Өскеменде бірегей теннис орталығы ашылды

Өскеменнің спорт кластері тағы бір керемет нысанмен толықты. Кеше облыс орталығында сужаңа үстел теннисі орталығының салтанатты ашылуы өтті. Зәулім ғимараттың тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, жиналған спортсүйер қауымды бірегей нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады.
Бұл орталықты расымен де бірегей деуге болады. Себебі, мұндай үстел теннисі орталығы еліміздің өзге ешбір қаласында жоқ екен. Мұны іс-шараға арнайы келіп қатысқан Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абулғазин да айтты.
– Өскемендегідей теннис орталығын еліміздің ірі мегаполистерінен де таппайыздар. Бұл – шынымен де керемет спорт кешені екен. Әсіресе ғимарат ішінен спортшыларға арналған медицина диспансерін ашу табылған ақыл болыпты. Жалпы, үстел теннисімен шұғылданамын деушілерге барлық жағдай жасалыпты. Ең қуантарлығы, еліміздің Шығысында бұл спортқа қызығушылық танытқан жастар көбейіп келе жатыр екен. Федерация тарапынан қолдан келген көмекті аямаймыз деп уәде беремін. Алдағы уақытта өскемендік жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған курстар өткізу жағын да қарастырамыз. Қажет болса, материалдық жағынан да қолдауға әзірміз. Осындай нысанды салуға көмектескен облыс басшылығы мен мердігер компания өкілдеріне алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді Д.Абылғазин бізге берген сұхбатында.
Федерация басшысы айтқандай, теннис орталығында кәсіпқой спортшылар мен әуесқойларға барлық жағдай жасалған. Орталықтың басты ерекшелігі – мұнда спортшыларды оңалтуға және физиотерапия процедураларына арналған заманауи аппараттармен жабдықталған медицина диспансері орналасқан.
Жалпы, біздің елде үстел теннисі – ең танымал әрі бұқаралық сипатқа ие спорт түрлерінің бірі. Деректерге сүйенсек, бүгінде Шығыс Қазақстанда ғана 450-ден астам теннис секциясы жұмыс істеп тұр екен. Қазір онда 11 мыңға жуық адам спорттың осы бір түрімен шұғылдануда.
Спорт нысанының басшылығы хабарлағандай, жаңа мамандандырылған үстел теннисі орталығының екі үлкен жаттығу залы бар. Онда ұзын саны 58 теннис үстелі қойылған. Яғни, бір мезетте 120-ға жуық бала теннис ойынының қызығына бата алады деген сөз. Сонымен қатар залдарда 300-ге жуық көрермен орны бар.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде бұқаралық спортты дамытуға және спорт инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударуда. Осы бағытта біздің облыста да айтарлықтай шаруалар атқарылып жатыр. Сондай жұмыстардың бірі деп Өскеменде осындай кең әрі жарық теннис орталығының пайдалануға берілуін айтуға болар. Тіптен, бұл нысанды теннис орталығы емес, теннис сарайы десек те артықтық етпейді. Себебі, нысанның жабдықталуы әлемдік стандарттарға сәйкес келеді және ең жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды қабылдауға мүмкіндігі бар. Мен бұл жерден түлеп ұшқан спортшылар болашақта халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғайтынына кәміл сенемін. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жерде тек балалар мен ересектер ғана емес, сондай-ақ спорттың осы бір түріне ден қойған ерекше қажеттіліктері бар адамдар да теннис ойнай алады. Бұл – өте маңызды. Барлығыңызды осындай керемет спорт нысанының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын, – деді салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметов.
Айта кетейік, жаңа орталықта арнайы ашылған үстел теннисінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейтін болады. Онда кәсіби жаттықтырушылар тартылып, балақайларға үстел теннисінің әліппесін үйретпек. Бұған қоса төрт қабатты ғимарат ішінде бірнеше киім ауыстыру бөлмесі, тренажер залы мен буфет те бар екенін де айту керек.
Теннис орталығының ашылу рәсімінен кейін облыс әкімі Даниал Ахметов пен мәртебелі меймандар жақында ғана аяқталған үстел теннисінен балалар мен жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионатының жүлдегерлерін марапаттау салтанатына қатысты.
Нұржан Кенжеұлы