ҚоғамТОП

Обырды диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістері қолданылады

Колоректальды (тоқ ішектің) қатерлі ісіктің алдын алу  және оны ерте анықтау өте маңызды. Өйткені обырдың бұл түрі Қазақстанда жетекші онкологиялық патологиялардың бірі болып қала береді. Жыл сайын елде үш мыңнан астам жаңа жағдай тіркеледі. Диагноз негізінен 50 жастан асқан адамдарға қойылады. Әйелдерде қатерлі ісіктің бұл түрі ерлерге қарағанда біршама сирек кездеседі. 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында тоқ ішектің қатерлі ісігінің 245 жағдайы тіркелген, олардың 171-і ерте сатысында анықталды.

 

Диагностиканың ең озық әдісін қолданады

Облыстық көпсалалы онкология және онкология орталығының жетекші онколог мамандары ішек қатерлі ісігі туралы хабардар болу айлығы аясында онкологиялық орталықта қолданылатын колоректальды обырды диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістері туралы айтып берді.

  • Қазақстанда обырдың бұл түрін ерте анықтау Ұлттық скринингтік бағдарламаға енгізілген. Тексеру кезінде тек қатерлі ісік қана емес, сонымен қатар осы органның созылмалы аурулары да анықталады. Алғашқы стадиясында белгілі болған обырды емдеуде қазір көптеген заманауи технологиялар бар. 2018 жылдан бастап біз елімізде алғашқылардың бірі болып виртуалды колоноскопия әдісін қолданып келеміз. 2017 жылы онкоорталық 128 тілікті  КТ аппаратына қол жеткізген болатын. Осы озық аппаратта арнайы бағдарламаның көмегімен  ішек эндоскоп арқылы қаралады. Ішекке ешқандай аспап енгізілмейді, бірақ органның ішінде жүргендей, виртуалды түрде  ішектің қатпар-қатпарына дейін көрініп тұрады. Диагностиканың бұл түрі бүгінгі таңда ең озық әдіс болып табылады, – дейді орталықтың директоры Гүлмира Сағидуллина.

 

Науқастар бұрын зерттеуден бас тартатын

Тоқ ішек обырын анықтаудың алғашқы кезеңі – скринингтік тексеру кезінде  пациенттер гемокульт-тест тапсырады. Егер оның нәтижесі оң болса, науқас одан әрі тексеруге жіберіледі. Ең алдымен, бұл – колоноскопия және биопсия. Алайда колоноскопия – аса жағымсыз процедура. Сол себепті кейбір пациенттер бұл зерттеуден үзілді-кесілді бас тартады екен, тіпті қолхат жазып беруге дейін барған.  Қазір облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында колоноскопия ауыруды басатын препараттарды (седация) қолдана отырып жүргізіледі, яғни процедура пациенттер үшін әлдеқайда жеңіл өтеді. 2023 жылы өңірде колоноскопия әдісімен 947 зерттеу жүргізілсе, 46 пациент седативті препараттарды қолданған. 2023 жылдың 12 айында колоректальды қатерлі ісік скринингімен өңір тұрғындарының 96,1%-ы қамтылды. 1148 адамның гемокульт-тестінде оң нәтиже байқалды, қатерлі ісіктің 32 жаңа жағдайы анықталды.

–Виртуалды колоноскопия немесе компьютерлік томографиялық колонография – бұл КТ аппаратының көмегімен жасалатын және бүкіл тоқ ішекті кешенді бағалауда қолданылатын сәулелік диагностикалық әдіс. КТ колонографиясын орындау кезінде жоғары диагностикалық дәлдікке қол жеткізуге болады, ішектің әртүрлі ауруларын, полиптерді анықтауға мүмкіндік береді. Қолайлылығы – науқасқа ешқандай седативті препарат енгізілмейді, аз инвазивті, науқас КТ бақылауында жатады. Науқас бірнеше рет сканерлеуден өтеді. 2023 жылы виртуалды колоноскопиямен 67 зерттеу жасадық. 27 науқасты ары қарай тереңдетілген зерттеуге жібердік,  – деп толықтырды онкологиялық орталықтың консультативтік-диагностикалық бөлімшесінің эндоскопия маманы Нұргүл Өтебаева.

 

 

Заманауи зерттеулер тегін жасалады

 

Мамандардың түсіндіруінше, онкологияға күдігі бар барлық пациенттерге заманауи зерттеулердің кез келген түрі тегін жасалады. Ондай пациенттер скрининг кезінде анықталады немесе өздерінде күдік болса, учаскелік терапевтің жолдамасымен тегін тексеріледі. Сонымен қатар осындай заманауи құралдармен тексерілгісі келген кез келген адам клиникаға келіп, процедуралардан ақылы түрде өте алады.

 

Эндоскопиялық орталық ашылады

Келешекте клиниканың өзінің эндоскопиялық орталығы ашылады екен.

–Қазір орталықтың хирургиялық корпусының бірінші-үшінші қабаттарын жаңғырту жобасы қолға алынбақ. Бүгінде облыстық құрылыс басқармасы конкурстық процедураларды жүргізіп жатыр. Мердігер анықталғаннан кейін, тамыз айына қарай жаңғырту жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталуға тиіс. Бөлімше қазір жұмыс істеп тұр. Алайда жаңғыртудан кейін жаңа орталық барлық заманауи талаптарға сәйкес болады, ең алдымен, пациенттердің қауіпсіздігі, инфекциялық жағынан, препараттармен қамтылу жағынан ескеріледі. Сол кезде өзіміздің эндоскопиялық орталықты ашу жоспарымызда бар, – деді орталықтың директоры Гүлмира Габдулқызы.

Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының онкологтары аш ішектің, тоқ ішектің, тік ішектің ауруларына аз инвазивті – лапароскопиялық және эндоскопиялық операциялардың барлық түрлерін жүргізеді. 2023 жылы ішекке 200-ден астам ота жасалды, олардың 60%-ы аз инвазивті әдістермен жасалды.

 

Шетелде білімін жетілдіреді

       Бір қуанарлығы, онкологиялық орталықтың озық заманауи құралдармен жабдықталуымен қатар мұндағы мамандардың біліктілігін арттыруға да ерекше мән беріліп келеді. Орталықтағы 70 дәрігердің 51-і шетелде білімдерін жетілдірген.

Осы айдарда

Back to top button