Табиғат терезесі

АЮДАН АМАН ҚАЛҒАН ҚОРЫҚШЫ

Шығыстың орман, тоғайында 2013 жылы шамамен  2206 аю бар болса, былтырғы санақ бойынша орман қожаларының саны 3071-ге жеткен екен.  Жыл сайын өсіп, көбейіп жатқан жабайы аң жұрт көшіп, жалаңаштанып, мотор гүрілі естілмей иен қалған шекара маңындағы мекендерге ғана емес, қала төңірегіндегі ауылдардың айналасына да жиі келгіштеп кетті. Аймақта аюдың малға, шаруашылыққа, адамға шабуылдап жатқаны туралы суыт хабарларды да жиі естиміз. Биологиялық негіздемеге сай шығыстағы аюды популяциясы реттелетін зиянды аңдардың тізіміне енгізу туралы тиісті министрлікке  неше мәрте ұсыныстар, хаттар жолданып келе жатқанымен, жыртқышты ату, сөйтіп, санын ретке келтіру мәселесі әлі шешілген жоқ.

 ОРМАН ҚОЖАСЫ КӨБЕЙДІ

Аюды атпайды емес, атады, бірақ көктем мен күзде ғана. Елімізде аю біздің облыс пен Жоңғар Алатауы жақта ғана бар. Аңшыларға аюды аңшылық үшін атуға тек біздің облыста ғана рұқсат беріледі. 2021 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 1 шілдесіне дейінгі аралықта  облыста 108 аюды атуға рұқсат етілген.

Самат Дидахметов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жануарлар дүниесі және аң шаруашылығы бөлімінің басшысы:

–  Аңшылыққа арналған, яғни аулауға болатын қоңыр аю тек біздің облыста ғана. Көктемде бұл аңды 15 сәуірден бастап  15 мамырға дейін бір айға аулауға рұқсат беріледі. Күзде қыркүйектің алғашқы сенбісінен бастап қарашаның соңына дейін үш айға жуық уақытқа аулауға рұқсат беріледі.  Жыл сайын аю атуға белгілі бір мөлшерде  лимит  бөлініп отырады. Лимит аңның санына қарай, барлық аңның алты пайызына бөлінеді. Көктемде бір жылға берілген лимиттің 25 пайызын ғана пайдалануға, осы мөлшерде аулауға рұқсат етіледі.

Облыста 59 аңшылық шаруашылығы бар, соның 31-і аңшылықпен айналысады, олар 16 субьектіге бекітілген. Қалғандары резервте. Көбейіп бара жатқан аю саны Заңға өзгерістер енгізілсе ғана реттелуі мүмкін. Қазір өз тарапымыздан ұсыныстар жазылып жатыр. Мысалы,  біздің ұсынысымызбен су құзғыны былтырдан бастап реттелетін құстар санатына кірді, енді бұл жыртқыш құсты  жыл бойы атуға болады. Аңшылар қасқырды да  жыл бойы ата алады. Бірақ су құзғынын да, қасқырды да қолында рұқсат қағазы барлар, аңшылар ғана ата алады. Осылар сияқты аюды да реттелетін аңдар тізіміне енгізсе, жыл бойы атып, реттеп отыруға болар еді. Көктемде аюдың аталықтарын немесе қысыр қалған аналықтарын ғана атуға болады. Көктемге салым аналық аю апанынан қаңтар, ақпанда туған кішкентай бір немесе екі-үш қонжықтарын ертіп шығады. Әдетте көктемде аналық аю қонжықтарымен өзі ғана жүреді. Қонжықтарын ерткен аюды атуға болмайды, өзі жалғыз жүрген аталық аюды ғана аулау керек. Сондықтан аңшылар жеке, саяқ жүрген еркек немесе қысыр аюды ғана атады.

Мамандар аюдың көбейіп отыруын тұяқты жануарлар санының артуымен, табиғаттағы, олардың өмір сүру ортасындағы жайлы жағдаймен  байланыстырады. Кезінде Ресей жақта болған өрттен де қашып келуі мүмкін деседі. Аю атуға рұқсат қағазын алғанымен, аңшылардың көбі оны ата да алмайтын көрінеді. Жыртқыштардың көбейе түсуіне бұл жайт та әсер етуде.

