Білім

Облысымызда бір күнде үш мектеп ашылды

Облысымызда бір күнде үш мектеп ашылды

Білім күні Глубокое ауданының Уварово ауылында барлық стандарттарға сәйкес келетін жаңа мектеп салтанатты жағдайда ашылды. Бұл оқиғаны ауыл тұрғындары көптен күткен болатын. Сондықтан жаңа ғимарат алдындағы мектеп линейкасы педагогтар үшін де, оқушылар мен олардың ата-аналары үшін де нағыз мереке болды. Реті келгенде айта кетейік, биылғы 1-қыркүйекте облысымызда үш жаңа оқу орыны балалар үшін есіктерін айқара ашты. Оның бірі – осы мектеп, қалған екеуі Бесқарағай ауданында ашылды. Облыс білім басқармасы баспасөз қызметінің таратқан деректеріне сүйенсек, өңірімізде жылдың аяғына дейін 13 мектеп пайдалануға берілмек. Қазіргі уақытта облысымызда 23 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
-Уварово орта мектебі нағыз патриоттарды тәрбиелеп отыр,-деді облыс әкімінің орынбасары. – Биыл мұндағы ҰБТ көрсеткіші 95 балға жетті. Бұл облыс бойынша ең үздік нәтиже. Осы орайда Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, қазір Премьер-министрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВҚА ерекше алғыс айтқымыз келеді. Негізінен сол кісінің қолдауымен 2014 жылы осы оқу орнының іргетасы қаланды. Енді бүгін оқушыларды құшақ жая қарсы алып отыр. Көптілділік жөніндегі аймақтық бағдарламаның тап осы жерде жарқын көрініс табатынына мен кәміл сенемін.
Линейканың үш тілде өткізілгенінен-ақ облыс әкімі орынбасары сөзінің ақиқаттығына көз жеткізу қиын емес еді. Уварово мектебі Елбасы тапсырмаларын орындауда жақсы табыстарға жетіп келеді. Ал педагогтар құрамы өз түлектерінің болашақта нағыз кәсіпқой маман болып шығуына бар күш-жігерлерін жұмсауда. Мектептің қол жеткізген табыстары елеусіз қалған емес. Білім ордасы аймақтық түрлі байқауларда бірнеше рет жүлдегер атанды. Ал биыл тағы бір мәрте «Шығыс Қазақстан облысының үздік мектебі» атағын жеңіп алды.

Облысымызда бір күнде үш мектеп ашылды

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ тамыз кеңесінде Уварово мектебінің директоры Лика Бозтаеваға құрметті атақпен бірге 17 миллион теңгенің сертификатын тапсырды.
Линейкада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Шерубаев, облыстық ата-аналар кеңесінің өкілі Екатерина Кулькина, мердігер-фирма – «Элхон» ЖШС-нің директоры Ұлықбек Тумашинов сөз сөйлеп, мектеп педагогтары ұжымы мен оқушыларын және олардың ата-аналарын жаңа оқу орны ғимаратының пайдалануға берілуімен шын жүректен құттықтап, шәкірттердің білім-ғылымды игеруде зор табыстарға жетуіне тілектестігін білдірді.

***
Тағы бір оқу жылының басталғанын әйгілеп, аймағымыздың барлық мектебінде алғашқы қоңыраудың сыңғыры естілді. Ерекше мерекелік рәуіште ұйымдастырылған осындай шараның біріне, атап айтқанда, Өскемен қаласының Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінде өткен алғашқы қоңырауға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, оқушылар мен олардың ата-аналарын, сондай-ақ, мұғалімдер қауымын қуаныштарымен құттықтады.
Жалпы, биыл аталмыш білім ордасының табалдырығын 175 бала алғаш рет аттап отырғанын айту керек. Бұл балақайларға арнап жеті сынып жиынтығы құрылыпты. Ал барлығы Оралхан Бөкей атындағы мектеп-лицейде бүгінде 60 сынып жиынтығы бар екен.
– Мектебіміздегі сынып жиынтықтарының саны былтырғымен салыстырғанда төртеуге көбейді. Қазір біздегі оқушылардың саны 1 517 баланы құрап отыр. Және бұл соңғы ақпарат емес. Себебі, балаларын мектебімізге оқуға беруге ниет білдірген ата-аналар әлі де көп. Бүгін ресми түрде оқу жылы басталып кетсе де, біз құжат қабылдауды тоқтатқан жоқпыз, – дейді білім ордасы директорының оқу ісі бойынша орынбасары Шынар Мәжінова.
Осы орайда ескерер бір жайт, биыл Оралхан Бөкей атындағы мектепке аталмыш ықшамауданда салынып, алайда әзірге құрылысы кешеуілдеп жатқан №46 қазақ мектебінің оқушылары да уақытша кіріп отыр.
Шынар Мәжінованың айтуынша, оқушылар санының осылайша артуы салдарынан мектептегі білім беру үрдісі үш ауысымдық кестеге көшіріліпті.
Дегенмен, мұндай қолайсыздық тек бірінші тоқсанда ғана болмақ. Жаңадан салынып жатқан №46 мектептегі жұмыстар қараша айында аяқталады дейді мамандар. Яғни, №44 мектепке уақытша көшірілген оқушылар екінші тоқсанды жаңа білім ордасында бастайтын болады. Мұны өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да атап өтті.
– Қадірлі ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар! Сіздерді облыс басшылығы атынан биылғы оқу жылының басталуымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Биыл еліміздің барлық өңіріндегі сияқты біздің облыста да білім саласында көптеген игі істер атқарылуда. Соның ең бастысы – аймағымызда 30-дан астам мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл республика көлеміндегі ең жоғарғы көрсеткіштің бірі. Осының барлығын мемелекетіміздің, Елбасымыздың қамқорлығы деп білуіміз керек. Ұстаздар қауымына айтарымыз, күннен-күнге, жылдан-жылға білім берудің сапасын жоғарылатып, ертеңгі мемлекеттің іргетасын берік қалайтын бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатуда талмай еңбек ете беріңіздер. Сіздердің көз майын тауысып ізденіп, берген білімдеріңіздің арқасында келешекте осы оқушылардан Қазақстанның абыройын асқақтатып, көк байрағын биікте желбірететін, ел тұтқасын ұстайтын азаматтар өсіп шығатынына кәміл сенеміз. Барлығыңызды осынау жарқын мерекемен, жаңа оқу жылының басталуымен тағы бір мәрте шын жүректен құттықтаймын, – деген облыс әкімінің орынбасары мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған бүлдіршіндерге «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітаптарды тарту етті.
Алғашқы қоңырау рәсімінде, сондай-ақ, мектеп директоры Таңатқан Түменбаев, облыстық ақсақалдар алқасының мүшелері мен ата-аналар қауымы сөз сөйлеп, оқушыларға, оның ішінде әсіресе білім нәрімен енді ғана сусындағалы отырған бүлдіршіндерге ақжарма тілектерін жеткізді. Ал Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаментінен келген қонақтар мектеп оқушыларына спорттық керек-жарақ пен киім-кешек тарту етті. Шара барысында қонақтар назарына мектеп оқушылары әзірлеген концерттік бағдарлама да ұсынылды.
Жалпы, биыл облысымыз бойынша 20 мыңнан астам балақай бірінші сыныпқа қабылданғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, жаңа оқу жылының соңында Шығыс Қазақстанның білім ордаларынан тоғыз мыңға таяу түлек түлеп ұшпақ, оның 197-сі – «Алтын белгіден» үміткер.
Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button