Табиғат терезесі

МАРҚАКӨЛДЕ ҚҰНУ, БҰЛҒЫН, КҮЗЕН КӨБЕЙДІ

Қар көбесі сөгіліп, күн шуағы төгіліп, көкорай көктем келгенде Марқакөл маңы, орман-тоғайы ерекше көз тартып, көңіліңді көкке самғатады.

Күршім ауданының Марқакөл өңірінде көптеген ірілі-ұсақты жан-жануарлар мекен етеді. Олардың, әсіресе, Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстардың біздің жақтың шыңылтыр аязына шыдап, шуақты көктемге шығынсыз жетуі үшін қыс бойы биотехникалық шаралар атқарылады.

Қыс мезгілі жақындағанда өңірдегі кейбір аңдар уақытша қар аз түсетін өзге аумақтарға кетіп қалады. Тұяқтылар Қара Қаба, Арасан Қаба өзендерінің төменгі ағыстары мен Шанағаты жазығында болады. Қыста тұяқтылар қайда болса, жыртқыштар да сонда. Марқакөл өңірінде  қыс басында қасқыр көп болады. Қар қалыңдайтын желтоқсан айында олар топ-тобымен Шанағаты қазаншұңқырының төменгі жағына кетеді де,  наурыздың соңында қайта келеді. Міне, бірер аптадан соң қайтып келетін мезгіл де болады.

Марқакөл аумағын мекендейтін сілеусін де әдетте, күздің соңғы айларында Қара Қаба, Арасан Қаба өзендерінің төменгі ағыстарына түседі де, қорық аумағына көкжалдармен бірдей уақытта оралады. Қазіргі таңда Марқакөл өңірінде құну, бұлғын, күзен, әсіресе, қояндардың көбейгені байқалады.

Қысы суық өңір болғандықтан және қыс мезгілінде қардың көп мөлшерде түсуіне байланысты орман шаруашылығы аумағындағы жан-жануарларға қолдан қоректендіру іс-шаралары жүргізіледі. Қызыл кітапқа енген жан-жануарлардың жоғалып, құрып кетпеуінің алдын алу мақсатындағы жұмыстар бұл.

Қыстың басталуымен және қар жамылғысының пайда болуымен жабайы тұяқтылар жем іздеуде көп қиындықтарға тап болады. Ал бұл уақытта жануарларға аязды күндерден және жалпы, қыстан аман қалу  үшін әсіресе жем өте көп қажет. Қыс мезгілі жақындағанда және қыста Марқакөл орман шаруашылығының қызметкерлері жан-жануарларға қолдан жемшөп  береді.

Жануарлардың жаппай мекендейтін жерлеріне арнайы қоректендіргіш те орнатылады. Сонымен қатар жануарлар ол жерге кедергісіз  келу үшін қоректендіргіштерге кіреберістерге тазарту жүргізіледі. Бұл жұмысқа аңшылар бастаған орман күзетінің қызметкерлері де аянбай атсалысып келеді.

Бақытқали  Аубакиров,

Марқакөл орман шаруашылығының  қызметкері

Күршім ауданы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button