Табиғат терезесі

Өскеменге өзгеше тоқылдақ келді

Редакция маңындағы аулада «қарғаға ұқсайтын қап-қара құс ағашты қопарып отыр» дегенді естіп фотоаппаратымды алып ұшып жеттім. Алыстау жерден аппаратты сайлап, ұзын зуммен жақындатып бір атып көрдім. Шынымен ерекше екен. Шымқай қара, дене тұрқы ірілеу, төбесінде қызыл шашағы бар мұндай құсты бұрын-соңды көрмеппін.

Мысықтабандап жақындап барып бірнеше мәрте фотоға түсіріп алдым.

Редакцияға келе сала WhatsApp желісі арқылы әлгі құстың фотосын Катонқарағай ұлттық паркінде инспектор болып істейтін Арман Шаяхметовке жібердім. «Мұндай құсты бірінші рет көруім. Сіз көріп пе едіңіз, қандай құс, қалай аталады?» деп сұрақты қоса жазып жібердім. Жауабы бірден келді. «Иә көргем, көп кездесе бермейді. Тоқылдақтың сирек кездесетін түрі, тоғайдағы шіріген, құрт жеген ағаштарды қопарады» деп жазыпты.

Қара тоқылдақ  — Қазақстанда мекендейтін сегіз тоқылдақтың  ішіндегі ең ірісі. Салмағы – 300-400 грамм. Тоқылдақтардың ішінде жалғыз осы түрі ғана қара түсті әрі басында ашық қызыл «телпегі» болады екен. Еліміздің солтүстік өңірінде және Алтай ормандарында тіршілік етеді. Жалғыз жүреді, тек ұялау кезінде ғана жұптасады. Қарағайдың діңін үңгіп, ұя жасайды. Бір жерде көп тұрақтамайды, яғни көшіп-қонып жүретін көшпенді құс.

Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button