Аймақта аюлар ғана емес, қасқыр мен қабан, тұяқты жануарлар көбейген. Өсімтал жануар қабан бір туғанда он, он екі торай туатын көрінеді. Биыл қабан 2190-ға, қасқыр 1467-ге, марал саны 4262-ге, елік 16915-ке жеткен. 2016 жылдан бастап бес жыл бойы көктемде құстарды атуға мораторий жарияланып, содан бері құстар саны да  бірқалыпқа түскен. Қазір қазды ғана күзде  атады.

2016 жылы аюды да көктемде аулауға мораторий жарияланған екен. Былтырдан бастап мораторий алынып тасталған. Аңшылық шаруашылықтар Алтайдағы қоңыр аюды атуға бағаны өздері белгілейді. Қазір шамамен 120 мың теңгеден  300 мың теңгеге дейін  баратын көрінеді. Орман қожасы, әсіресе Риддер, Алтай, Күршім өңірлерінде көп.

АҢНЫҢ ӨТІНДЕ ҚАНДАЙ ҚҰПИЯ БАР?

Ұзақ жыл аңшылық шаруашылығында еңбек еткен зайсандық әуесқой аңшы, кәсіпкер Жалын Мұратұлы аю мен қасқырдың көбеюіне мал шаруашылығының дамып, жейтін тамағының оңай табылуынан әлсіз жыртқыштардың да қатарларынан қалмай, өсіп кетіп жатуы себеп болып отырғанын айтады. Азықты табиғаттан табуды доғарып,  ауылдарға кіріп кетіп, шаруашылықтарға, омарташылықтарға, адамға шабуылдап жатуы оңай олжаны іздегені екен олардың. Иісті екі шақырымдай алыстан сезіп қоятын иіс сезгіш аюлар туристер, демалушылар келіп, кетіп жатқан жерлердегі азық-түліктің, косметиканың немесе тастап кеткен тамақ қалдықтарының иісін, өрістегі мал- жанның иісін бірден сезіп, сол жақтарды төңіректейтін көрінеді.

–Алматы облысындағы және Тарбағатай ауданындағы «Нарын», Марқакөл өңіріндегі «Белөзек» аңшылық шаруашылықтарында біраз жыл жұмыс істедім. «Белөзек» шаруашылығында сол кездің өзінде аю өте көп болды. Әсіресе тамыз айларында малға маза бермей кетеді. Аюмен үш рет кезіктім. 2017-2019 жылдары Марқакөл маңындағы «Белөзек» деген аңшылық шаруашылығында директор болып істеп жүрген кезім болатын. 2018 жылы шетелден, Испаниядан туристер келе қалды. Нұрбек Байғалиев, Александр Кирспу деген екі қорықшы жігіт және мен үшеуіміз сол шетелдік туристерді марал атуға апара жатқанбыз, лицензия, қару -жарақ бәрі бар. Қазан айының басы. Күн қоңырсалқын болғанымен, төңірек тып-тынық. Қалың жынысты қарағайдың ішімен жықпыл тасты бөктерлей түсіп келе жатырмыз. Мен біраздан соң алдыға шығып  сапарымызды видеоға түсіре бастадым. Жолға шыққанымызға көп уақыт бола  қоймаған. Бір уақытта көзім  менен он бес, жиырма қадамдай жерде тұрған аюға түсті,  екі аяғымен түрегеп тұр. Видеоға түсіріп келе жатып байқамаған екенмін, тура алдыңғы жағымда тұр. Қалт тұра қалып, «кетіп қалатын шығар, қашатын шығар» деген оймен демімді ішіме тарта  видеоға түсіріп алмақ болып камерамды қайтадан қолыма алдым. Сол-ақ екен, аю өзіме  тұра ұмтылды. Мен кейін қарай қаштым, артымда отыз метрдей жерде жігіттер келе жатыр екен. Аю енді ілейін деп тақап қалған шақта жігіттер көріп, аспанға оқ атып, айғайлап   үркітіп үлгерді. Маған төрт метр ғана жетпей қалды. Арынын басқан аю жігіттерге жеткенімде  артына бір қарап алып, алға тағы екі үш метрдей жүгіріп, кері айналып кетті. Сөйтсек, сайда қонжықтарымен жүріпті, қонжықтарын қызғанып қуған екен, – деп әңгімелейді бір ажалдан қалай аман қалғанын айтқан аңшы, кәсіпкер Жалын Мұратұлы.

