Мәдениет

«Қобызшы Қарагөз» дегеннен басқа атағым жоқ

«Қобызшы Қарагөз» дегеннен басқа атағым жоқ


«Осы Қарагөз дейтін қобызшы бар еді. Қазір қайда екен?». Бірде редакциямызға қоңырау шалған бір оқырманымыз осындай сауал қойды бізге. «Қарагөз… Өзі қобызшы дейсіз бе?» деп күмілжідік біз. Сосын, «ұялған тек тұрмас» дегендей, «Айтыңызшы, фамилиясы кім?» деп сұрадық. «Фамилиясын ұмыттым, айналайын. Бірақ керемет өнерлі жан еді ғой. Қайда жүр екен?». Тұтқаның арғы жағындағы үлкен кісінің үмітін үзгіміз келмей, «иә, қазір қайда екенін мәдениет басқармасынан сұрастырып, біліп қояйық» дедік. Сөйтсек, оқырманымыздың бізден сұрап жатқаны – Шығыс өңірінің алғашқы қобызшы қызы Қарагөз Болатова екен ғой. Таяуда Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде тұратын Қарагөз апайды арнайы іздеп барып, әңгімелескен болатынбыз.

Өнерді ерекше сүйген едік

Тегінде «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген текке айтылмаған ғой. Қарагөз апайды көрген жерден бірден таныдым. «Дәу де болса Қарагөз апай осы» дедім іштей. Өйткені, ол кісінің іс тігіп отырған отырысының өзі өнер адамы екенін айтып тұрғандай еді маған. «Жақсыда жаттық жоқ» демекші, менің облыстық газеттен екенімді білген соң, бірден әңгімесін бастап кетті.

– Мен 1946 жылдың мамыр айында Балықшы ауылдық округіндегі Шелқарын деген жерде дүниеге келіппін. Егізбіз. Сыңарым Қапантай бүгінде екі қыз, екі ұлдың анасы, немерелері де бар. Балалары шетінен оқымысты болып, ғылым жолын қуды. Қаратоғай ауылындағы орта мектептің сегізінші сыныбын бітіргеннен соң, 1964 жылы Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің қобыз сыныбына оқуға түсіп, оны 1968-ші жылы бітіріп шықтым. Өзгелердей емес, училищеге алғаш түскенде-ақ нота білмесем де, қобызда бірден ойнап кеттім. Бұл қабілетіме ұстазымның өзі таңғалатын еді. Жалпы, қобыз қасиетті де киелі ғана емес, өте қиын аспап қой. Барлық аспаптарды сырттай оқып-ақ меңгеруге болатын болса, қобызда сырттай оқу деген болмайды екен. Училищені бітіргеннен кейін Күршім ауданындағы Құйған ауылындағы мектепте бір жыл жұмыс істеп, Марқакөлге ауыстым. Марқакөлдегі мектепке орналасқаныммен, жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Күнде концерт қоямыз деп анда кетеміз, мында кетеміз. Өзі оқушылардан да, ата-аналардан да әбден ұят болды. Ақыры өнер жолын таңдап, Мәдениет үйіне орналасуға тура келді. Оның үстіне Шығыс өңірі бойынша мен бірінші қобызшы екенмін. Ол кезде Семей өз алдына жеке облыс қой. Бір атап айтарлығы, ол уақытта мәдениет саласында жүргендердің барлығы таңның атысы, күннің батысы тек шығармашылықпен айналысатын. Өнер десе ұйқыны да, күлкіні де ұмытып, ішкен асымызды жерге қоятын едік. Барлығын өзіміз жасайтынбыз. Қыл аяғы спектакльдерге киетін костюмдерді де өзіміз тігіп алатынбыз. Кішкентайымнан қолым керемет шебер болды. Өйткені, «Шеше көрген тон пішер» дегендей, анамның өзі бармағынан өнер тамған жан еді. Спектакльдерге киетін киімдердің барлығын мен өзім жөндей беретінмін. Ол кезде артық істеп қойдым деп санасу, ақшаға істеу деген ой бізде мүлдем жоқ. Тек өнерімізді көрермен жылы қабылдасыншы, концертіміз немесе спектакліміз сәтті шықсыншы деп қана еңбек ететінбіз. Әрі өзім спектакльдердің барлығында басты рөлді ойнайтынмын. Жалпы, сахнада ешқандай рөл таңдап көргенім жоқ. Трагедиялық па, комедиялық па, барлық рөлдерді ойнай беретінмін. М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклінде Қарагөзді, «Махаббат машақаты» дейтін спектакльде Тегене ханымның рөлін, «Дауылдан кейін» қойылымында мұғалиманың рөлін, Қалтай Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын» атты комедиясында Әлима деген кейіпкердің образын сомдадым. Оның үстіне жадым да керемет болды. Кез келген спектакльдің сөзін бірден жаттап алатын едім, – дейді Қарагөз апай.

