Білім

Оқушылар олжалы оралды

Қазіргі таңда ғылым күн сайын қарыштап дамып, адамзат бәсекелестікке бет бұрды. Жаңалық ашпасаң, жаһандық өркениет көшіне ілесуің мүмкін емес. Сондықтан да бәсекеге қабілетті жастарға қолдау көрсетіп, еңбегін бағалау еліміз үшін ең басты қажеттілік. Осындай мақсатта ұйымдастырылған республикалық ғылыми жобалар байқауынан облысымыздың оқушылары олжалы оралды.

Бүгінгі білім көшінде әртүрлі тақырыпты зерттеп, ғылымға әуестік танытатын жастардың қатары көбейіп келеді. Соның ішінде Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ерекше белсенді екендерін дәлелдеп бағуда. Бұл білім шаңырағының оқушылары жалпы білім беретін пәндерден өткен республикалық ғылыми жобалар байқауында бақ сынап қайтты. Бір қуанарлығы, жас ғалымдардың тақырып таңдаудағы тапқырлығы мен жаңалыққа деген талпынысы зор. Тың тақырып, зерделі зерттеулерінің арқасында байқаудан бәйгелі болып қайтты.

Алтайдың бір байлығы – балқарағайды зерттеу жұмысына арқау етіп, «Өндірісте балқарағай шайырын қолданудың артықшылықтарын зерттеу» тақырыбында ғылыми жұмыс жазған Алтын Бекжанқызы жүлделі І орынды жеңіп қайтқан. Ал келесі тақырыптың тарихи маңызы мен астары зор. Тағы бір пәннен ІІ орынды еншілеп қайтқан Әлімхан Уәлиев Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде репрессияға ұшыраған өз отбасының тарихы негізінде «Пирамида» схемасы: НКВД адамдарды қалай саяси қылмыскерлерге айналдырды?» атты тақырыпта жоба қорғаған. Осындай ауқымды тақырыпты оқушының ойланбастан зерттеуіне қарап, қазақ ғылымының болашағына зор үміт артуға болатын сынды.

Ғылыми жоба қорғауда жолы болып, тағы бір пән бойынша екінші орын алып қайтқан Дәулеттің тақырыбы тіптен қызық.

– Ғарыштық телескоп конструкцияларының тиімділігін арттыру – ғарыш саласы үшін әрқашан өзекті мәселе. Салмақты азайту, икемділікті сақтау және өнімділікті жақсарту – ғалымдардың алдында әрқашан тұратын мақсат. Fe-Ni-Co инвар қорытпасы метрология, жоғары дәлдіктегі аспаптар және ғарыш саласындағы оптика сияқты өлшемі тұрақтылықты қажет ететін көптеген салаларда кеңінен қолданылады, –  дейді Дәулет Қапаров өз жобасы туралы.

Осы қатарда оза шауып, ІІ орынға ие болған Жансая Тоқтарханова «Математикалық модельдер негізінде клиникалық-гематологиялық синдромдарды диагностикалау жүйесін жасау» тақырыбында зерттеу жасаған. Сонымен қатар «Кәдімгі көктеректің вегетативті бөлігінен өсімдік өсу реттегіші» тақырыбын тереңдете зерттеген Айасыл Қарқынның жобасы да екінші орынды қанжығалап қайтқан. Ал «Коррозиядан қорғау үшін қылқан жапырақты ағаштар негізіндегі ингибиторлық композицияларды әзірлеу және тиімділігін бағалау» тақырыбындағы Марина Ельсюкованың жобасы ІІІ орынға ие болған.

Қай жобаны алып қарасаңыз да, жаттандылықтан ада, жаңашылдыққа жақын. Біздің елді жаһандық өркениет көшіне осындай ғылымға құштар жастар жеткізетін сынды. Жас ғалымдарды қолдау «Балалар жылы» біткен соң аяқталып қалмай, ары қарай қолдау тапса, жастардың болашағы жарқын болары сөзсіз.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button