Өкінішке қарай, жергілікті жердегі мал шаруашылығы иелерінің айтуынша, орман, даласына аю, қасқыр қаптап, жортып жүрген Марқа өңіріндегі «Белөзек» аңшылық шаруашылығы бүгінде жұмыс істеп тұрған жоқ. Шаруалар малына алаңдаулы.

Мамандар осыдан бірнеше жыл бұрын қасқыр аулағандарға терісі үшін мемлекеттен ақша бөлінгенін, қазір аңшылардан қасқыр терісінің сатып алынбайтынын айтады. Аюдың да терісі сатып алынбайды. Алайда алатын, білетін адам болса аюдың терісінен гөрі өті бағалыға ұқсайды. Оны емге жаратудың көпшілік біле бермейтін, өзіндік медициналық жолдары бар деседі.  Ежелден Шығыс медицинасында аюдың өтінен таптырмайтын дәрі-дәрмек жасалып келеді. Моңғолия, Қытайда, Тибет медицинасында оның емдік қасиеті ертеден мәлім болған. Халықтық медицинада осылайша, аю ағзасының құпиясын, қасиетін ежелден біліп, ауыр науқастарды аю өтімен емдеп, аман алып қалған.

«Аю өтінен Шығыс медицинасында, әсіресе Жапон елінде аса қымбат дәрі-дәрмек жасалатынын Ерен де естіген. Ол жайында бұл өңірде алыпқашпа әңгімелер де баршылық… Осыдан бірнеше жыл бұрын аю өтін іздеп Алтайға жапондық кәсіпкерлер келсе керек. Пысық қазақтар оларға сақтап жүрген аю өтін өткізіп, шаш етектен байып қалыпты. Дәндеген жапондықтар араға жыл салып тағы да келеді ғой. Байлап қойған аюлары жоқ, қазақтар енді не істесін? Кейбір жылпың ағайын тағы да ыржалақтап олардың алдарынан шығады да, аюдың орнына бұқаның өтін өткізіп жіберіпті. Содан жапондықтар қайтып бұл маңайға аяқ баспай кетсе керек. Қазақтың да бизнесі осымен тәмам болған екен», – деп Алтайдағы аю өті сөз болатын әңгімесі  естеріңізде болар жерлес жазушы Әлібек Асқаров ағамыздың.

Шешек дағы асқынып, өлім аузында жатқан Құнанбайды тәуіп Ырғызбайдың  алуан түрлі шөптер мен жапырақтардан, гүл мен тамырдан дәрі жасап, оны жылқының іш майына араластырып қайнатып, жеті түрлі тосап дайындап, оған қоңыр аюдың өтінің тарыдайын екі-үш сүйкеп, жиі-жиі ішкіздіріп, қырық күн емдеп жазғаны туралы ел аузында айтылып келе жатқан аңыз, деректер де  бар.

Ал Wikipediaда «Аю майы мен шипалық қасиеті бар өті үшін ауланады. Олар сағатына 55 километр  жылдамдықпен жүгіре алады» делінген.

Көбейіп, еркінсіп, ел «аралап кеткен» орман қожасы пайдасынан бұрын зиянын тигізбесін.

Қаперіңізде болсын!

Аюдың адамнан қорқуы заңды. Бірақ адамнан қорықпауы – өте қауіпті. Орман, тоғайлы жерлерге демалуға барғанда, мал жайғанда тағам, косметика, басқа да иістенгіш заттарды тығып ұстаған дұрыс, аю олардың иісіне келуі мүмкін. Көбінесе жазық, шолуға ыңғайлы жерде жүрген жөн. Палатканы да жазық жерге құру қажет. Қоңыр аю аршалы, ағашы мен жеміс-жидегі мол жерде жүреді. Күн бұлтты, жауын-шашынды, тұманды кезде мал іздеп, саяхаттап тауға, орманға бармаған абзал. Өйткені бұл мезгіл – аюдың, жалпы көптеген жануарлардың жайылатын кезі екен. Ашық, шуақ күнде шыққан жөн. Зоологтар тауға, орманға мамыр айының аяғы мен шілденің соңына дейін шықпауға кеңес береді. Бұл уақыт аюдың шағылысатын уақыты. Аталық аюлар аймақты шолып, өз мекенін қорғауға көшеді. Бейтаныс тіршілік иесімен кезігіп қалса, бірден шабуыл жасайды.

Жанаргүл Мұқатай     

Осы айдарда

Back to top button