Марқакөлдегі жылдарын айтқанда Қарагөз апайдың жанары әлдебір қуанышқа толғандай көрінді маған. Әлде ол алаулаған жастық шаққа деген сағыныш па?

– Марқакөлдің ең үлкен қасиеті – қай жерде өнерлі адам болса, соны іздеп, тауып алып келетін еді ғой, – дейді кейіпкеріміз әңгімесін әрі жалғастырып. – Шәкен Қабдолдина деген биші қызымыз болды. Біреудің жалғыз қызы. Алматыға оқуға барғанда, Шара Жиенқұлованың қолына түскен ғой. Бірақ әке-шешемді сағындым деп, жылға жетпей қайтып кеткен екен. Екеуіміз көп спектакльдерде қатар ойнадық. Керемет әдемі болатын. Қазір көзі тірі, Зайсанның Тұғылында тұрады. Содан кейін Гүлнар Кемешова деген қыз болды. Өмір бойы Марқакөлде Мәдениет үйінің меңгерушісі болған Нәбиолла Кемешовтің қарындасы еді. Үшеуіміздің жұбымыз жазылмайтын. Сол Марқакөлде жүріп үшеуміз де тұрмысқа шықтық. Үшеуіміз де өнерге шын берілген жандар едік. Әсіресе, халықтық театр атағын алар кезде атқарған жұмысымызға әлі күнге таңғалам. Сол кезде Шәкен мен Гүлнардың да, менің де аяғымыз ауыр. Түнімен Мәдениет үйінде спектакльге, концертке дайындаламыз, костюмдердің кем-кетігін жөндейміз дегендей. Шаршасақ, бір бұрышта тұрған жиналмалы темір төсекке үшеуіміз кезек-кезек тынығып аламыз. Сөйтіп, жүріп халық театры атағына қол жеткізіп едік. Ол кезде ауданның басшысы Мұрат Дәуленов деген кісі еді. Мәдениет үйінің өнерпаздары тоқсан сайын сол кісінің алдына барып есеп беретін. Байқауымша, ол уақытта мәдениет саласына керемет қыруар қаржы бөлінбейтін де. Бірақ ол жағында біздің шаруамыз жоқ, оған бас қатырмаймыз. Тек өнерді ғана білетінбіз.

Қарап отырсам, қазіргілерде ондай энтузиазм жоқ қой. Кейде өнер мен мәдениеттің құны арзандап кеткендей көрінеді маған, – дейді апайымыз мұңайғандай болып.

«Сарын» осылай өмірге келген

Кейіннен Қарагөз Болатова Күршімге ауысады. Мектепте жұмыс істейді. Ал 1976 жылы қазақ өнерінің туын биік көтеру үшін Өскеменге келеді. Қаладағы Металлургтердің мәдениет сарайында жаңадан құрылған қазақ оркестрін құруға белсене атсалысады.

– Негізінен оркестрді құрып, басы-қасында жүрген Марат Сақатов болатын. Домбырашылардың дені Өскемендегі пединституттың студенттерінен құралған еді. Сол кезде оркестрдің құрамында Аман Лұқпанов, Азат, Айбар деген жігіттер болды. Бірақ сол қазақ оркестрін дамытуға ешкім құлық таныта қоймады. Оның үстіне екі баламен қашанғы көшіп-қонып жүресің. Мұнымен қоса мойныма төрт қобыз мініп қалды. Ол кезде ДКМ-де барлығы стандарт қобыздар болатын. Өте сапасыз жасалғандықтан, мойнының бәрі шығып-шығып кетуші еді. Содан аудандағыларға «төрт қобызды кім әкелсе, мен сол жаққа барам» деп жар салдым, – дейді Қарагөз апай сол жылдарды жымия еске алып. – Содан Марқакөлден Нәбиолла Кемешов, Тарбағатайдан Кеңес Байтоғасов, Тавриядан Мәдениет үйінің директоры Николай Шляхов хабарласты өздеріне шақырып. Сөйтіп жүргенде, Күршімнен Тұраров деген Мәдениет үйінің меңгерушісі төрт қобызды салып, арнайы автобус жіберіпті. Қобызды төлеп, дайын автобуспен Күршімге кеттім де қалдым. Содан Күршімде 23 жыл қызмет істедім. Оның ішінде 10-15 жылдай аудандық Мәдениет үйінің директоры болдым, – дейді Қарагөз Болатова.

