Білім

Оқуға құштар оқушы

Ел Президенті болашақ ұрпақтың қамы үшін білім мен ғылымды көркейтуді өз Жолдауында көбірек тілге тиек еткен болатын. Осыған орай «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынып, әр мектепте рухани іс-шаралар атқарылып жатыр. Жобаны арқау еткен осындай шаралардың бірі Глубокое ауданының Ертіс ауылдық округіндегі Д.Қонаев атындағы мектепте өтті.

Рухани бай болудың бір тетігі – кітап. Болашақ ұрпақ рухани бай болсын десек кітапты жанжолдасы ете білуіміз керек. Ел Президенті «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», – деген болатын.

Елімізде бұл бастаманы бірден қолға алып, өзінің рухани әлеміне жаратып жатқандар баршылық. Соның бірі – Дінмұхамед Қонаев атындағы мектептің оқушысы Ералы Пазылбекұлы. Ол өзге қаламгерлердің шығармаларын оқумен қатар, өзі де ертегі жазуды қолға алған. Қаламы ұшқыр жас жазушы алғашқы кітапшасын да жарыққа шығарып үлгерген. Сыныптастарына үлгі болып жүрген өнегелі де өнерлі оқушының кітабының тұсаукесері өзі оқыған мектепте өтті.

– Біздің ең дарынды оқушыларымыздың бірі – Ералы Пазылбекұлы биыл үлкен жетістікке жетіп жатыр. Оқуда озат оқушымыз өзінің шығармашылық қабілетімен өзгеге үлгі болып отыр. Бүгін тұсауы кесілгелі отырған ертегі кітап соның дәлелі деуге болады. Алғашқы шығармашылық жинағымен өңірімізге танылып жатса, ертең ел көлемінде де аты танылар деп ойлаймыз. Өзі ғана танылып қоймай, мектебіміздің де атын шығаратынына сенеміз. Сондықтан  біз қай уақытта болсын Ералыға қолдау көрсетіп отырамыз. Бұл жетістікті «Оқуға құштар мектеп» жобасының жемісі деуге болады. Жас қаламгерге, яғни, оқушымызға шығармашылық табыс тілейміз! – деді Дінмұхамед Қонаев атындағы  мектептің директоры Анар Бақытбекқызы.

Осылайша оқушысына қолдау көрсеткен мектеп ұжымы жаңа кітаптың тұсауын кесіп, озат оқушы Ералы Пазылбекұлын өзге оқушыларға өнеге етті. Шығармашылық шараға келген оқушылар ертегі әлеміне қызығушылық танытып, замандастарының кітабын парақтап қайтты.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

Осы айдарда

Back to top button