Тәуелсіздік - 30

Өскеменде өзгеше композиция қойылады

Ел тарихын еңселі ескерткішпен нақыштап, тасқа қашап, кітапқа қаттап отыру болашақ ұрпақ үшін маңызды. Төріңде тарихың таңбаланып тұрса ұрпаққа рух, жауға сес болмақ. Осындай мақсатта ел егемендігінің 30 жылдығына орай Өскеменде отыз метрлік композиция қойылмақ.

Тұғырлы Тəуелсіздіктің 30 жылдығына орай қойылатын композиция Өскемен қаласының қақ төрінен орын алмақ. Ал композиция қазақтың әйгілі Керей, Жəнібек хандары мен Төле, Қазыбек, Əйтеке билерінің құрметіне арналады. Әлеуметтің желідегі жұрт игілікті бастаманы облыс әкім Даниал Ахметов пен Өскемен қаласының басшысы Жақысылық Омар жүзеге асырғалы отырғанын жазды. Алдағы уақытта жүзеге асатын істі аймақ басшысы зиялы қауым өкілдерімен кездесуі барысында таныстырған.

«Қадірменді ағайын, сүйінші! Кеше Шығыс Қазақстанның тарихындағы өте елеулі, ерекше күн болды. Тəуелсіздігіміздің 30 жылдығына Өскемен қаласының төрінде Қазақ хандары Керей мен Жəнібекке, Төле, Қазыбек, Əйтеке билерімізге үлкен, биіктігі 30 метрлік композиция қойылатын болды. Облыс əкімі  өзі бастап болашақ жобаның тұсаукесерін жасады. Жоба біздердің көңілімізден шықты! Композиция Қазыбек би даңғылының бас жағындағы биікке қойылатын болып шешілді! Тəуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз Мəңгілік болсын! Осындай жарқын істеріміз көп болсын деп тілейік!» – деп жазды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қоғам белсендісі Түсіпхан Түсіпбеков.

Ордалы отыз жылды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның тарихының осылай таңбалануы заңдылық.

 

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button