Кейіннен оған облыстық мәдениет басқармасының маманы Нұрбану Кісебаева фольклорлық ансамбль құру туралы ұсыныс айтады. Бұл ұсыныс Қарагөзге де ұнайды. Алматыға өзі барып, қобыз, домбыра секілді ұлттық аспаптарды жасаттырып алып келеді. Осылайша 1986 жылы Күршім жерінде «Сарын» атты фольклорлық ансамбль дүниеге келеді.

– Бәріміз ақылдаса келіп, фольклорлық ансамбльдің атын «Сарын» деп атауды жөн көрдік. «Сарын» әуен дегенді білдіреді ғой. Мысалы, қыз ұзатылғанда сарын айтады. Әрі құлаққа да жағымды. Ансамбльде Жомарт Әміренов, Марат Бірлібаев, Серікхан Ахметов сынды жақсы музыканттар көп болды. Олардың жоғары музыкалық білімдері болмаса да, ешбір кәсіби музыканттардан бір де кем емес еді. Сонымен қатар, Тойжамал Тасжанова, Сандуғаш Тоқтарова, Сағдат Жандаралова деген әнші қыздарымыздың да дауыстары құлаққа өте жағымды болатын. Ансамбль облыстың барлық аудандарын аралады. Біздің ең көп баратын жеріміз – Зайсан, Тарбағатай, Самар аудандары еді. Сондай-ақ, бір жылдары Румыния, Молдавия секілді елдерге де гастрольдік сапармен барып қайттық. Бұл өнер ұжымы да халықтық фольклорлық ансамбль деген атаққа ие болды, – дейді Қарагөз Болатова. Оның айтуынша, Күршім ауданында «Сарын» ансамблінің жұрнағы әлі де бар көрінеді.

«Қобызшы Қарагөз» дегеннен басқа атағым жоқ

Сахна кейде түсіме кіреді

Қарагөз Болатова 2001 жылы Ұлан ауданының Мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Осындағы «Бескөл» ансамблінің бірінші қобызшысы болады.

– Аудандық Мәдениет үйлерінің өзінің жазылмаған заңы бар. Мұнда жұмысқа орналасқан соң, «мен қобызшымын» деп, қобызда ғана отырмайсың. Сен ән айтасың, шамаң келсе, би билейсің, спектакльге де қатысасың, қолыңнан келсе, киім де тігесің, – дейді Қ. Болатова.

Тумысынан бесаспап Қарагөз Болатова Ұлан ауданының да өнері мен мәдениетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосады. 2005 жылы зейнетке шыққан соң да, 6-7 жыл мәдениеттің маңайында жүреді. Тіпті, костюмерша болып, таңертең керек деген дүниені түнімен жасап шығып, әртістерді сахналық киімдермен қамтамасыз етіп отырады.

Қазіргі күні Қарагөз апайдың өзінің жеке тігін шеберханасы бар. Зейнетке шықты, мәдениеттен кетті деген жәй аты ғана. Бұл туралы өзі:
– Өнерден кеткен түгім де жоқ. Өнердің бір саласынан кеткеніммен, екінші саласында әлі жүрмін. Кейде аудандық Мәдениет үйінің тапсырыстарымен сахналық киімдер тігемін, – дейді.

Әңгіме барысында Қарагөз апай республикаға есімі кеңінен танымал актер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Досхан Жолжақсыновтың өзінің шәкірті екенін де айтып қалды.

– Өзі радиодан берген бір сұхбатында менің өнердегі алғашқы ұстазым Қарагөз Болатова деп айтып, мойындаған да екен. Бірақ Досханның өзі сол кезде болайын деп тұрған бала еді ғой. От болып жанып тұрған болатын. Мүмкін мен оның тек дұрыс арнаға түсуіне ықпал еткен болармын, – дейді.
Қарагөз апай кейде қасиетті сахнаның түсіне кіретінін де айтады.

Әңгіме соңына қарай қобызшыдан қандай мәдени атағы барын да сұраған едік.

– «Қобызшы Қарагөз» дегеннен басқа ешқандай атағым жоқ. Қандай да бір атақ алуға өзім де құлық танытпаған екенмін. Десе де, ешкімге де өкпем жоқ. Кезінде қай аудан болмасын құшақ жайып қарсы алатын. Тіпті, «Қарагөзге айтыңдар, не керек? Үй керек пе, мал керек пе? Сұрасын, ұялмасын», – деп сәлем де айтып жіберетін аудан басшылары болды. Бәріне рақмет! -деді.

Іштей «бар саналы ғұмырын өнерге арнаған жанның еңбегін көзі тірі кезінде бағалағанға не жетсін» деген ойда қалғанымызды да жасырғымыз келмейді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button