Қоғам

Облысымызда маңызды мерейтойларға қатысты 4500-ге жуық шара өтеді

Облысымызда маңызды мерейтойларға қатысты 4500-ге жуық шара өтеді

Кеше облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар облыстық ақпараттық орталықта рифинг өткізіп, журналистер қауымын ел көлемінде аталып өтілетін негізгі мерейтойларға арналған облыстық іс-шаралар жоспарымен таныстырады.
– 2015 жыл – еліміз үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, сондай-ақ, аймағымызда ерекше ден қойылып отырған Ұлы Абайдың 170 жылдығы сынды ауқымды мерейтойлар жылы болғалы отыр. Осыған байланысты бүгінгі күні мемлекеттік деңгейде ұлттық жоспар жасалған, соған сәйкес өңірде өткізілетін барлық шаралардың жоспары дайындалып, оны облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бекітті. Барлық жоспарлар тиісті қаржымен қамтылған, – деді Жақсылық Омар.
Осы орайда мерекелерді лайықты түрде атап өту үшін облыста 500 мыңдай адамның қатысуымен 4500-ге жуық іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Барлық қалалар мен аудандарда өтетін мәдени, ғылыми және спорттық шараларға әлемнің жүзге жуық елінен өкілдер қатыспақ.
– Шығыс Қазақстан әркез тамаша идеялардың бастамашысы болып келеді. Біз биыл да бірнеше ауқымды шаралардың басын ашамыз деген ойдамыз. Елбасының Жарлығымен 2015 жыл – Ассамблея жылы болып жарияланған-ды. Осыған сәйкес облыста мерейтойлық іс-шараларды өткізу жоспары әзірленді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Атап айтсақ, «Ассамбеяның 20 жылдығына – 20 жарқын іс» эстафетасы бастау алады, «Достық керуені» акциясы жалғасын табады, ұлттық-мәдени бірлестіктер арасында «Күшіміз – бірлігімізде!» атты спартакиада өтеді, облыстағы 9 Достық үйінің жұмысы ширап, ұлтаралық келісім тақырыбына арналған әндердің байқауы болады. Ал бүгін Шығыс Қазақстан еліміздің барлық облыстарында бір уақытта ұйымдастырылатын «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басталуы» салтанатты синхрон-акциясына қатысады. Этноауылда өтетін бұл шарада жұртшылық шаңғы жарысын, коньки мен сырғанаудағы флешмобты тамашалап, «Достық» дастарқанынан дәм тарта алады. Оның негізгі өзегі Ассамблея жылын «Ынтымақтастық, келісім мен достық» жылы, «Мәңгілік ел – бабалар арманының орындалуы» жылы, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жылы, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Бейбітшілік пен қоғамдық келісім» идеялары қағидаттарын таныстыру жылы деп жариялау болмақ. Жыл көлемінде науқас, мүмкіндігі шектеулі балаларға, соғыс ардагерлеріне, көпбалалы аналарға арналып қайырымдылық концерттері, қаржылай көмек жинау акциялары өткізіледі.
– Ата заңның 20 жылдық мерейтойына қатысты ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тақырыптық дәрістер, патриоттар форумы, мерекелік шерулер, дөңгелек үстелдер жоспарланған. Негізгі шаралардың бірі ретінде заң органдарының және барлық мәслихаттардың өкілдері қатысатын «Жеті Жарғыдан Конституцияға дейін» акциясы ұйымдастырылмақ. Конституция күні 16 жасқа толған азаматтарға төлқұжат, жеке куәлік тапсыру салтанаты, Өскеменнің іргесіндегі рәміздер тауында мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімдері өткізіледі, – деген Жақсылық Омар аталмыш шараларды мәнді атап өту керектігін баса айтты.
2015 жыл – адамзат үшін айрықша маңызды жыл. Қазақстан биыл көршілес елдермен бірге Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын тойлайды. Облыс атынан Астанада өтетін салтанатты жиынға он бес, сондай-ақ, Мәскеудегі Қызыл алаңда өтетін жиынға екі ардагер қатыспақ. Барлық ардагерлерді қала мен аудан әкімдері де ұлықтайтын болады. Қазіргі кезде облыста 614 соғыс ардагері, 27918 тыл еңбеккері бар. «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған 497 қазақстандықтың 109-ы, яғни, әрбір бесіншісі – Шығыстың тумалары. Мұнымен қоса, өңірімізден 22 «Даңқ» орденінің толық кавалері шыққан.
– Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы аясында барша ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Пәтер кезегінде тұрған ардагерлерге баспана бөлініп, материалдық көмек, «Жеңістің 70 жылдығы» мерейтойлық медальдары табысталады. Атап айтқанда, соңғы жылдары ғана облыста 214 ардагер тұрғын үймен қамтылған. Қалған 4 майдангердің баспана мәселесі алдағы мамыр айына дейін шешіледі. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен 100 мың теңге көлемінде бірреттік ақшалай аударым жасалып, әр қала, аудан аумағында тұрып жатқан ардагерлерге жергілікті бюджет есебінен қаржылай қолдау көрсетіледі, – деді аймақ басшысының орынбасары.
Жеңістің 70 жылдығы шеңберінде тағы бірқатар игі істер көзделуде. Мәселен, 17 ақпанға дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының есебінен әрбір ардагерге дәрігерді дереу шақыратын электронды құрылғылар таратылады. Ұлы Отан соғысына арналған облыстық сайт іске қосылады. Сонымен қатар, батыр майдангерлер атын иемденген көшелер, білім ошақтары, елді мекендер және ескерткіштер мен обелисктер жөндеуден өтіп, абаттандырылады.
– Ардагерлерді ардақтау арқылы, олардың естеліктерін жариялау арқылы біз өскелең ұрпаққа соғыстың қандай қасірет әкелетінін көрсетіп, ерлік пен қайсарлықты, отансүйгіштікті дәріптейміз, – деді осы ретте Ж. Омар.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы біздің өңірде кең ауқымда аталып өтеді. Облыс бойынша өткізілетін іс-шаралардың жалпы жиыны қырыққа жуық. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық форумы мен «Бірлігіміз жарасқан» халықаралық достық этнофестивалі, қазақша күрестен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы және дзюдодан Талғат Ақтаевты еске алуға арналған спорттық турнирлер қазақ мемлекеттілігі мерейтойының аясында ұйымдастырылады.
Ұлы Абайдың 170 жылдығы облыс көлемінде жоғары деңгейде мерекеленбек. Тарқата айтқанда, хакімнің туған жері – Жидебайда ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, облыстың барлық мәдени мекемелері мен білім ордаларында ақынды ұлықтау жиындары өтеді. Мерейтойды атап өтуге аймақтың бизнес және коммерциялық емес ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер, көрнекті өнер және мәдениет қайраткерлері жұмылдырылатын болады.
– Мемлекеттік дең¬гейде аталып өтілетін мерекелер¬ді лайықты ұйымдастыруға тиіспіз. Аталған іс-шаралардың идеологиялық маңызы өте зор. Алдымызда жауапты кезең тұр. Мерейтойлық шараларды жоғары деңгейде, сапалы өткізу баршамызға тікелей бай¬ланысты, – деді брифинг қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button