спортшылар қатысып, аладоп шеберімен ашық сұхбат құрды.

Салауатты өмір салтын дәріптеп, жастарды спортпен шұғылдануға үндеп, жетістікке баулу – игілікті іс. Осы мақсатта түрлі іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Солардың қатарында елімізде жыл сайын өтетін мектеп лигасы да бар. Облыста спорттың 10 түрінен өтетін бұл лигадағы маңызды ойындардың бірі – волейбол. Жастар ерекше қызығушылық танытатын бұл спорт түрінен біздің өңірдің жетістіктері аз емес. Ал осынау даңғыл жолды жалғайтын шәкірттердің тәлім алып, тәжірибе жинақтауын қадағалау – алдыңғы буын өкілдерінің міндеті. Осы орайда облыс орталығында волейболдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сана Анарқұловамен кездесу өтті.

Бұл кездесудің жастарға берері мол. Спорт жолына енді қадам басқан шәкірттер жетістікке жету жолындағы формуланы ұғынды десек артық емес. Себебі ел намысын әлемдік додаларда қорғап жүрген танымал спортшыға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, лайықты жауап алды. Бұл кездесуге қаланың ғана емес, Күршім, Ұлан және басқа да аудандардың волейболға қызығушылығы жоғары жастары келіп отыр. Бәрінің де болашағынан зор үміт күтеміз. Жалпы, жастарымыз қазірдің өзінде өздерінің жетістіктерімен қуантып жүр. Волейбол болсын, басқа спорт түрі болсын жастарымыз облыстық, республикалық, тіпті халықаралық дәрежедегі сайыстарда жақсы өнер көрсетіп жүр. Мысалы, былтыр Нормандияда өткен гимназияда біздің облыстан 14 жас спортшы қатысып, жақсы нәтиже көрсетті, дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбек.

Бүгінде өңір спортына жақсы көңіл бөлінген. Мектептердегі және қосымша білім беру ұйымдарындағы тегін спорттық секциялар осының дәлелі. Қазіргі таңда облыс бойынша 2178 тегін спорт үйірмесі болса, соның 437-сі волейболды дәріптейді.

Кездесуге шақырғанға қуанып қалдым. Менің ойымша дәл осындай жүздесулер жастарды жігерлендіріп, болашаққа бағдар береді. Кездесуде мен оқушыларға жетістікке жету жолындағы тәжірибем туралы айтып бердім. Спортты таңдаған жастарға сәл де болсын көмегім тиеді деп ойлаймын. Кездесуге алыс аудандардан да жастар келген екен. Олардың жігерін жанып, волейболға деген қызығушылығын одан ары арттыру үшін «Алтай» клубының жаттығуын көрсетсем деген ойдамын, дейді «Алтай волейбол клубы» ЖШС директоры Сана Анарқұлова.

Танымал спортшымен кездесуге Глубокое ауданынан да оқушылар келген екен. Олар әйгілі спортшыға қызықтырған сұрақтарын қойып, қолтаңбасын алды.

– Бүгінгі шарадан жақсы әсер алдым. Теледидардан ғана көрген спортшымызбен жүздесіп, өз добыма қолтаңбасын қойдырып алдым. Шынымды айтсам, әлі де қобалжып, толқып тұрмын. Болашақта осы спорт түрінен топ жарсам деймін. Азия чемпионатына да барғым келеді. Сол үшін аянбай тер төгемін,  деді жас спортшы Нұрдәулет Қасиев.

Кездесу барысында «Алтай» волейбол клубының жаттығуын көру жоспары да талқыланды. Белгілі себептерге байланысты бұл жоспар сәуір айына шегерілді.

Кездесуге мектеп оқушыларын арнайы алып келдім. Бұл оларға жігер беріп, спортқа деген қызығушылығын арттыра түседі. Кездесуде шәкірттеріме кәсіпқой спортшылардың дайындығын көрсетсек деген өтінішімді де жеткіздім. Сана Мақсұтқызы қарсы болмады, бірден келісті. Жалпы, бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға да алғысым шексіз,  деді Глубокое ауданы Бобровка орта мектебінің директоры Сағат Нұрахметұлы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button