Ата Заң

Өркениетті елдердің қатарына жетелейді

Ата Заң – тәуелсіздігіміздің, тұрақтылығымыз бен татулығымыздың негізі. Мемлекет дамуы Конституцияда көрсетілген қағидаларға байланысты. 1995 жылы халықтың талғам-талқысына ұсынылған Ата Заңымыз қабылданды. Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан осылайша егемендік құқығын әлемге жариялап, демократия жолын ұстанған ел екенін дәлелдеді. 

Осы бір тарихи оқиғадан бері 27 жыл уақыт өтті. Отыз жылға жетер-жетпес кезеңде мемлекетімізді төрткүл дүние таныды. Алайда ауыртпалықтар аз кездескен жоқ. Қиындықтан сабақ алып, уақыт ағымына бейімделдік. Талай белесті бағындырып, елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл – алғашқы кезекте тәуелсіздігіміздің жемісі. Ал Тәуелсіздіктің тірегі – Конституция.

Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз бапты қамтыған Ата Заңның алғашқы бабы «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және аданың өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген сөзден басталады.

Халықтың еркін көрінісін тапқан бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан қазіргі кездегі басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін көтеру.

Бастысы, ел Президентінің қоғамды ілгерілету мақсатынан туындаған барлық Жарлықтары мен қабылдаған барлық бағдарламалар осы Ата Заңнан бастау алады.

Тәуелсіз мемлекетіміздің қазіргі Конституциясын халықтың болашаққа сенімін арттыратын елге ортақ құндылық деп түсінеміз, өйткені тәуелсіз елдің басты құжаты қоғам дамуының сұранысына сай конституциялық нормалармен белгіленді.

Заңы үстем елдің мерейі жоғары, ынтымағы берік болмақ. Жаңа Қазақстанды құруды мақсат тұтқан кезеңде Конституция ел дамуының негізі болмақ.

Нұркелді Ермаш,

Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасының прокуроры

 

 

Осы айдарда

Back to top button