Білім

Оқушыға отыз минут қана беріледі

Қызырбек Дүргінбай

Мектеп оқушысының телефонға телміріп отыруына тыйым салынбақ. Ол оның білім алуына кедергі келтірері анық. Десе де, ең әуелі денсаулығына зияны көп көрінеді. Осы мәселеге байланысты Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Ендігі жерде оқушылардың сабақта 30 минуттан артық гаджет қолдануына рұқсат жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ашық талқыға шығарған құжатта мектепалды және жоғарғы сынып оқушыларының сабақта гаджетпен жұмыс істеу уақытын белгілеу ұсынылған болатын. Осыған байланысты «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар туралы»  Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

– Мектепалды сыныптардағы сабақтың барынша рұқсат етілген ұзақтығы – 25-30 минут. Сонымен бірге сабақ саны төртеуден аспауы тиіс. Сабақ арасындағы үзіліс кемінде 10 минут болуы керек. Аталған бұйрықтың 21-тармағына қосымша «объектінің жертөле және цокольдық қабаттарындағы үй-жай сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес орналастырылады» делінген редакция жазылсын», –  деп заңды құжатта талаптар нақты көрсетілген.

Бұл баланың қолынан заманауи құралды біржола алып алады деген сөз емес. Тек баланың уақыты мен денсаулығына бағытталған өзгеріс. Бұл жолғы өзгерісте көрсетілгендей оқушыларға сабақта дербес компьютер, планшет және ноутбук қолдануға рұқсат етілетін уақыттың мөлшері бар. Мысалы, мектепалды, мектепке дейінгі топтарда (сыныптарда) және 1 сыныптарда  15 минуттан аспауы керек. Ал 2-3 сыныптарда 20 минуттан, 4-5-сыныптарда 25 минуттан, 6-8 сыныптарда – 25 минуттан, 9-11(12) сыныптарда – 30 минуттан аспауы керек. Осы талапты орындаған оқушының оқуы озат, денсаулығы дұрыс болмақ. Білімнің бәрі гаджетте емес екенін ескеріп, кітапқа да мойын бұрған жөн.

Осы айдарда

Back to top button